ЕМХАНАҒА БЕКІТІЛІП, ӨЗ МӘРТЕБЕҢДІ АНЫҚТА

%d0%b5%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

Денсаулық сақтау сала­сын­дағы елді алаңдатып, ендігі жағ­дайымыз не болар екен деп отыр­ған мәселенің бірі – келесі жыл­дан бастап   ендірілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыру жүйесі болып отыр.   Биылғы жылдың шілде айынан басталады деп күтілген бұл жүйе  бұйыртса, 2018 жылдан қолға алынады  деп күтілуде.  Ал сол уақытқа дейін халық­ты осы жүйе туралы толық ақпараттандыру  мақсатында  Ал­маты қалалық Денсаулық сақтау басқармасы  5 сәуірден бастап 31 шілдеге дейін өткізілетін «Емха­наға бекітіліп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйе­сінде өз мәртебеңді анықта» атты науқанды қолға алды. Бұл нау­қанның басты мақсаты – халық­тың  тек емханаға тіркеліп қана қой­май, өзінің әлеуметтік мәрте­бесін мәлімдеуін қолға алу.  Осы мәселеге байланысты қалалық  Денсаулық сақтау басқарма­сын­да арнайы жиын өтіп, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемелерінің басшылары бұл науқанды қалай ұйымдастыру төңірегіндегі өз ұсы­ныстарын ортаға салып, әлеумет­тік мәртебені анықтаудың маңыз­дылығына жан-жақты тоқталды.  Осы жиында сөз алған басқарма­ның бастапқы медици­налық-сани­тарлық көмек көрсететін емдеу мекемелері  бөлімінің басшысы Жанар Кенжебаева, №1 қалалық емхананың бас дәрігері Ержан Сералин, №17 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Тәжиева, және басқа да емхана бас­шылары сөз алып,   қала тұр­ғындарына бұл науқанның маңыз­дылығын түсіндірудің аса қажеттілігін жеткізді.

– «Емханаға бекітілу науқа­нының барысында қаламыздың әр тұрғыны таңдаған емханасына  өзінің бекітілгенін ғана емес, өзінің әлеуметтік санатын, яғни, қыз­метін, жұмысын, жалдамалы жұмыскер ме, әлде өзін-өзі жұ­мыспен қамтушы ма, жеке кәсіп­кер ме немесе еш жерде тіркел­меген жұмыссыз  ба, сол жөнінде мәлімдеулері қажет.  Тұрғындар­дың өздерінің  мәртебесі жөнінде берген мәлімдемесі қаржылан­дыру көзін жоспарлау үшін сақ­тан­дыруға кім ақша төлейтіндігін, мемлекет пе, жұмыс беруші ме, жоқ әлде, өзіңді-өзіңіз қаржы­ландырасыз ба, соны анықтау үшін  қажет. Ол жөніндегі мәлі­меттерді өзіңіз тіркелген емханаға барып  бас дәрігердің атына өтініш жазу арқылы немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы  растап алуларыңызға болады Ол үшін сізден тек жеке куәлік қана талап етіледі дейді қалалық Днсаулық сақтау басқармасының БМС бөлі­мінің басшысы Жанар Кенжебаева.

– Бас дәрігерлер  тек бір ғана емханаға және  тұрақты мекен-жай бойынша орналасқан емха­наға тіркелген тиімді, ол өзіңізге және учаскелік дәрігерге тиімді  дейді.

– Денсаулық – басты байлық дейміз, олай болса, сол байлығы­мызды қорғауға мүдделі ететін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы сапа­лы, қолжетімді медициналық көмек алу үшін беріліп отырған    мүм­кіндіктерден қалыс қалып қой­маңыз. Емханаға бекітіліп, мәртебеңізді ерте жарықта  мәлім­деп қойыңыз.