БІЛІКТІ ЖҮРГІЗУШІ – ҚАУІПСІЗ ЖҮРГІЗУШІ

Шаһар басшысы қоғамдық көлік жүргізушілерінің біліктілік орталығында болды

ddd_6358

Нұрлан СҮЙІН

Алматы қаласының әкімі Б.Байбек жаңадан ашылған көлік маман­да­рының біліктілігі орталығында болып, жұмысымен танысты. Қазақ­стандағы жалғыз орталық қоғамдық көлік жүргізушілерін оқыту, біліктілігін арттырумен айналысады.

Жаңа орталық заманауи оқу аудитория­ларымен жабдықталған. Аудиторияларда емтихан тапсыратын компьютер сыныбы, тренажерлі кабинеттер, жүргізушілерге ар­налған психосараптау және этика кабинеттері бар. Және де мамандар алғашқы медициналық көмек көрсетуді оқытады. Орталық директоры Роза Бадаеваның мәлімдеуінше, D, D1 санат­тағы жүргізу­ші­лерді дайындау курстарын 16 маман жүргізеді екен. Бүгінгі таңда қаланың негізгі жолаушы тасымалдаушы компанияла­рымен келісім-шарттар жасалыпты.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының бас­шысы А.Ахметова оқыту, біліктілікті арттыру курстарына сұраныс жоғары дейді. Сұраныс салада жұмыс етіп жүрген жүргізушілермен қатар, қоғамдық көлік саласында еңбек еткісі келетіндер тарапынан да болып отыр екен.

Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында 300 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінде 15 автобус, 15 троллейбус жүргізушісі курстан өтіп жатыр.

Орталықта болған қала әкімі автопарктер басшыларына қоғамдық көлік саласында қызмет көрсету сапасын арттыруды модер­низациялау қажеттігін айтты.

– Жекеменшік автобус парктері қожайын­дары парк көліктерін жаңалауды қажетті жағдайда жүргізбей, барлық мәселені мемле­кет мойнына артып қойғысы келеді. Бензин, жанармай бағалары жақсы кезде осы бизнес өкілдері не бітірді? Олар осы саладан тапқан ақшасын техниканы жаңалаудың орнына, басқа жаққа салды. Сол себепті де қалалық­тардың жолақысы қайда кетіп жатқаны белгісіз болды. Әлі де жолаушы­лардың төлеген нақты ақшаларының ізі бел­гісіз, сондықтан біз оны субсидия­ламаймыз, – деді Б.Байбек.

Биылғы жазда қалалық көлік реформасы ұсынылатынын айта кету керек. Реформа жаңа арнайы жолақтарды, қолайлы жол белгілерін, бір бағыттағы көшелер, т.б. қарастырады. Бұдан өзге, қалалық автобус паркі 60 таулы жерде жүретін автобуспен толығады, 40 эвакуатор сатып алынады.