ЛАТЫН ҚАРПІ ӨМІРІМІЗГЕ БІРТІНДЕП ЕНІП КЕЛЕДІ

%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Мемлекетік тілді дамыту институ­ты­ның ұйымдастыруымен Ұлттық кітап­ханада «Латын қарпіндегі қазақ әліпбиі: қиын­дықтары мен шешу жолдары» атты дөңгелек үстел жиыны өтті. Ша­раны Мемлекеттік тілді дамыту институты­ның атқарушы директоры Б.Қапалбек жүр­гізді. Ғалымдар Ә.Жүнісбеков, И.Бей­біт, Н.Уәли, Б.Оспанова, өзге де тіл білімі саласының мамандары көтеріліп отырған тақырыпқа бай­ланысты өздерінің ой-пікір­лерін білдірді.

Латын графикасына өту идеясын сонау тоқсаныншы жыл­дардың басында акаде­мик Әбдуәли Қайдар көтерген болатын. «Орыстан кетсек, оңбай қаламыз» деп, өре түре­гелгендердің қарасы ол кездерде өте көп еді. Солардың бел ортасында қазақ руха­ниятына сіңірген еңбегі үшін алған атағынан ат үркетін, бірақ, бала-шаға­сымен орысша сөйлесетін тілші-ғалым аға-апаларымыз да жүретін. «Пәлен ғасырғы жа­зуымыз – арабшаға оралсақ қайтеді» дейтіндермен қатар, «түбі бір түркі түгелденіп, орхонға қайтса жөн болар еді» деген де асқақ армандар болған еді. Бүгінгі қазақ қоғамы орыс, араб, латын, көне түркі сияқты әліпбилердің ішінен латынға тоқтап отыр. Бірақ, арамызда оны жақтамай­тындар әлі де баршылық. Әліпби мәселесіне қатысты осындай жиындарда 20 жыл бұрынғы әңгімені қозғап, алға жылжымай табандап жа­тып алатындар бар. Алайда, ғылымы мен мәдениеті дамыған Еуропа елдері латын әліпбиін қолданады. Қазіргі ақпараттық-қатыстық электронды құрал-жабдықтардың тілі де латын қарпіне негіз­делген. Латын әліп­биінің осындай артық­шылығын ескерген қазақ қоғамы осы әліпбиге көшуге басымдық беріп отыр.

Жаңа әліпби, жаңа жазу, жаңа ереже арқылы ғана кирилл әліпбиінен, сол ар­қылы күштеп ендірілген өзге тілдік дыбыс-әріптерден, сол дыбыс-әріптер қолданы­латын өзге тілдік сөздер орысша қалай жазылса, қазақ тілінде сол қалпында жазу­ға мәжбүрлейтін емле ережелерінен, айналып келгенде, орыс тіліне тәуелді­ліктен құтылуға болады. Латын әліпбиіне көшкенде қазақ тілінің табиғатына тән емес дыбыстарды әліпбиге кіргізбеу арқылы қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін, табиғи бітім-болмы­сын сақтап қала аламыз. Тілі­міздің дыбыстық жүйесіне негіз­делген әліпбиін құрастырып, төл дыбыстарымыздың тіркесім заңдылығын сақтай алсақ, емле ережемізді дұрыс түзеуге де, жалпы халықтың сауатты жазуына да зор мүмкіндік туады.

Аталған тақырып Мемле­кеттік тілді дамыту институ­тында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің мемлекеттік тапсырысымен ғылымды 2015 – 2017 жылдары гранттық негізде қаржы­ландыру аясында зерттеліп жатыр. Ондағы ғалымдар болашақта өз тарапынан көпші­ліктің талқы­сына латын қарпіне негіз­дел­ген қазақ әліпбиінің жобасын ұсынбақ.