РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ДЕКОЛОНИЗАЦИЯҒА ЖАСАЛҒАН ЕКІНШІ ҮЛКЕН ҚАДАМ

%d1%81%d0%bc%d0%b0%d0%b3%d1%83%d0%bb

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы шыққаннан кейінгі екі күнде республиканың ішінде де, сыртында да қызу айтыс басталды. Қазақстанда негізінен қолдау болып жат­қаны анық. Бірақ, сол қолда­ған мыңдардың арасы­нан шошыған, үрейленген дауыс­тарды да кездестіреміз. Өз басым сондай екі дауысты байқадым. Соған жауап бергім келеді.

Бірінші шошыған дауыс: «Қазақстан орыс әлемінен кетіп бара жатыр» дейді. Оған былай дегім келеді: біз орыс әлемінен ешқайда кетпейміз. Қазақ халқы – 100 пайыз орыс тілін білетін халық, Ресеймен 7 000 шақырымдық шекарасы арқылы араласып-құраласып жатқан халық. Оның ешқайда кетпейтініне күмән болмасын. Қайталап айтамын, Қазақстан тарихы ортақ үлкен ел – Ресейден ешқайда кетпейді. Тек бетін өзінің ағайындарына, латын әрпімен жазатын, сөйлейтін Түркі әлеміне қарай бұрды дегіміз келеді. Өйткені, мынау тұрған қырғыздар, өзбектер, түркімен, тәжіктер бізге бә­рінен де жақын. Біз олармен бір тілде, бір дінде, бір ал­фавитте болуымыз керек.

Екінші шошыған дауыс: «Президент коммунизм, фа­шизм және либерализм деген тіркес қолданды. Қалайша коммунизм мен фашизмнің қасында либерализм жүр? Бұл қалай?» деп жатты. Шынында, алғаш оқыған кезде біз де шошыдық. «Қалайша либера­лизм коммунизм мен фа­шизм­нің қатарына қосылып кетті?» деп біз де таңқалдық. Бірақ, ойлап қарасақ, мұның тамыры, мағынасы өте те­реңде. Президент осынау үш «измді» бекерден-бекер қатар қоймаған екен. Оның себебін айтқымыз келеді. Либерализм дегеніміз – бүкіл Батыстың көтерген туы ғой. Соның арқасында олар бүгінгі өрке­ниетке жетті. Керек де­сеңіз, біз Ата  Заңымызды жаз­ған кезде солардың Конс­титу­циясынан үлгі алдық.

ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген неміс Освальд Шпенглерден бастап күні бүгінгі Жак Аттали немесе Патрик Бьюкенен сияқты американдық әйгілі талдау­шылардың пікіріне сүйенсек, ХХ ғасыр бойына, яғни, жүз жылдан бері  бүгінге дейін олар Батыстың ажалын талмай айтып келеді. Батыс өз ажа­лына жақындады деп келеді. Өздері оны демографиялық тұрғыдан айқындап, адам­дардың барлық жағынан аз­ғын­далуын дәлел ретінде алға тартады.

Американдық зерттеуші Патрик Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты кітабында «Бү­гінгі Батыс өз жаназасын өзі шығарып жатыр» дейді. Ешкім оның жаназасын шы­ғарып жатқан жоқ. Өйткені, сонау француз революция­сынан басталған либерализм осы тұйыққа алып келді деген ой айтып, мойындайды. Батыс ойшыл­дарының дені осы пі­кір­де екенін оқып, біліп жүр­міз.

Өкінішке қарай, Батыста басталған либерализмнің кө­леңкелі тұстары, ең алдымен, оның былықтары Қазақстанға да жетіп жатыр. Қазіргі уа­қытта біз құлақ естіп, көз көрмеген қылмыстардың куәсі болып жүрміз. Әсіресе, жас­тардың арасында жаға ұста­татын жағдайлар көптен кездесуде.

Суицидтен әлемнің алғаш­қы елдерінің қатарында екен­біз. Гомосексуализм біздің көз алдымызда түнгі клубтарда тайраңдап жүр. Жезөкшелік – ешқашан Ұлы далада болмаған қылмыс. Ал педофилдік – қазақ халқының өңі түгіл тү­сіне кірмеген масқаралығы. Осының бәрі өз арамызда толып жүр. Ары қарай тізе берсең, шашың ағарып кетеді.

Бізде түнгі клубтар көп. Біле-білсеңіз, сол жерде наша­қорлық бар. Сол жерде гомо­сексуализм бар. Сол жерде қызтекелік бар. Сол жерде алкоголизм бар. Бір сөзбен айтқанда, барлық қыл­мыс – сол жерде. Ұл-қызда­рымызды азғындатып жатыр.

Бұл дегенің – қазірдің өзін­де батыстық либерализм­нің көлеңкелі жағы бізге жетіп жатыр, бізді буындырып жа­тыр деген сөз. Біздің мора­ль­дық болмысымызды, рухани болмысымызды тұншық­ты­руға кірісті бұлар.

Сол үшін рухани байлық­тарымызды сақтайық. Иманы ұйыған қазақ даласы едік қой, ағайындар. Ұлы даланың ғажайып қасиеттері бар емес пе?! Бүкіл әлемді шарпыған осы 7-8 қылмыстың біреуі де бізде болған жоқ.

Ал Батыстың әсерінен, либерализмнің әсерінен сол қылмыстар бізге де жетті. Міне, мына құжат, Мемлекет басшысының ел назарын айрықша аударған мақаласы осы үшін пайда болды деп ойлаймын. Бізге Батыстың да, Шығыстың да соңынан сал­пақтап ере берудің қажеті жоқ. Қазақтың ешкімге ұқсамайтын ерекше құндылықтары бар ғой.

Бұл құжаттың тағы бір құндылығы – соңғы жаңа тарихта деколонизацияға жасалған екінші үлкен қадам болды. Бірінші тарихи қадам қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып жариялануы еді. Ол кезде де қарсы жұрт дәл осылай шу ете қалды. Екінші ұлы қадам – осы рухани жаңғыру, ұлтты ұйыстыру. Сөз жоқ, бұл біздің еңсемізді, елдің еңсесін көтерді. Енді тек еңбектену ғана қалып отыр.