АЛАШТЫҢ АЯГҮЛІМЕН КЕЗДЕСТІ

Біздің қаланың тұрғындары

SAMSUNG CAMERA PICTURES

Рая ЕСКЕНДІР

Қазағы қалың «Думан» ықшамауданының тұрғын­дары үшін бұл кездесудің орны тым ерекше, сірә да, ұмытыла қоймас дейміз. Күн шуағына бөленген көк­темнің әдемі күнінде «Думанның» үлкен-кішісі тайлы-таяғымен №172 мектеп-гимназияны бетке алып, есімі елімізге танымал ұлағатты ұстаз, Қазақстанның тұң­ғыш Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразовамен кез­десуге асықты.

Осынау қазақтың рухы аңқыған, ана тілінің абыройын асқақтатқан киелі шаңырақ Медеу ауданы әкімінің «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын бастамасы негізінде «Мың мамандық бәрі бар, таңдап, талғап бірін ал» деп аталатын кездесу өткізіп, айтулы ұстазды қонаққа шақырған еді. Білім шаңырағына енген бетте бастауыш сынып оқушылары Аягүл Төреқызын өлеңдетіп қарсы алып, гүл шоғына көмді.

Мектептің екінші қабатында айтулы ұстазды «Мың бала» домбырашылар оркестрі күмбірлеген күй­мен қарсы алып, құрмет көрсетті. Қолөнер шебер­лерінің көрмесін тамашалай, мәжіліс залына келіп кірген Аягүл Төреқызын мектеп ұжымы тікесінен тік тұрып, зор құрметпен қарсы алды. Кездесу кешінің жүргізушісі Айдана Кәдірхан ұстаз туралы тебірене баяндап, ашық тәрбие сағатын бастап кетті.

Оқушылар өздері есіміне қанық Аягүл апайларын айрықша қуантып, тебіренткен де сәттер болды. Осы кеште 9-сынып оқушылары Аягүл Төреқызының балалық шағын сахналап, сонау бір алтын кезеңімен қауыштырды. Алыста қалған балалық бейне, алаңсыз шақ, топырағында табанының ізі қалған, Бауыржандай батырды дүниеге әкелген туған жері мен ата-анасын бір сәт сағынышпен еске алған Аягүл Төреқызы тіпті, тебіреніп отырды.

Кездесудің бағдарламасы бойынша 9-10-сынып оқушылары «Балалық шақ», «Ұстаз-Ана», «Қоғам қайраткері» атты үш топқа бөлініп отырды. Оқушы­ларды мазалайтын бір сауал – мамандық таңдау мәсе­лесі. Сондықтан, қойылған сауалдың дені де осы мамандықтарға байланысты болды. Мәселен, мына бір сауалға Аягүл Төреқызы өз өмірін мысал ете отырып, жауап қайтарды.

– Қазір көп жағдайда уақыттың жоқ екенін желеу етеміз. Кезінде өзім үйдегі 6 жасар ұлыма бір жастағы қызымды тастап, жұмысқа кететінмін. Сосын «үйде балаларым қалып еді, мені тезірек қайтарыңыздаршы» деген сөз болмайтын. Неткен жүректілік десеңізші. Қазір болса 6 жастағы баланы қараусыз қалдырып кету­дің өзі қорқынышты. Ал шын ниетің болса, барлық жұмысқа үлгеруге, уақыт табуға болады, – деді ұлағатты ұстаз.

Мектеп бітіргелі отырған түлектер алдағы өздері қалаған мамандық төңірегінде де сауалдар қойып, қалай абыройға кенеліп, биік шыңға шығудың құпия­сын білуге асықты.

– Елбасымыз өзінің әрбір Жолдауында білімге айрықша ден қойып, басты назарында ұстап отырады. Қаншама мектеп, балабақша ашылып жатыр. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Сондықтан, бар міндет – тек ерінбей еңбек етіп, биікке талпыну керек дер едім. Заман талабына сай ілесіп отыру үшін ізденіп, жан-жақты болу керек. Жаңалықтың бәрін бірдей қабылдай бермей, тек қажеттісін екшеп қабылдау керек. Таным дүниелерің өздеріңе ең қажет деген дүниеге толы болсын! – деген Аягүл Төреқызы оқу­шылардың сан алуан сауалына жауап берді. Тәуелсіз еліміз үшін барлық мамандықтың қажет екендігін, тек оны таңдай білген дұрыстығын ұктырды ұлағатты ұстаз.

– Менің бір қуанғаным, балалардың үлкенді тыңдап, айтылған әңгімені ынтасымен, беріліп тыңдап отырғандығы қатты қайран қалдырды. Өнерді түсініп, өлеңді қастерлеген, сөздің киесін ұғынған баладан әсте жаман адам шықпайды. «Мың бала» домбырашы­лар ансамблінің өнерімен бұрын да таныс едім. Енді өздерін көріп, тіпті тәнті болып отырмын. Жалпы, «Думан» ықшамауданының рухани орталығы болып отырған осы мектепке, оның басшысы – жас та болса, өз ісінің шебері Талғат Қазыбаевқа, бүкіл ұжымға риза­шылығымды білдіргім кеп отыр. Айрықша тоқтал­ғым келіп отырғаны, балалардың ана тіліне деген құрметі. Өз тілін білмеу үлкен қасірет. Ал ана тілінде өлең жазып, арнау айтқан балаларымызға, тіпті, ризамын. Біз де кезінде өлең жазғанбыз, жазушы болсақ деген де асқақ армандарымыз болды. Таңдаған саламыз басқа болса да, жүрегіміз өлеңді қалайды.

Осындай рухани кешті сағынып жүр едім. Бүгін сіздермен кездесіп, мұғалім деген мәртебелі маман­дық­тың қашанда биіктен орын алатынына тағы да куә болып отырмыз. Елбасымыз тұңғыш еліміздің Еңбек Ері атағын ұстаз бен диханға беруі осынау мәртебелі мамандыққа деген құрметті көрсетсе керек, – деді айтулы ұстаз.

Еңбегімен қуанышқа бөленген алаштың Аягүлімен кездескен қалың қазақ, еліміздің болашақ азаматтары бақытты сәтті бастан кешіріп, жұлдызды ұстазбен болған кештен зор әсер алды. Білімнің жұлдызы жан­ды. Аягүлдей ардақты ұстазы бар халықтың білімдегі жолы да жұлдызды болғай!