Қала әкімі Ә.Қастеев атындағы мектепте болды

Кеше Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл мектеп Алма­тыдағы бейнелеу өнері саласындағы ең алғашқы мамандандырылған бас­тауыш білім беру мекемесі ретінде 1981 жылы негізін қалады. 2005 жылы ақпанда оған ЮНЕСКО клубының мәртебесі берілді. 

Бүгінде мектептегі 38 білікті ұстаз 5-18 жас аралығындағы 1,5 мың балаға білім беруде. Білім ошағында «Бейнелеу өнері», «Техника және дизайн», «Клуб қызметі» бөлімдері бар. Талантты балалардың 40 пайызы мемлекеттің қолдауымен жолдама бойынша автомодель­деу, металлды, әйнекті көркем өңдеу, тоқыма, керамика бағыттарында тегін білім алуда.

Мегаполис басшысы балаларға тек мін­детті білім беруге ғана емес, қосымша білім беруге де жағдай жасау керектігін айтты.

– Ол баланы шығармашылық жағынан дамытады, ал рухани бай адам – табысты адам. Әрине, елдің бәрінің бірдей балаларын үйірмелерге апаруға мүмкіндігі бола бермейді, сондықтан әлеуметтік жағынан аз қамтылған жұртшылықты әркезде қолдаймыз. Елба­сымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында айтылғандай, біз балаларға бүгін күш салар болсақ, ертең нәтижесін көретін боламыз, – деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде мектеп директоры Ханзада Есенова кез-келген мәдени мұраны сақтауды, оны насихаттауды және одан ары дамытуды балалардан бастау қажеттігін айтып өтті.

– Шын мәнінде, көркемөнер, музыкалық немесе хореографиялық мектептерді бітірген шығармашылықтағы балалар ғана рухани жағынан бай болып, кез-келген салада қоғам мен мемлекетке өз пайдасын тигізе алады, – деді Х.Есенова.

Алдағы уақытта бәсекеге қабілеттілікті арттыру, білім сапасын жақсарту мақсатында бұл мекеменің меншіктік формасын ауыстыру мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Х.Есе­нованың айтуынша, бұл білім беруде, шығармашылықты арттыруда, сондай-ақ, түрлі шығармашылық жобаларды жүзеге асыруда, тұрғындарды кеңінен қамтуда жаңа мүм­кіндіктерге жол ашады.

«Ақшам-ақпарат».