Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі: ЕЛБАСЫ СОМДАҒАН ЖАСАМПАЗ ҰЛТ ФОРМУЛАСЫ

777

Мәншүк БЕКБОСЫН

Кеше қалалық әкімдіктің мәжіліс залында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын талдауға арналған қала активінің жиыны өтті.  Жиналған қауым Елбасы мақаласындағы келелі ой мен кесімді пікір бойынша, ел алдында тұрған мақсат-міндеттер мен алдағы уақытта атқарылатын істер жөнінде ой бөлісті. Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек төрағалық еткен бас­қосуға мегаполистің ғылыми, шығармашылық интеллигенция өкілдері, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, аудан әкімдері, қалалық құрылымдардың басшылары, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, бизнес салаларының мамандары, жастар, саяси партиялар мен этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Басқосуда Жазушылар одағы басқармасының төраға­сы Нұрлан Оразалин, ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, академик Төрегелді Шарма­нов, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, жазушы Смағұл Елубай сөз сөйледі.

Алқалы жиынның әлқиссасын ашқан қала әкімі Бауыржан Байбек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолдауын рухани жағынан байыта отырып, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының алғышарттары ретінде ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен  бірегей бағдар­ламалық құжат деген баға берді.

– Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек – бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез-келген жаңғырудың, ең алдымен, ұлттық бол­мысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрін­бей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр, – деген қала әкімі, – рухани жаңғыру – ұлттың өз болмысынан, мәдениеті мен тарихынан сусындауы, соған сүйене отырып іске асуы қажет деген пікір айтты. Сонымен қатар, шаһар басшысы бұл өзгерістерге үрке қарап, тек қана өткенді жырлай берудің, жаңаның бәрін қисық деп тауып, кертартпалыққа ұрынудан ада болуға шақырды. Сондай-ақ, мақалада еліміздің қазіргі таңда жаңа техноло­гияларға, жаңа әлемдік саяси экономика­лық ахуалға негізделген мүлдем жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын айта келе, Елбасының осы тұстан сүрінбей өтуге, яғни, біртұтас ұлт болу үшін қандай қасиет­терге ие болып, міндеттерді еңсеру қажеттігі жөнінде ой толғағанын тілге тиек етті.

Жиында баяндама жасаған қала әкімі Бауыржан Байбек өз сөзінде рухани дүниені қайта жаңғыртуға тиіспіз дегенді айтты. Яғни, заман талабына сай көне мен бүгінгіні қисынды ұштастыра отырып, өзіміздің рухани кодымызға сүйене оты­рып, рухани жаңғыруды қолға алу керек. Бүгінде экономика, әлеумет, дағдарыс туралы көп айтамыз, көп жазамыз. Осы ретте руханият екінші сатыда қалып қойғандай көрінеді. Сол үшін де біз рухани дүниені қайта жаңғыртқанымыз абзал.

–       Бұған ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматының мыңжылдық тойы шеңберінде ашылған заманауи мультиме­диялық Алматы музейі, «Алатау» дәстүрлі өнер театры және мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, әрқайсысы өз дәреже­сінде сеп болады деп ойлаймын, – деді әкім.

Расымен, ұлтымыздың рухани көшбас­шысы Алматыдай алып шаһарда  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының салтанатты түрде ашылуы дәстүрлі өнер өкілдері үшін ғана емес, сол өнерді сүйетін тыңдармандар үшін де елеулі тарихи оқиға болды. Мұндай  игілікті іc – халықты рухани тұрғыда дамытудың бір жолы іспеттес.  Алматыдан ашылған мұндай дәстүрлі өнер ордасы тек бір қаланың аясында қалып қоймай, бүкіл қазақ даласын қамтитын кешенді бағдар­ламамен жұмыс істесе. Яғни, дәстүрлі өнер ордалары еліміздің барлық орталықтарында көптеп ашылса деген тілек бар.

Жалпы, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қалаға Бауыржан Байбек әкім болып келгелі бері, Алматыға айтыс қайта оралды деуге болады. Бұл – айтыспен бірге қазақы рух келді дегенді білдірсе керек.

