ДУМА ТӨРІНЕ ҰМТЫЛҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

«Егер  сөз  айтқың

келсе, ер  адамға,

 іс жасағың  келсе,

әйел  адамға

 тапсырма бер».

Маргарет  ТЭТЧЕР.

Біз білмейтін қазақтар

%d0%b0%d0%b8%d0%b4%d0%b0

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Бүгінде  басшылық жасау,  саяси ше­шім  қабылдау  ер азаматтардың  жұ­мысы болудан қалды. Қазірде басқару орын­дарында әйелдердің үлес салмағы басым­дыққа  ие  болып  отыр. Олар  табыс­ты дамып отырған жеке бизнес­терін ұйымдас­тыруға да  күш таба білді, яғни, өздерін кәсіп­керлік  салада  да  көрсете алды.  Ха­лықтың экономика­лық  ахуалының  негізгі  тірегі  болып  тұрған   нарық  базарын   бү­гінде уысын­да  ұстап  отырған да  әйелдер  екенін  ешкім  жоққа  шығара алмайды.

Ұлы дала тарихында қайраткер әйел­дер, ақылды аналар, ержүрек қыздар  мен әлемді табындырған арулар аз болмаған. Біздің бүгінгі  замандас­тарымыз да осы дәс­түрді жалғастырып отыр және экономи­калық, әлеуметтік құрылымдарға өзінің қатысуымен Қазақстанның болашаққа қарай табысты жылжуының сенімді негізін жасауда. Бүгінде   әйелдерді  қоғамдық  басқару  органдарының  барлық  буы­ны­нан  көруге  болады.

Мемлекеттік  қызметтің негізгі  қоз­ғау­шы  күші де бүгін – әйелдер. Қазіргі  кезде  қазақ   қыздары өздерінің  тарихи  Отаны­нан  тыс  жерлерде де белсенді  саясатқа араласуда. Оларды  ғылыми  ортадан да,  қоғамдық  ұйымдардан да, саяси  тартыс­тың  бел ортасынан  да  кө­руге  болады.  Бүгінде  олардың бірқа­тарын  халықаралық  беделді саяси ұйым­дардан да көре  ала­мыз. Қазақ қыздары Монтеррей халық­аралық  зерт­теу институтында,  Поляр­лық зерттеу  институтында да қызмет атқа­рып жүр. Олардың алды өткен жылы Польшада өткен президент сайлауында бағын  сынаса, биыл тағы бір қазақ қызы  Чехияда  өтетін  президент  сайлауына  түспек.

Өткен  жылы  Ресей  Мемлекеттік  дума­­сына  сайлау  өтті. Сол  сайлауда Ресей  «Жа­сылдар  партиясының»  аты­нан орын­борлық  қазақ  қызы  Аида  Байдәулетова  бағын  сынады. Біз  бүгін­гі  әңгімемізді  сол саяси  додада өзін  белсенді   саясаткер  ретінде  көрсете  білген қарындасымыз  туралы айтуды  жөн  көрдік.

