Тұлғаға арналған деректі фильм

image-php

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында мемле­кет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Деректі фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Алматыфильм» киностудиясымен бірлесе отырып шығарған. Гүлсім Оразалиеваның «Нұртас Оңдасынов» атты кітабының желісі бойынша түсірілген фильмде  Қазақстан  Үкіметін ең ауыр жылдар­да (1938 – 1951) 13 жыл табан аудармай басқарған,   республикамыздың  экономикасы мен өнеркәсібінің,  мәдениеті мен  ғылым-білімінің дамуына  ұланғайыр үлес қосқан  мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметі баяндалады. Фильмнің режиссері – Оңдасын Тастанов.

Деректі фильм халқы үшін қалтқысыз еңбек еткен  ердің атын ұмытпай, оның өнегелі істерін бүгінгі өскелең ұрпаққа дәріптеп үлгі ету мақсатын көздеді. Фильмнің тұсаукесеріне жазушы-драматург Д.Исабеков, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т.Медет­бе­ков, Қазақстан Журналистер одағы сыйлы­ғының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса, оңдасыновтанушы Г.Оразалиева және басқа бірқатар беделді тұлғалар қатысты.

image-php1

Нұртас Оңдасынов – Қазақстан Үкіметін Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі жылдарда республиканың ішкі экономикасы мен мәдениетінің, ғылым-білімінің дамуына барынша күш сала отырып жан-жақты дамыта басқарған дара басшы. Ол 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысы Атқару комитетінің төрағасы, 1938 – 1951 жылдар аралығында (13 жыл) Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы, 1951 – 1953 жылдары КПСС ОК жанындағы Жоғары партия мектебінде оқып, 1953 – 1954 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы, 1955 – 1962 жыл­дары Гурьев  облыстық Атқару комитетінің төрағалық қызметінен кейін 5 жыл облыстық  КП ОК  бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Соғыс жылдарында республикамызда Ғылым академиясының жеке шаңырақ көтеруіне, Қазақ мемлекеттік қыздар педаго­гикалық институты мен Ұлттық консервато­риясын құруға, шет тілдер, дене тәрбиесі және барлық облыс орталықтарында мұғалімдер институтының ашылуына бірден-бір ұйтқы болған қайраткер тұлға. Сонымен қатар, еліміздегі ірі құрылыстар – Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдарының, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Ақтөбедегі ірі зауыттардың, сонымен қатар, Мойынты-Шу темір жолының салынуына басшылық жасап, ерекше іскерлігімен танылды.

Ал, бүгінгі «Қазақфильмнің» де негізі сол уақыттан бастау алады. Басқа республикаға эвакуациямен кетіп бара жатқан «Мосфильм» мен «Ленфильмді» Қазақстан Үкіметі атынан арнайы Қазақстанға шақыртқан Нұртас Оңдасынов екенін қазір біреу білсе, біреу білмейді. Екі киностудияның хас шеберлерінің қолдауымен «Райхан», «Абай әндері» фильмдері түсірілді. «Зейнеткерлікке шыққан­нан соң шығармашылық қызметпен айна­лысып, 1969 жылы «Арабша-қазақша түсін­дірме сөздігі», 1974 жылы «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» жарық көріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді», – деген Д.Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты кітабында. Н.Оңдасынов үш рет Ленин, екі рет  Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медаль­дармен, Құрмет грамоталармен  марапатталған.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».