ТУҒАН ЖЕРДІ КӨРКЕЙТУ ҮШІН ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

%d0%b0%d1%83%d1%8b%d0%bb

Қазақ жері елім деп еміренген жомарт жандарға бай. Елінің қадірі мен жерінің қасиетін бағалайтын осындай азаматтар барда туған жермен байланыс ешқашан үзілмек емес. Қажет болса, туған ауылына балабақша салдырып, мешіт тұрғызып, қаржылай көмегін көрсетіп жататын жанашыр азаматтар бізде, құдайға шүкір, баршылық. Ал қазақы ауылдардың тамырына қан жүгіріп, көркейіп-гүлденіп жатқандары қуанарлық жәйт. Дегенмен, су жетпей жатқан ауыл бар. Көшесі ойық мекен бар. Мәдениет үйі жабылып, әнін айта алмай жүрген қауым бар. Осыған орай күні кеше жарық көрген Ұлт басшысының мақаласы халқымыздың туған жерге деген ыстық сезімін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кездің жеткенін меңзеп отыр.

Ендеше, сіздің ауылыңыз қандай? Туған жерді көркейту үшін қайтпек керек? Қала тұрғындары не дейді?

 

Берік ТОҚТАРБАЙ, қала тұрғыны:

Ауыл гүлденсе, гүлденеміз бәріміз

– Әлбетте, туған жер – күллі адамзат баласының кіндік қаны тамып, білім алған, өсіп-өркендеген киелі мекені ғой. Елбасы­ның мақаласындағы туған жерге қатысты айтылған ой орамдары менің де жүрегімді тебірентті. Біраз уақыттан бері ат ізін сал­май кеткен алыстағы ауылым есіме түсіп, өткен күндерімді, балалық шағым мен жас­тық дәуренім көз алдыма келді.  Шынымен де, ауыл гүлденсе, халықтың жағдайы жақсарады, әлеуметтік тұрмысы көтеріледі. Бұл– халық үшін зор қуаныш. Сондықтан мен де Ұлт көшбасшысының туған жерге арнаған әрбір сөзін насихаттай отырып, туған жерге деген сүйіспеншілігімді шамам келгенше іспен танытуға тырысатын боламын.

 

Жанар ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ,

№92 мектептің тарих пәнінің мұғалімі:

Амантай, Нұртайлар көбейсе ғой…

– Рас, елінен шалғайда жүрсе де, жүрегі туған жер деп елжірей соғатын жандар болады. Ауылын ұмытпайтын азаматтар­дың қатарына мен бүгінде өмірден өтіп кеткен Амантай Біртанов ағамызды қосар едім. Әлі есімде, 2004 жылы-ау деймін, Амантай ағамыз туып-өскен елді-мекеніне құрамында білгір де білікті дәрігерлері бар бригада жасап, өзі өскен елді-мекендегі халықтың денсаулығын тексертіп қайтқан. Сондағы елдің қолы жетпей жүрген арнайы мамандардан кеңес алып, арқа-жарқа болып қуанғаны әлі көз алдымда. Осылай­ша алматылық дәрігерлердің көрсеткен жәрдеміне дән риза болған халық бір сер­піліп қалған болатын. Сол сияқты қолынан келген көмегін аямайтын, сауабы сарқыл­майтын іс қылуға асығып тұратын жандар­дың қатарынан мен Асанәлі Әшімов ағамды көрем. Өз қаражатына ауылына мешіт салдырып берген ел ағасының еңбегін біз қашанда үлгі тұтамыз. Мақтанышпен айтамыз. Ал есімін ел жатқа білетін қазақ­тың атымтай-жомарт азаматы Нұртай Са­бильянов ағамыздың елге жасаған жарқын істері қаншама?! Мұндай баста­машыл жандар жер-жерде, ел-елде көп. Елбасы айтпақшы, туған жерге туын тігіп, ел мақ­танар тірлігі көпке үлгі болатын жанашыр азаматтар қашанда құрметке лайық.

 

Шынар НҰРДӘУЛЕТҚЫЗЫ,

әлеуметтік педагог:

Ауылда радио сөйлеп тұр!

