МҰНАЙДАН ГӨРІ, БИДАЙ САТҚАН ТИІМДІ МЕ?

(Қытайдың аграрлық жаңа жобасы жайында)

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0

Соңғы бес-алты жылда «қара алтын» аталатын мұнай шикізатына бағаның  халықаралық  саудада   (2008 жылғы мамырда) барреліне 135 доллардан – (2016 жылғы қаңтарда)  27,7 долларға дейін  арзандауы талайларды  абыржытып,  сан соқтырғаны шүбәсіз шындық.  Мұнай  сатудан қисап­сыз пайда тауып, ықылық атқан  көптеген мемлекеттің қор­жыны босап, жұқаланып қалды.  Әдеттегідей мұны эконо­миканың, сауда-саттықтың заңына салып, сұраныс пен ұсыныстың  ауытқушылығынан көруге болар еді. Бірақ, мұнда  АҚШ сияқты алпауыт мемлекет пен ОПЕК елдерінің  геосаяси  «қолтабасы» бар екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Жарайды, сөз ете берсең, мұнайдың  жыры мен мұңы бітпес әңгіме. Мұны неге  айтып отырмыз деңіз. «Бір жамандықтың  бір жақсылығы да болады»  демекші,  мұнай бағасының құлдырауы екінші жағынан бірталай елді ойландырып тастаған сыңайлы.  Басқаша айтқанда, тек мұнайға телміріп отырмай,  өндірістің басқа саласын қолға алуға жетелегендей.

Жерінің қойнауында әлі де 70-80 жылға жететін  262,7 млрд. баррель (әлемдік қордың 22,9 пайызы)  «қара алтын» байлығы бар Сауд Арабиясының өзі тек мұнайға сеніп отыруға болмайтынын біліп,  экономиканың басқа салаларын дамытуға бағытталған «Саудия-2030» («Saudі Arabіa’s Vіsіon 2030») бағдарламасын қабылдады.  Ол бағдарламада  мұсылмандар үшін қасиетті мекен – Меккеге келушілерді  2030 жылға қарай 30 млн.-ға жеткізу, туризмді дамыту, көліктік қатынас пен транзиттің әлеуетін пайдалану,  шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, ғылым мен білім саласына инвестиция құю, университеттерді дамытып, онда шетелдіктердің келіп оқуына  кең мүмкіндіктер жасау, т.б. міндеттер қойылды.

Осы сияқты  Норвегия үкіметі соңғы жиырма жылда сыртқа мұнай сатудан  түскен пайданы шашау шығармай  Ұлттық қорға жинап, еселеп 882 млрд. долларға жеткізіп, ендігі жерде мол қайтарым беретін басқа салаларға сал­мақшы.

Демек, қазіргідей мұнай бағасы құбылған, қаржы-экономикалық дағдарыс белең алған кезеңде көптеген мемлекеттердің алдында экономиканы әртараптандыру  және бәсекеге қабілетті ету  міндеті тұр.

Бүгінде экономикалық  дамуы жөнінен  алпауыт АҚШ пен жымысқы Жапонияны қуып жетіп, басып озған  Қытайдың  кең ауқымды  «Бір жол – белдеу»  бағдарла­масын қабылдап, әлемді таңдандырып отырғаны баршаға мәлім.  Осы бағдарлама  аясындағы  Қытайдан – Орталық Азия, Қазақстан және Ресей арқылы  Батысқа бағытталған – «Жібек жолының экономикалық белдеуі»  және  Оңтүстік Қытай – Шығыс Қытай – Үнді мұхиты бағытын­дағы бағдарламасын жария етті. Бұл бағдарлама Индо­незия, Малайзия, Сингапур, Таиланд сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін қамтитын –  «ХХІ ғасырдағы Жібек теңіз жолы»  тармақтары  көліктік қатынас, тауар тасы­малын  жандандырып қана қоймай, біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыруды мақсат етеді.

