«Бір мезгіл қолға күрек ұстамаса»

Сенбілікке 180 мыңнан астам алматылық қатысты

Жалпықалалық сенбілік

dsc_2300

Жалпықалалық сенбілікте мегаполис­тегі 44 шақырым өзен арнасы мен жағасы, 209 шақырым арық желісі тазартылды. Одан кейін 3 мың қума метр қоршау, 182 тірек, 624 орындық, 1 мыңнан аса қоқыс жәшіктері және бас­қалар сырланып-боялды. Бұл сен­білікке 763 арнайы техника жұмылдырылып, 8915 текше метр қоқыс шығарылған.

Құттыбек АЙМАХАН

Сәуір айы шыққалы бері айтып-жазып жүрге­німіздей, өткен сенбіде Алматы шаһарында жал­пықалалық сенбілік өтті. Оған қаладағы барлық меке­мелер, жоғары оқу орындары, ұйымдар мен сауда орындары бір кісідей жұмыла атсалысып, олар Тұңғыш Президент саябағы, Орталық демалыс саябақтары мен Баум тоғайы және Ботаника бағын тазалап шықты. Атап өтетіні, қайсыбір еңбек ұжым­дары бұл сенбілікке бір күн бұрын кірісіп, өздеріне тиесілі аумақты сыпырып, арықтар ішін тазартып, көше жағалаған ағаштар мен жиектас­тарды ағарта бояп, көз алдымызда айналаны әдемі қалыпқа бөлеп жатқанын өз көзімізбен байқадық.

Ал ертесіне, яғни, сенбінің күн райы шайдай ашылған күні сенбілікке бүкіл қала тұрғындары шықты. Бұл ретте, әсіресе, кең көшелердің жол жиектерінде көңілді әзіл-қалжыңға ерік берген жастар жиі-жиі көзімізге шалына берді. Ал біз келген Ботаника бағында қала әкімдігінің қызметкерлері бір кісідей сенбілікке шығыпты. Бұрынғы қараусыз қалған, кезінде көзге азып-тозып кеткендей болып көрінетін бақ іші қазір жинақы күйге түсе бастағандай. Әуелей ойнаған әсем әуен аясында сенбілікке келген әкімдік қызметкерлерінің бірі бақ аумағын сыпырып жатса, екіншілері қоқыс жәшіктері мен орындықтарды бояумен айналысып жүрді. Сондай-ақ, енді бір тобы көк-жасыл көгал­дағы былтырғы жылы өсіп, қазір қурап қалған шөптерді тыр­малап, арнайы әкелінген қаптарға салумен айналысып жатты.

Міне, қала әкімі Бауыржан Байбек сенбілікке таңертеңгі жұрт қатарлы келіп, айналаны тазартып жүр­ген әкімдік қызметкерлерімен емен-жарқын аман­даса жүріп, қолына күрек алды. Сосын бірден шырша ағаштарын отырғызуға кірісіп, жаңа отырғызған ағаш­тар айналасына су құйып, күтім жасай бастады. Осылай, шаһар басшысының қатыс­уымен бұл күні Ботаника бағына 15 түп жас шырша, ал  қала бойынша 3325 ағаш отырғызу ойластырылып қойыл­ған екен. Бұл ретте, биылғы көктемде қала­да 10 мыңнан аса ағаш отыр­ғызылады деп жоспарланып отыр екен. Сенбілікте, бізге айтқан қысқаша сөзінде шаһар басшысы қаланы жиі-жиі тазартып тұруды, ол үшін осындай сен­біліктерді жиі өткізіп тұру қажеттігін тілге тиек етіп өтті. Содан кейін жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында осы секілді сөздер айтылғанын атап өтті.

????????????????????????????????????