–       Осыдан ширек ғасыр бұрын Тәуел­сіздігіміз қолға тиіп, мемлекеттігіміз тәй-тәй басқан тұста Елбасымыз және оның жанынан табылған зиялы қауым өкілдері, сіздер, осы ақиқатты басшылыққа ала отырып, ең алдымен руханиятымызды түген­дедіңіздер.  Бұл ретте батыр даналары­мызға, билерімізге ас берілді. Олардың мұрасы насихатталды. Тіл проблемасы кеңінен көтерілді. Осылайша ерліктің рухы қайралды. Елбасы бастамасымен қабыл­данған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тарихи-мәдени ескерткіштеріміз, көптеген нысандарымыз жөнделіп, баспа ісіне тыңнан серпін берді. Арнайы бағдар­ламаға сүйене отырып, арғы-бергі тарихы­мыз түгенделді. Басқа елдерден көптеген тарихымыздың жазба жәдігерлерін, құжат­тардың көшірмелерін алдырып, зерттедік, – деді Бауыржан Байбек.

Осындай  жүйелі жұмыстардың соңы Қазақ хандығының 550 жылдығы және Алматының мыңжылдығы сияқты рухты мерейтойларға ұласты. Қалалық жеткін­шектердің санасы өзгерсін, өздерінің біреу  салып берген емес, керісінше, бабаларынан мұра болып қалған Мыңжылдық шаһары­ның тұрғыны екенін білсін деген мақсатпен Елбасының алғысөзі жазылған «Менің сүйікті қалам» атты көркем кітап шығары­лып, мектептерге таратылған болатын. Универсиаданың ашылу мен жабылу сал­танатында, басқа да үлкенді-кішілі шара­ларда алыстан келген қонақтарға қазақтың көнеден келе жатқан тамырлы тарихы, дәстүрі мен салты, өзіндік мәде­ниеті бар ел екендігін танытатын көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

Айта кету керек, туризм мәселесі де – руханият. Бұл ретте мақаладағы Елбасының «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасына  мыңжылдық тарихтан сыр шертетін Алматының баурайындағы Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Боралдай сақ қорғандары мен алтын адам табылған Есік қорғаны секілді жерлерді атап өтуге болады.

–  Еліміздің жері кең. Мыңжылдық тарихы бар, көптеген тарихи тұлғалар мәңгілікке қоныс тапқан Алматы қаласы­ның әлеуеті зор. Біздің өлке туризм сала­сына үлкен үлес қосуда. Елімізге келген әрбір екінші турист Алматыға ат  басын тірейді. Қалада тарихи ескерткіштердің де алар орны бөлек. Жақында ғана қала тарихын көрнекі түрде жүйелеп, Алматы мультимедиялық мұражайын іске қостық. Музейді аралаған Елбасы, мұндай нысан­дардың еліміздің көптеген қалаларында көптеп бой көтеруін тілге тиек еткен еді. Оның туристік қана емес, ұрпақ тәрбие­леудегі маңызы зор екенін атап өтті, – деді Б.Байбек.

Бұдан бөлек, мегаполис басшысы Бауыржан Байбек латын әліпбиін жасауға алматылық ғалымдар мен зерттеушілерді үлес қосуға шақырды.

– Күн сайын қарқынды дамып жатқан заманауи технология, коммуникация және инновацияның техникалық тілін жедел меңгеруде латын әліпбиінің рөлі айрықша болмақ. Бұл бағытта Елбасы 2025 жылға қарай баспа ісін толық латын әліпбиіне кө­шіру­ді ұсынады. Ол үшін ел Үкіметіне қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кес­тесін әзірлеуді, жыл соңына дейін қазақ әліп­биінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды тапсырды. Бұл іске тіл білімінің басы-қасында жүрген алматылық ғалымдар, қаламызда орналасқан ғылыми зерттеу институттары мен кәсіби зерттеу орталықтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, атсалысады деп сенемін, – деген қала әкімі, – практикалық, одан кейін идеологиялық мәнге ие осы бастаманы, ең алдымен, Алматының зиялы ортасы мен жастары қызу қолдайтыны сөзсіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елде мемлекеттік тілді білетіндердің саны 40 пайыз десек, бүгіндері ол 80 пайызға жетті. Алматы қаласында бұл көрсеткіш кезінде небәрі 20 пайыз болғанын сіздер жақсы білесіздер. 1991 жылы қалада небәрі 18 ғана, оның өзінде, қазақша-орысша аралас тәрбие беретін мемлекеттік балабақша болса, бүгін оның саны 157-ге жетті. Мектеп саны да 7-ден 65-ке дейін артты. Ал, ондағы бала саны 11 мыңнан 104 мыңға дейін өсті, – деді ол.