– Әркімге өз жері жұмақ демей ме?! Алматыға келіп тұрақтап қалған күннің өзінде көпшілігіміз бір мезгіл қаланың шуынан демалу үшін, ауылды сағынып, кіндік қанымыз тамған жерге барып аунап-қунап қайтқанды аңсап тұрамыз. Біздің ауылдың бұрын да жағдайы жаман болған жоқ. Ал бүгінгі кейпі тіпті тамаша! Ауыл күн санап көркейіп келеді. Жақында Райымбек ауданындағы «Қайнар» ауылына Серік Шалов ағамыз әкім болып келген. Өзі сол ауылда туып-өскен азамат. Білікті басшы алғашқы жұмысты ауылдың таза­лы­ғынан бастапты. Одан кейін көшелерге түгелдей асфальт төсеп, жарықтанды­ры­лыпты. Көше-көшені өзі жаяу аралап, үйінің сырты ескірген, қоршауы қисайған тұрғындарға ескерту жасап, қалыпқа келтіруі үшін белгілі бір уақыт беріпті. Қазір барсаңыз, біздің ауылда келмеске кеткен орталықтағы радио саңқылдап сөйлеп тұр. Жақында «Wі-Fі» желісін қосатын көрі­неді…  Ауылымыз жасыл желекке оранған мекен. Биік үйлер салынып, аулалар мен көше-көшелерге қызыл-жасыл гүлдер егу жұмыстары қолға алыныпты. Бұл көпке үлгі боларлық іс қой. Мемлекетіміздің көр­кеюіне және дамуына үлес қосып жүрген, білікті де білімді, тәжірибесі мол Серік аға­дай ұлтжанды азаматтар қай ауылға болса да керек. Ал ел тізгінін осындай жаны жақ­сылыққа құмар жандар ұстаған­да ауылдың жағдайы жаман болуы мүмкін емес!

 

Салтанат ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ,

№36 мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

Ауылға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық

–  Нарық қыспағына ұшырап, қаңырап қалған ауылдардың бүгінде тамырына қан жүгіре бастады. Әрине, алыстағы ауылына қамқорлық жасап, елдің еңсесін көтеруге қолұшын беріп жүрген азаматтарға халық­тың айтар алғысы шексіз. Алайда, бізде тұрмысы сын көтермейтін алақандай ауыл­дар әлі де жетіп-артылады.Елбасының мақа­ласындағы «Туған жер» бағдарла­масын оқығаннан кейін ауылын іздеп, демеушілік танытуға келетін ағайынның қатары көбейеді деп ойлаймын. Өйткені, ауылға қамқорлық – ұлтқа қамқорлық деген сөз. Менің ойымша, ауылдың гүлде­нуіне жергілікті әкімдердің қосар үлесі зор. Сондықтан ел басқару жүйесіне ұлтжанды азаматтардың келгені дұрыс.

 

Амантай НҮСІП, қала тұрғыны:

Әр жердің өзіне тән тарихы бар

– Ұлт басшысының мақаласы барша халықтың туған жерге деген ыстық сезімін оятса керек, қайда барсам да осы тақы­рыпты тілге тиек етіп жатқан жандар көп. «Туған елге тағзым ету – парызым, туған жерге қызмет ету – қарызым» деп өте орын­ды айтылған. Әр ауылдың, әр жердің өзіне тән тарихы һәм ерекшеліктері болады. Сондықтан ол жерде тарихи тұлғалардың болмауы мүмкін емес. Өзіңіз байқаған да шығарсыз, қай ауылға барсаңыз да әйтеуір, сол елдің дамуына немесе сол жерді қор­ғауда ерлік көрсеткен тұлғаларға арналған ескерткіштер болады. Міне, осы тарихи-ескерткіштер мен туған жердің жетістіктері, сондай-ақ, сол өңірден шыққан танымал тұлғалар жайында жастар міндетті түрде біліп өсуі керек. Бұл ауыл жасөспірімдерінің еліне, жеріне деген, Отанына деген пат­риоттық сезімін оятуға, өнегелі қасиеттерін қалыптастыруға септігін тигізетіні хақ. Ен­де­ше, туған жерге ту тігуге асығатын жан­дардың қатарын көбейтіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», біз алмайтын қамал жоқ. Демек, оған жасалар амал көп.

 

Рүстем ЕРЖАНҰЛЫ, 3-курс студенті:

Ауылға жастарды тарту керек

– Рас, «елім дейтін ері болмаса, ерім дейтін елі қайда?». Біз ауылға жасындай жарқыраған жастарды тартуымыз керек. Себебі, бүгінгі жастардың бойында жаңа­шылдық бар. Олар бірнеше тіл біледі, жаңа заманның озық технологияларын меңгер­ген, білімді әрі сауатты. Өз басым, ел бола­шағы үшін бар күш-жігерін жұмсауға да­йын жастарға қолдау көрсеткенді қалар едім.

Сауалнаманы жүргізген —

Құралай Иманбекқызы.