Ол – Мемлекеттік  думаға  барлық  партиялар  арасынан  федеральдық  тізімге  ілінген  бірден-бір  кандидат  бо­лып та­нылды. ХХ ғасырдың бас кезін­дегі  Ресей­дің  қоғамдық-саяси өміріне  қарасақ, сол  дәуірдегі  саяси  әлеу­меттік  ірі оқиға – Мемлекеттік  дума­ның  шақырылуы болды.  Ол –  аймақ­тардығы  ұлт-азаттық  қозға­лысы өкіл­дерінің   бас  қосқан,  маңызы  зор мәсе­ле­лерді талқылайтын  бірден-бір  өкілет­ті  форумына  айналды.  І және ІІ Мемлекеттік  думадағы  қазақ  депутат­тары­ның  саяси-қоғамдық  белсенділігі мен даму бағыты, олардың саяси  көз­қарас­тары,  думада  ұстанған  позиция­лары айбарлы  болды. Діні  мұсылман  халықтардан  депу­таттар  сайлау –  сол  кезде де жалпыға бірдей  болған  жоқ.  Негізінде,  аз  халық­тар  шын  мәнінде  сайлауға  қатыстырыл­мады.  1907 жылы  3  маусымда  ІІ Мемле­кеттік  дума  тара­тылды. Осыдан  соң,  ар­найы  жарлық­пен  қазақ  елінен депутаттар  сайлан­байтын  болды. Міне,  содан  бері арада  110 жыл  өтсе де, Ресей  Федера­ция­сында   тұратын  қазақ  ұлтының  өкіл­дері  аз  ұлттар  қатарына да, көп  ұлттар  қатарына да  жатқызылмай  келеді.  Осыған  дейін   Ресей  Федеральдық  жиналысына да,  Мемлекеттік  думаға да  саны  жағынан 1,5  миллионға  жуық тұра­тын  қазақ  ұл­ты­ның  өкілі сайлан­ған  емес. Ал олардың  арасында  саны жағынан 300 мыңнан  асатын  қалмақ, шешен, авар,  эвенкі,  хакас  ұлтының  өкілдері  бар.

Сонымен,  былтыр  Ресей думасын  дүрліктірген жас  саясаткер  кім?!

Аида  Байдәулетова – 1990 жылы Орынбор  облысы,  Беляев ауданы, Рож­­дественка  ауылында  дүниеге  келген. 2012 жылы  Орынбор  Мемле­кеттік  универси­тетін бітірген. Маман­дығы  бойынша  жур­налист. Бүгінгі таңда  Ресей  «Жасылдар» партиясы «Как люди» қоғамдық  ұйы­мының  төрайымы.

Кез-келген  мемлекеттік  қызметкер­дің  жұмысы,  мақсат-міндеті  мемлекет­тік  сая­сатты  жүзеге  асыруға, жүргі­зуге  жұмыл­дырылған.  Сол  себепті  оның саяси  және  кәсіби  көзқарасы  астарлас келеді. Бірақ,  мемлекет ісіне жаны ашыған адамның  көңілі де, көзқарасы да мемлекеттік  қыз­меттің  бүгінгі  деңгейіне толмайды.  Өйтке­ні, мем­лекет ісінде олқылықтар көп.   Саяси және  құқықтық жағдай  басқару  қаты­настарын­дағы  қайшылықтардың, төменгі  мемлекеттік  органдардағы  жауап­сыздық  пен пәрменсіз­діктің  себебі  болып  отыр. Экономикалық және әлеуметтік  шара­­лардың  әлсіздігі  мен  тиімсіздігі  осы­дан туындайды. Сондықтан  жас  саясат­керлер жергілікті және өкілетті басқару орган­дарының  жұмысын  жетілдіре­тін   саяси және құқықтық  реформа  қажет­ті­гін  алға тартады.

Университетті  бітірген соң,  орын­борлық қазақ қызы Аида Байдәулетова  Ре­сейдің Жалпыресейлік халықтық  майда­нына  қызметке  алынады.  Ресей­дің  «Сы­байлас  жемқорлыққа  қарсы 1-кана­лында»  кәсіби  мамандығына  сай журна­лист болып  қызмет  жолдарынан  өтеді. Өжет қыз  бір жылдары өзінің тарихи  Ота­нына  келіп,  «Қазақстан» телевизиялық  каналында  да  қызмет  атқарғаны бар.

Журналист  – қоғам  өкілі.  Оның  наза­рынан қоғамда  орын  алып жатқан кез-келген  оқиға  тыс қалмайды.  Бірде ол Халық  майданы қозғалысында  жүргенде  бір топ  мәскеулік  азамат­тар­дан  хат алады. Хат  мазмұны иесі жоқ  қаңғыбас  жануар­ларды қорғау  мәселесіне  саяды. Оларды  қорғау мәсе­лесінде қажетті заңдылықтың бол­мауынан келеңсіздіктің белең  алып  отырғандығы белгілі болады. Осыдан соң,  Аида  Байдәулетова  «Жасылдар» пар­тия­сына  кіріп, партия жанынан  «Как  люди»  атты  зоологиялық қорғау  қоғамдық  ұйы­мын  құрып,  оның төр­айымы болып  сай­ланады. Осы мақ­сатты  жүзеге  асыру  үшін, елдегі  қалып­тасқан  саяси  идео­логияны  тасымалдайтын  партия атынан  емес, үй  жануарларын қорғаушылар  мүд­десін көздейтін қоғамдық ұйым  атынан  Мемлекеттік дума сайлауына  түседі.