Жалпы, осы жерде атап өтетіні, Алматыда ең ал­ғашқы сенбілік осыдан 97 жыл бұрын, яғни, 1920 жыл­дың 1 мамырында (ол кезде қаламыз Верный деп ата­латын) өтіпті. Әрине, ол кездегі сенбіліктер мен қазіргі сенбіліктер салыстыруға да келмейді. Өйткені, ол заманда Алматыда 30-ға тарта көше болса, бүгінгі таңда үлкен мегаполис саналатын шаһарда 1,5 мыңнан астам көше бар. Сон­дықтан да «кеше мен бүгінгі сенбілік­тердің» айырма­шылығы жер мен көктей екені айтпасақ та белгілі. Сөйтіп, содан бері қалада сенбілік өткізу берік дәстүрге айналып кетті. Дегенмен, бір жылдары, негізінен, мектеп оқу­шылары мен жоғары оқу орындары студенттері қатысатын сенбіліктер өткізу науқаны қазіргі таңда жанданып, жыл сайын көктем мен күзде өткізілетін болып дағдымызға сіңісіп барады.

Ал енді сенбіліктің биылғы жылы Ботаника бағында да өтуінің өзіндік себебі бар. Олай дейтініміз, сонау 1932 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматы ботаника бағы биыл өзі­нің 85 жылдығын атап өтеді. Себебі, қала­мыздың ең таза аума­ғында орын тепкен бұл бақтың 104 гектардай аумағында қазіргі таңда 2235 таксон, 255 мың жоғары тамырлы өсімдіктер мен саңырау­құлақтардың мыңнан астам түрі өседі және олардың ішіндегі 120 атаулы өсімдік тамыр тартып, жаңа орнына көндігіп те үлгерген. Сонымен қатар, осы­нау ерекше бақты қолдау үшін Ал­маты қаласының әкім­дігі ҚР Білім және ғылым министрлігі­мен бірлесе отырып, «Бас ботаникалық бақты дамыту қорын» құруға қатысты жұмыс тобын жасақтаған еді. Нә­ти­жесінде, қор қаржысы есебінен «Lord Cultural Resources» халық­аралық сәулет-дизайн компаниясы бақты қайта жасаудың жобасын жа­сады. Ол тұжырымдаманың негізгі идеясы «ХХІ ғасырдың Бота­никалық бағы – жаңа технологиялар бағы» деп аталатын болады.

Сондай-ақ, «Ботаника және фитоинтродукция инс­титуты» РМК дирекциясы аталған қормен бірлесе бақ аумағында абат­тандыру жұмыстарын жүргізеді және жол жиегіндегі жаяу жүр­гіншілер жолдарын қалыпқа келтіріп, жарық көздерін жаңа­лайды. Сосын әл-Фараби даңғылы жақтан қосымша кіретін жол ұйымдасты­рылып, бақты суару жүйесі қайта жасал­мақ. Қысқа­сы, биылғы жылы әкімдік қызметкерлерінің осы жерде сенбілік өткізуінен Ботаника бағының болашақта жаңаша дамитынына үлкен сенім артамыз.

Қорыта айтқанда, бұл жалпықалалық сенбілікте мега­полис­тегі 44 шақырым өзен арнасы мен жағасы, 209 шақырым арық желісі тазартылды. Одан кейін 3 мың қума метр қоршау, 182 тірек, 624 орындық, 1 мыңнан аса қоқыс жәшіктері және бас­қалар сырланып-боялды. Бұл сен­білікке 763 арнайы техника жұмылдырылып, 8915 текше метр қоқыс шығарылған. Ал бұл күні 28 пан­филов­шылар, «Халық», «Фемили» саябақтары, «Сайран» көлі, Үлкен және Кіші Алматы, Есентай өзен­дері, сондай-ақ, қаладағы көптеген ықшамаудандар мен көшелерде таза­лық жұмыс­тары жүріп, оларға қатысқан 180 мыңнан астам алматы­лық тұрғын белсенділік танытумен болды.

Қысқасы, Қадыр ақынның:

«Тамаша тамаша емес ойлан, достым,

Бір мезгіл қолға күрек ұстамаса», – деп айтқа­нын­дай, бұл күн тамаша күннің біріне айналды.