Вена қаласы әлемдік көрмені өткізуге тыңғылықты дайындалды

1392535339076

Бүкіләлемдік көрме шежіресі бастал­ғаннан бергі уақыт ішінде өзара бәсеке жарыстырып келе жатқан Англия мен Франция алғаш рет әмбебап көрме эста­фетасын басқа елге берді. Бұған дейін Бүкіләлемдік көрме Лондон (1851, 1862) мен Парижде (1855, 1867) кезектесіп өтіп келе жатқан болатын. Сөйтіп, 1873 жылы тарихта тұңғыш рет Австрия-Венгрия империясының астанасы – Вена қаласы көрме өткізу құқығына ие болды.

Осы жылдар ішінде Бүкіләлемдік көрме өткізу мәселесі әлемде белгілі бір мемлекеттің беделін арттырудың ықпалды құралына айналды. Міне, осы үрдісті мақсат тұтқан Австрия 1873 жылы Вена қаласында Бүкіләлемдік әмбебап көрме өткізу бастамасын көтерді. Габсбург монархиясының ойынша, бұл көрме Пруссия және Италиямен болған соғыста күйрей жеңілген монархияның беделін қалпына келтіріп, ел экономикасын жандандыруға септігін тигізуі тиіс еді. Сондықтан монархия бұл көрмені өткізуге барлық мүмкіндігін сарқа жұмсап, жан-жақты дайындалды. Вена көрмесін ұйым­дастыруға Ротшильд, Крупп сияқты ірі банкирлер белсене атсалысты. Осыған бай­ланысты көрмені өткізу барысында пай­далы келісім-шарттар жасауға басымдық берілді.

Көрме өткізу орны ретінде веналық­тардың ең сүйікті демалыс орны – Пратер саябағы таңдап алынды. Осының алдында өткен Париж көрмесінен асып түсу мақсатында Австрия-Венгрия билігі 12 гектар, яғни, Париждегі көрме ауқымынан 5 есе үлкен жер телімін бөлді. Негізгі көрме кешені – Өнеркәсіп сарайы сәулетші Фишгреттің жобасы бойынша жасалып, ұзындығы 907 метр, ені 206 метрге созылған 70 мың шаршы метр аумақты қамтыды. Сарайдың орта тұсында сол кезеңдегі әлемдегі ең биік Ротонда тұрғызылды. Оның жалпы диаметрі 110 метр болса, биіктігі 83 метрге жетті. Бұл сол кездегі сәулет өнерінің озық үлгілері болып саналатын Рим қаласындағы әулие Петрдің және Лондон қаласындағы әулие Павлдың соборлары күмбездерінің аумағынан екі есе үлкен болды.

Осындай ірі де сәнді сарай салыс­тырмалы түрде аз уақыттың ішінде – 18 айда бой көтерді. Көрме кешенінің аума­ғында машиналар көрмесінің павильоны, тамаша өнер туындыларын көрсететін павильон, бау-бақша павильоны және басқа мақсаттағы 190 павильон бой көтерді.

Алайда, Австрия-Венгрия империясы көрме өткізген кезеңде кәрі құрлықты күйзеліске ұшыратқан табиғи апаттар орын алды. Дунай өзені ернеуінен шығып, көптеген елді-мекендерді су басты. Еуропада тырысқақ ауруы белең алды. Бұл табиғат апаттарына алаяқтардың қолымен жасалған қаржы дағдарысы қосылды. Сөйтіп, веналықтардың барлық мүмкін­діктерін сала тырысқандарына қарамастан, Бүкіләлемдік әмбебап көрмеге келушілер қатары сирек болды. Соған қарамастан, австриялық император Франц-Иосиф салтанатты жағдайда көрмені ашты.

1873 жылы Вена қаласында өткен бұл көрмеде машина-техникалық жәдігерлер ерекше басым болды. Темірден жасалған осындай жәдігерлердің көптігіне бай­ланысты журналистер ХІХ ғасырды – темір ғасыры деп сипаттады. Көрмеде Крупптың зауыттарында жасалған әскери техникалар көп орын алды. Осы зауыттан шыққан ұңғысының өзі 26 тонна болатын зеңбірек көрмеге келушілерді таңғалдырды. Бұл зеңбірек ататын 276 килограмм снаряд қалыңдығы 18 см. темір қорапты тесіп өтетін еді. Крупп зауыттарынан шығатын мұндай әскери қарулар көптеп саналатын. Соған сәйкес, көрме экспонаттары туралы жазған журналистер оны «сұмдық соғыс королі» деп атады.

Сол кезеңде орын алған табиғи апаттар мен қиындықтарға қарамастан, Венада өткен Бүкіләлемдік көрме Австрия-Венгрия монархиясының мәдени өміріндегі ерекше айтулы оқиға болды. Көрмеге дайындық барысында Вена қаласы ерекше түрленіп, Дунай каналы қайта жаңғыр­тылды. Бұл көрменің тарихтағы ерекше бір маңызы – мұнда тұңғыш рет ғалымдардың халық­аралық форумы өткізілді. Сонымен бірге, Бүкіләлемдік көрмелер тарихында алғаш рет бұл шараға Африка құрлығының мемле­кеттері тартылды. Көрмеге бірінші рет Жапония қатысты.