Жалпы,  «Жасылдар» партиясы  Ресей­дегі экологиялық  ескі партиялардың  бірі.  Ол – 1994 жылы «Кедр»  қозғалысының  негізінде  дүниеге  келген. 2014 жылы  му­ни­ципальдық  сайлауда партия депутаттық қажетті  қос мандатқа ие болып,  алдағы  сайлауда  муниципальдық  фильтрден өтуден  босатылады.

Бүгінде  адам факторы – ең  басты  талап  болып  отыр. Ал  адами  капи­талдың  даму деңгейіне ықпал ететін негізгі  фак­тор­­лар ретінде  білім,  ден­саулық және  адам өмірінің ұзақтығы аталады.  Жас  сая­саткер Ресей  қоға­мында  адами  капи­талдың даму  деңгейі  қандай,  осы  уақыт­қа  дейін  қол жеткен жетістіктер   мен  кем­шіліктерге  жауап  іздейді. Адами  капи­талдың  дамуына  тежеуіш  болып  отырған өткір  мәселе­лердің  шешімін  қарастырады.  Адами капиталды құрайтын факторлардың  барлығын,  атап  айтқанда,  қоршаған  орта­ны  қорғау  сапасын,  институттық  ортаны  жақсарту   жолдарын  ұсынады.

Ресей  Федерациясы Қоғамдық  пала­­тасында «Жасылдар»  партиясының өкілі  Аида Байдәулетованың  ұйымдас­тыруымен «Мәскеу  қаласындағы  бақы­лаусыз  қал­ған   жануарлардың  санын  реттеу  және  қала  тұрғындарының  қар­жысы  қайда  жұм­салуда?» атты  дөң­гелек  үстел  өткі­зіледі.  Оған  зооло­гиялық  қорғау  ұйым­да­рының,  уақыт­ша  қабылдау мекеме­лерінің  еріктілері,  Бас прокуратураның  өкілі, бюджеттік ұйым өкілдері қатысады. Қаралған мәселе  бойынша Бас про­куратура  өкілі  қараусыз  қалған  жануар­лардың  жағ­дайларының сын көтермейтінін  баян­дап,  оған  Мәскеу  үкіметінің  жұмыс регламентіне  түзету  енгізілуін қатаң  талап  етуіне әкеліп  соқтырады. Сол тұста  жас  саясаткер   Мемлекеттік  дума депутатта­ры­нан  жануарларды  зәбір­леген  жандарға қатаң  жазалау қажеттігі  жөніндегі  заң  қабылдау  керектігін  айтып, мәлімдеме  жасайды. Оның  бұл  үнқатуы  өзіне  саяси  дивиденд алып келеді. Дөңгелек  үстел  қорытындысы  бойынша  қалалық  ком­муналдық шаруашылық  департамен­тіне, Мәскеу  префектурасына,  Мемле­кеттік  думаға ұсыныс талап  беріледі. Осы  оқиға­дан соң оның  танымалдығы  артып,  сайлауға  түсуге ұсыныстар  түсе бастайды. Орынборлық қорғаушы сөйтіп,  жалпыфе­дералдық  тізім бойын­ша  үшінші  болып тіркеледі.  Жалпы,  орынборлықтар  тари­хында  федералдық  тізім  бойынша  бірде-бір  партия  осын­шама лидерлікке көтеріліп  көрмепті. Бірақ,  «Жасылдар»  партиясы  Мем­лекеттік  думаға  барар  жолдағы 5 пайыздық  өлшемді  бағындыра  алмады.

