ПАРИЖ МАҢЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ КӨРМЕ

1

Серік ЖҰМАБАЕВ

Әлемнің әйгілі көрмелерінің алғашқысы Foіre de Saіnt Denіs деп аталады. Бұл көрме Париж маңында өткен. Әлемнің алғашқы көрмесінің негізін 629 жылы Дагоберт король қалаған.

XVІІІ-XІX ғасырлар аралығында өнер­кәсіпті төңкерістің өніміне айналған өндірістің дамуымен жәрмеңкелер пайдалы заттарды тікелей сату орындарынан олар­дың кең ассортиментін көрсететін орын­дарға айналды.  Тауарлардың тек үлгілері ға­на қойылып, көрсетілді, сондықтан, «әлем көрмелері» деген термин пайда болды.

Бірінші дүниежүзілік көрме 1851 жылы Лондондағы Гайд саябағында мемлекет қайраткері, кәсіпкер және дизайнер Генри Коулдің және Альберт Девиз ханзаданың бастамасымен өтті. Бұл көрме «Барлық елдер ұлы іс – адамзатты жетілдірумен айналыссын» деген ұранмен өткізілді. 20 аптаның ішінде оған 6 млн. адам келген (сол кезде Лондонда 3 млн. адам тұрған болатын).

Көрменің негізгі көрнекті жері Джозеф Пакстон салған темірден және шыныдан тұрғызылған Хрусталь сарай болды. Ғи­марат жеңіл жиналатын және бөлшекте­нетін жекелеген құрылымнан тұрғызылған. Бұл – «Алтын ғасырды» бейнелейтін сарай. Келесі жылдарда ірі қалаларда шыны мен темірден осыған ұқсас ғимараттар – оқу залдары, пассаждар, тоғыспалы галлерея­лар салына бастады.

Бір әттеген-айы, викториандық дәуірді дүр сілкіндірген сол сарай қазіргі күнге дейін сақталмаған. 1936 жылы ол өртеніп кеткен. Аталмыш алғашқы көрмеде сол кезде әлемде өндірілген заттардың бар­лығын көруге болатын. Бірақ, құрал-жабдықтар бөлімі ең үлкен әсер қалдырған: бу қозғалтқыштары, стерео-фотосуреттер, американдық Чарльз Гудиер ойлап тапқан ысытылған резеңке (Goodyear атауы барлық автоәуесқойларына таныс шығар!), қойылтылған сүт, консервіленген азық-түлік, мүгедектерге арналған протездер, шыны көздер, стоматологиялық креслолар, «веналық» деп аталатын орындықтар және басқа да заттар.

Көрмеден түскен пайда комақты болған – шамамен 186 000 фунт стерлинг. Осы ақша бірнеше мұражайларының құрылы­сына, солардың ішінде, әйгілі Виктория мен Альберттің мұражайының бой көтеруіне жұмсалған.

Дәл сол кезде, уақыт өте міндетті болған көрмелердің қағидаларын тиісті халықаралық нормативтік актілерде бекіте отырып, жетілдіре бастады. Олардың басты мақсаты – жаңадан шыққан ғылыми-тех­никалық жетістіктерді, болашақта дамуын, сондай-ақ, қатысушы елдердің тарихын, салт-дәстүрлерін және мәдениетін көпшілікке көрсету.

Бүгінге дейін әлемде 65 көрме өткі­зілген. Қазақстанда өткізілетін халықара­лық көрме 66-рет өткізілгелі отыр.

Әрине, осындай үлкен мерзім ішіндегі мұндай көрмелердің мазмұны мен сипаты едәуір өзгерген болар, бірақ, оларға деген ерекше ілтипат пен абыройы сол күйінде сақталып келеді.