Экономикасын жан-жақты дамыту жолында әр қилы қадам-қаракеттер жасап, төрткүл дүниені таңқалдырып отырған Қытайдың тағы бір жобасы – Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс істеп, Африка, Азия елдеріне  дәнді дақыл шығарып сататын «астық дәлізін» жасау болып отыр. Мұны жақында әйгілі «Синьхуа» агенттігі  мен коммунистердің орталық «Жэньминь жибао» газеті  жария етті. Осы арада: «1,5 млрд.-қа жуық халқы бар Қытай алдымен өзін жарылқап алсын. Ол қалай сыртқа астық сата алады?» деген сұрақ тууы мүмкін.  Міне, мәселе сонда!

Аспанасты елі қазіргі таңда: «Қытай жасауы ықтимал», «Қытай жоспарлайды» деген сияқты солқылдақ  сыңай танытпай,  алдына «Қытай жасауы тиіс!» деген міндет қоюда.

Бір айта кететіні, бес мың жылдық өркениеттік тарихы бар, Халық Республикасы болып құрылғанына   жетпіс жылдай болған Қытай  өндірістік төңкеріске кейінгі кезде қол жеткізгені болмаса, әу бастан ырыздығын жерден еміп өскен аграрлы ел саналады.

Керек десеңіз, кешегі 90-жылдардан бастап  ҚХР дәнді дақылдар өсіріп, жинаудан  дүние жүзінде алдыңғы орынға шықты. 1949 жылы 113 млн. тонна өндірген болса, 1995 жылы 466 млн. тонна, ал 2010 жылы 546 млн. тонна өндіруге қол жеткізді. Күріш пен мақта, темекі, жеміс, ет өндіруден де көш басында келеді. Шай мен жүн өндіруден – екінші, бұршақ тұқымдастарының дәндерін, қант құрағы, кендір өндіруден – үшінші орында. Бірақ, мұның бәрі жан басына шаққанда аздан айналады. Егін егуге жарамды жерінің көлемі 155,7 млн. гектар шамасында, ауыл шаруа­шылығында 482,3 млн. адам еңбек етеді. Осы мәліметтердің өзі бұл елдің оның қандай әлеует пен мүмкіндікке ие екенін аңғартады.

Оның үстіне  Қытай жұрты бүгінгідей толағай табыс пен зор жетістікке жеткізген Дэн Сяо Пиннің эконо­микалық реформасын  аграрлық саладан бастады. Социализмге тән кәдуілгі ұжымдық шаруашылықтарды азайтып, оның орнына жанұялық шаруашылықтарға басымдық берді. Олардың саны бүгінде 244,3 млн.-нан асып-жығылады. 2004 жылы ҚХР Мемлекеттік кеңесі астық өсіретін шаруа қожалықтарын бес жылға ауыл шаруашылығы салығынан босатты. Сондай бірқатар жеңілдіктер жасады.

Ұлы көрші Қытайдың ендігі мақсаты – жоғарыда ай­тылғандай, Орталық Азия елдері: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен егін шаруашылығы саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, астық экспортын 160 млн. тоннаға жеткізу болмақ.

Қытайлық мамандардың есебінше,  Орталық Азия  республикалары  38 млн. гектар егістік жерге ие, оның ішінде 74 пайызы, яғни 28 млн. гектар жер Қазақстанның үлесінде. Болашақта бұл өңірдегі  егіндік жерді 60 млн. гектарға жеткізіп, одан жылына 225 млн. тонна астық алуға болады. Сөйтіп, 160 млн. тонна дәнді дақылды экспортқа шығару мүмкіндігі туады.

Қытай жағының  біздің астығымызға қызығушылық танытуының бірден-бір себебі – сапасы мен құнарында, басқаша айтқанда, Қазақстанда өсірілген бидайдың клейковинасы көбірек. Сол үшін де ол жоғары  сұранысқа ие.

