Жан аямай еңбек ететін уақыт келді

Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру

dsc_0002

Нұрғали НҮСІПЖАНОВ,

Қазақстанның халық әртісі

Жан аямай еңбек ететін уақыт келді

Егемендіктің тағы бір таңы жаңа күн жаңалығын жария етті. Ол жаңалық, біздер, өнер адамдары, көптен күткен, болашаққа бағдар беретін Елбасының рухани жаңғыру жаңалығы еді. Жаңғырудың ерекшелігі – еліміздің алдағы уақыттағы мықты, біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басу, бұқаралық сананы қалай өзгерту жолдары «тайға таңба басқандай» етіп, анық айтып, анық көрсетілген.

Президентіміздің арман-тілегі, қайрат-жігері туған халқының аман-саулығы мен өсіп-өркендеуіне, әлем алдындағы мәртебе­сінің биік болуына бағытталған.

Бұл тек идеология мамандарына ғана емес, күллі Алаш жұртына, еңбектеген баладан, еңкейген қарт адамдарға арналған үлкен сенім деп қабылдадым. Өйткені, арғы тарихтағы Күлтегін бабамыз тасқа жазып кеткен «Елім үшін күндіз демалмадым, түнде ұйықтама­дым» деген заман бізге енді келді деп есептеймін. Себебі, егемендігімізді сақтайтын, қорғайтын, сол үшін жан аямай еңбек ететін уақыт бүгін келді деп білемін. Оған заман талабына сай біліммен, әлемдік ғылыммен, уақыт ағымымен өркендеп өсіп жатқан озық технологияны орынды пайдалану арқылы жетеміз.

Әрине, жаңғыру үшін ұлттық кодымызды, ұлттық қасиетімізді, көп елде жоқ озық өнерімізді ұлықтап, дамытып, қазақ өнерінің бүкіл әлемге қанатын кең жаюына жағдай жасауымыз қажет. Оның болашағының бүгіннен де зор болатынына сеніміміз мол, өйткені, біздің Қазақстан деген еліміз бар, Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер бастау­шымыз бар. Алла-тағала аман-саулығын беріп, еліміздің мәңгілік өмір жолындағы несібесін мол етсін деп тілеймін.

????????????????????????????????????

Сәбит ОРАЗБАЕВ, 

Қазақстанның халық әртісі

Білімділік – адамның құдырет күші

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласының тағылымы терең.  Меніңше, бұл мақаланы әрбір аза­маттың қалтасында жүретін кішкене кітапша етіп шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Ой қазы­насы жинақталған кітапша бүгінгі жастардың жүрегіне терең ой ұялататыны сөзсіз.

Әрбір азамат рухани тазалануы керек, ойлануы керек, әйтпесе, заман көшінен қалып қоямыз. Тарихқа үңілсек, халқымыз талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешті, дегенмен, өмірдің жақсылығы да көп болды. Қаншама қанталапайға түссе де, баба­ларымыз аманат еткен ана тілімізді, салт-дәстүрімізді болашақ ұрпаққа мирас ету – баршамыздың асыл парызымыз.

Сан ғасырлардан тамыр жайған әдет-ғұрпымызды сақтай отырып, заманауи қоғам көшінен қалмау – біз үшін үлкен сын. Елі­міздің ертеңін жалғайтын, келешегіміздің кірпішін қалайтын жастар жан-жақты білімді болуы керек, себебі, білімділік – адамның құдырет күші. Жан-жақты білімді, рухани бай болумен қатар, инабаттылықты сақтап, бақытты өмір сүруге ұмтылу керек.

Елбасы мақаласында бөліну мәселесіне ерекше мән берілген. Руға бөлінушілік, елге, жерге бөлінушілік, түптеп келгенде, жақсы­лыққа апармайтыны ақиқат. Жауларымыз да соны пайдаланады. Өткен саясат та осыны пайдаланды, өсуімізге қарсы болды. Қазіргі таңда сындарлы саясат керек, біз халық болып оны қолдауымыз керек. Көршілес мемлекет­термен тату-тәтті тіршілік кешіп, сындарлы саясатты барынша қолдауымыз қажет.