Ресейде менталитет басқаша. Әйел адам­дар саясатқа араласқанмен, биік дең­гейден көріне алмайды. Сондықтан  сая­сатта әйелдің бағы жана бермейді. Бір жағы­нан ұзақ жылдарғы  қалып­тасқан  мен­талитет  әйелдердің адымын тұсап, ерлермен иық қағысып, тең дәрежеде жүріп-тұруларына жібер­мейді.

Гендерлік тепе-теңдікпен тығыз сабақ­тасып жататын «феминизм» деген ұғым қалыптасқан. Бұл саланы зерт­теушілер «феминизм» ұғымының осы құбылыс өріс алған соң, жүз жылдан соң пайда болғанын айтады. Оны айна­лымға енгізген әйгілі жазушы Алек­сандр Дюма  болатын. Ол бұл сөзді XІX ғасырдың аяғында, қоғамда феминизм елеулі мәселе болып тұрған кезде қолдан­ған  еді.  Феминизмнің тамырын ілге­ріден тартатын тарихы бар. 1791 жылы жазушы Олимпия де Гуж жазған «Әйелдер мен азаматшалардың құқық­тарының дек­ларациясы» феминизмнің алғашқы мани­фесі болып саналады. Осы құжатта тарихта тұңғыш рет заң алдында әйел мен еркектің тең құқық­тылығын белгілеу мәселесі ашық айтыл­ды. Бірақ,  ол  айтылу  күйінде  ғана  қалды, қалғаны  көзбояушылық.

Бүгінгі проблема – бүкіл қоғамның проблемасы. Оны шешу бәрімізге ортақ міндет. Ал саясаттың  жанында, Ген­дерлік стратегия оны шешуге, әйелдер көш­бас­шы­лығы мектептері арқылы қоғамды демо­кратияландыруға, әйел­дердің ерлермен тең дәрежеде еңбек етіп, бәсекеге түсуіне жағ­дай жасауы  құр  қиял  ғана болып  отыр.

Саяси-сындарлы (политкорректный) Америкада, жасыратыны жоқ, әсіресе, “тікелей эфирдің королі” Ларри Кинггің қонақтары да айылын жимай  жатады.  Аида  Байдәулетованың  Ресей  каналында  сайлау  алдындағы дебаттық  айтыста  Ресей  идеологиясының  белгілі  бунтары  В. Жири­новскиймен  ой  қақ­ты­ғысына  түсіп,  өз көзқарасын белгілі бір  бағытқа  бұрып,  оны  қорғай білуі  болашақта  Ресейдің  саясат  тақтасында  үлкен бір  саясаткердің  шығатынына  сенім  ұялатады, біз  оны  өз  көзімізбен  көрдік.

Аида  Байдәулетованың  көкейге қо­нымды тағы бір пікірімен келіспеске бол­майды. Ол қыз-келіншектердің ерлерге қара­ғанда іске тиянақты, қоғам мүлкіне жанашыр, өзгенің қайғысына сезімтал келе­тіндігін айтуы  болды. Ол – рас, қазақ тегіннен-тегін мейірбан­дылық пен қайы­рым сияқты түсініктерді ана жүрегімен салыстырмасы анық. Оның экологиялық мәселелерді бірінші кезекке қойып, әлеуметтік қызметті көтеру, өндірістік жауапкершілікті арттыру қажеттігін  айтуы да осымен  еншілес.

Әлеуметтік кеңестің мемлекеттік саясат шеңберіндегі қордаланған жәйттерді иінін  қандыра талқылайтын диалог алаңына айналдырудағы   жаңа­шылдығы  да  басым.

Ресей  сияқты  алып  елде  жүріп, мил­­лион­даған  саясаткерлердің ортасы­нан  жарып тұрып  көзге  түсіп  жүрген  қаракөз  қазақ  қызы өзінің  осы  сала­дағы  жинаған  білімі мен  тәжірибесін  туған  Отаны  – Қазақстан  жастарымен  бөлісуге әрқашан  дайындығы  байқа­лады.