Сөз соңында шаһар басшысы «Қа­зақ­станның қастерлі географиялық бел­деуінде азаттығымыз жарияланып, рухания­тымыз шыңдалған, ұлтымыз ұйысқан ғасыр­лар куәсі Алматының рөлі ерекше бол­уы тиіс деп ойлаймын. Мақалада келтірілген жоба­лар шынайы біртұтас ұлт болып қалып­тасу­ды мақсат еткен шаралар топтамасы.  Қашан­нан зиялылар мекені аталып келген Алматы қаласында мемле­кетіміздің іргесін нықтауға атсалысқан тұлғалар, білім мен ғылым, мәдениет, спорт салаларында асқар асуларды бағындырған, ел мерейін асырған белгілі азаматтар тұрады. Ұлттың рухани құндылығын заман ағымына сай жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізе білген қоғам ғана бәсекеге қабілетті, болашағы жарқын ел бола алады» деді.

%d0%b0%d1%81%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b8

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның, КСРО-ның Халық әртісі:

Рухани байлық бар жерде, елдің бірлігі де нығая түспек

–  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – күн тәртібіндегі мәселелерді көтеріп тұрған ауқымды жоба, стратегиялық құжат. Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Руханият барлық адамға азық. Елбасы мақаласы өте маңызды әрі күрделі. Бұған дейін саяси, экономикалық мәселелер көбірек қозғалып келді. Бұл жолы Елбасымыз рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отыр. Өйткені, рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде, елдің бірлігі де нығая түседі. Елбасы өз мақаласында туған жерге қамқорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген концепцияны ұсыныпты. Бұл да қазіргі жағдайда керек дүние. Жүрегімізге қонды. Бұдан бөлек,  латын әрпіне көшу мәселесі қозғалған екен. Құрастырушылардың айтуынша, латын қарпі тек қазақ мектептерінде ғана болады. Бұл қазақ тіліне ғана қатысты екен. Ал, орыс мектептерін қайтпекпіз? Бүгінде орыс мектептерінде қазақ балаларының 70 пайызы білім алады. Сонда, сол 70 пайызды қайда қалдырамыз?

…Екі тарау мен алты тармаққа, алты тапсырмаға құрылған  Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын нышаны.

%d0%b6%d1%83%d1%80%d1%8b%d0%bd%d0%be%d0%b2

Мұрат ЖҰРЫНОВ, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

Үлкен көрегендіктің белгісі деп білемін

– Елбасының бұл мақаласы – өте терең, жан-жақты қарас­тырылған және өте батыл жазылған дүние. Ұлттық кодты сақтай отырып, модернизациялау деген не? Код дегеніміз – ұлтты біріктіріп, ұстап тұратын ұлттың фундаменті. Оған тіл, дін, діл жатады. Діл дегеніміз – қанымызға сіңген әдет-ғұрыпты сақтай отырып, өзіміздің қоғамымыздың кейбір қасиеттерін, кейбір әдеттерін өзгертіп, заманға сай өмір сүру. Біз бұған да дайынбыз.

Елбасы өзінің мақаласында ұлттық болмысымызды, ұлттық қабілетімізді әлемдік байлықпен үйлестіре отырып дамытуды көрсетіп отыр. Сонымен қатар, руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендіктің белгісі деп білемін. Бәсекеге қабілет­тілік сөз болды. Біз барлық салада – саясат, экономика, мәдениетте көштен қалмауымыз керек. Білім беру саласына мән берілген. Ағылшын тілі – әлемдік тіл. Десек те, қазақ тіліне басымдық беруі­міз керек. Мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Оған білім, ғылым арқылы ғана жетеміз.

(Жиында сөз алған өзге де қоғам қайраткерлерінің сөздерін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар) 

зиялының СӨЗІ

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Рухани жаңғыру үшін жалтақ халықтан ел мүддесі үшін күресе алатын ұлтқа айналуымыз керек.

Есенғали РАУШАН,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Ұлттың руханиятын жаңғыртуға ұлттық интеллигенция жұмыла кіріскені дұрыс.

Дос КӨШІМ,

саясаттанушы:

– Бұл – қазақ руханиятының жаң­ғыруы. Мемлекеттің титулды ұлтының жаңғыруы заман талабына сай болуы керек.

Айдос САРЫМ,

саясаттанушы:

– Шынайы революция – мәдени және рухани революция. Шынайы модерни­зация руханият пен санадан бастау алады. Егер осы айтылғанды қойыртпақ қылмай, жемсауға айналдырмай іске асырсақ – құба-құп.

Ерлан ҚАРИН,

саясаттанушы, «Қазақстан» ұлттық арнасының басшысы:

– Бұл құжат – қазақ ұлттық мүдде­сінің стратегиялық бағытын айқындай­тын жаңа идеологиялық концепция. Ұлтты белгілі бір әрекетке жігерлендіріп, түрткі болатын принциптердің жиынтығы.