БІРІНШІ ОРЫНҒА БЕРГІСІЗ ЕКІНШІ ОРЫН

Димаш – Азияның ең танымал әншісі

image_l

Сәкен СЫБАНБАЙ

Қытайдағы «Мен әншімін» («І am sіnger») ән байқауы өз мәресіне жетті. Кіл мықтылар бақ сынаған тартысты бәсекеде миллиондардың жүрегін баураған қазақ әншісі Димаш Құдайберген 2-орын алды.

Тартысты байқаудың шешуші сәтінде 7 әнші бақ сынады. Финалда Димаш Қытайдың «Леди Гагасы» саналатын Шан Вэньцземен саxнаға шықты. Олар Майкл Джексонның әлемге танымал әндерін айтты, «Earth Song» және «Dangerous» xит­тарын қосып, микс жасады. 1-орын Гон­конг қаласының тумасы Сэнди Лэмге бұйыр­ды. Оған көрермендердің 22,6 пайызы дауыс берді. 2-орынға ие болған Димаш Құдайбергенді көрермен қауымның 18,47 пайызы қолдаған. Үздік үштіктің қатарын «Lіon» («Арыстан») тобы толықтырды.

Димаш Құдайберген, сондай-ақ, Chіnese Top Ten Musіc Awards сыйлығы­ның «Азияның ең танымал әншісі» номи­на­циясында жеңіске жетті. Бұл марапат әлем­ге әйгілі «Грэмми» жүлдесінің Қытай­дағы баламасы болып саналады.

Дүние жүзіне танымал Лара Фабиан­мен дуэт айтып, Джеки Чанды таңқалдыр­ған, қазақтың аса дарынды халық екенін танытып, күллі әлемнің көзайымына ай­нал­ған Димаштың толық аты – Дін­мұхаммед. Ол 1994 жылдың 24 мамырында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ата-анасы – танымал әншілер Қанат және Света Айт­баевтар. Әкесі Қанат Айтбаев — облыстық филармонияның басшысы, анасы Светлана Айтбаева – облыстық мәс­лихат депутаты. Димаштың ата-әжесінің де музыка өнеріне бейімі бар. Димаштың Раушан атты қарындасы, Мансұр есімді інісі бар.

1492274454_l

Ең алғаш бес жасында музыкалық кол­ледж сахнасында ән салған талантты бала­қай алты жасында «Айналайын» республи­калық байқауының «Фортепиано» номи­на­ция­сында жеңімпаз атанған. 2010 жылы «Байқонырдың әсем дауыстары» Халық­аралық фестивалінің І жүлде лауреаты атанды. 2012 жылы «Жас қанат» Респуб­ликалық жас ән орындаушылар байқауы­ның Гран-при жүлдесіне ие болып, осы жылы «Шығыс базары» Халықаралық байқауында да І жүлде лауреаты атанды. 2013 жылы Димаш Құдайберген «Мейкин Азия» І Халықаралық фестивалінің жеңім­пазы болды. Сонымен қатар Димаш Витебск қаласында өткен XXІV Халық­аралық «Славян базары-2015» байқауында Гран-при жеңіп алған.

2014 жылы Димаш Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде акаде­миялық ән орындау сыныбын тәмәмдап, Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Эстра­да өнері» факультетіне түсті. Ол қазақ, орыс, итальян, француз, ағылшын, серб және тағы басқа тілдерде ән орындайды.

Димаштың, әсіресе, Қытай еліндегі танымалдығы керемет. Ондағы ауқатты жанкүйерлер Димашқа қолдау көрсету үшін үй сыртына жарық шамдармен көмкеріп, оның атын жазып қойыпты. Тіпті, жергілікті ІT-мамандар Димаштың смарт­фондарға арналған бағдарламасын да ойлап тапқан. Димаштың суреті бар, қазақ тілінде «Мен сені сүйемін» деп жа­зылған сыйлық салғыш қаптар да кеңінен тара­луда. Сондай-ақ, қазақ әншісінің талан­­тына тәнті кейбір көрермендер Димаштың құрметіне арнайы печенье де шығарып, киім тігіп, сатып жатыр.