Көпшілік білетіндей, бізде жылына орта есеппен 17 млн. тонна астық өндіріліп, оның үштен бірі ішкі тұтынуға қалдырылып, қалған жетпіс пайызы сырт елдерге сатылады. Өткен 2016 жылы, мәселен, жауын-шашынның молдығынан  соңғы жиырма бес жылда болмаған рекорд­тық көрсеткіш – 23,7 млн. тонна астық жиналды. Екінші жағынан шектен тыс ылғалдылық бидайдың сапасына кері әсер етіп, құнарын  төмендетіп жіберді.

Әйтсе де кейінгі жылдары бізден астық сатып алушы елдердің  азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өздері де астық өсіруге көше бастағанын айту керек. Осы­ған байланысты бізге астықты тек дән күйінде экс­порттамай, оны барынша өнеркәсіптік жолмен қалдықсыз өңдеп,  түрлі өнімдер шығарып сату ісін дамыту қажет-ақ. Бұған  күткендегідей нәтиже бермесе де тағамдық спирт және арақ шығарған Тараздағы  «БМ»  АҚ мен биоэтанол (отындық спирт) шығарған Солтүстік Қазақстандағы «BІOHІM» компаниясының іс-әрекеті мысал бола алады. Мамандардың пікірінше, осындай бағыттағы  істерді қолға алсақ, ұтылмас едік.

Жасыратыны жоқ, Қытайдың мұндай  жоспар-жобасы Ресей жағының мазасыздық пен алаңдаушылығын тудырып отырған сыңайлы. Өйткені, қазіргі күні Еуразия кеңістігінде Ресей де  сыртқа астық өнімдерін сататын бірден-бір ел. Ол жылына 38 млн. тоннадай дәнді дақыл экспорттайды. Қытайдың жобасы бұдан төрт есе артық.

РФ ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачевтің айтуынша, Ресейдің жылдық астық экспортын 50 млн. тоннаға жеткізуге болатын көрінеді.  «Гектарынан он центнерден алғанның өзінде зиян шекпейміз» дейді. Бірақ, солай еткен күннің өзінде, сайып келгенде, ресейлік  астық экспортының аспанасты елімен бәсекелестікке шыдауы неғайбыл.

Бұл орайда ІFC Markets талдау орталығының сарап­шысы Дмитрий Лукашов: «Егерде Қытай шынымен жылына 160 млн. тонна дәнді дақыл сататын болса, онда оның бағасы елу пайызға дейін төмендейді. Жер шарының халқы жыл сайын 1,12%.-ға, ал астық  өндіру 1,3%-ға өсіп отырады.  Сондықтан  астықтың тапшылығы  150-160 млн.  тонна көлемінде. Қытайлықтар осы жетіспеушіліктің орнын  толтырмақшы. Ойға алған жобасы дұрыс-ақ. Алайда, АҚШ бұған жол бермеуге тырысып, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстанға ықпал жасайтын болады»  дегенді айтады.

Ал, «Алор Брокер» компаниясының  талдаушы маманы  Кирилл Яковенконың  пайымдауынша: «Қытай елінің аталмыш жобасы жүзеге асқан жағдайда  әлемдік астық рыногында  күрт өзгеріс  болып, баға төмендейді де, өнім сапасына деген талап күшейеді. Сондықтан мұндай жағдайдың  Ресейге залалын тигізіп, астық экспортында оны қазіргідей  табыс пен пайдадан айыруы әбден мүмкін».

Дегенмен, Қытайдың  «астық экспорты» жобасына  «бұл жүзеге асуы қиын, жәй арман мен қиял. Керек десеңіз фантазия!» деп күдік пен күмән келтірушілер де баршылық.

Мысалы, «Совэкон» талдау орталығының директоры Андрей Сизов: «Бұл ақиқаттан алшақ жатқан жоба. Көздеп отырған аймағы  – Орталық Азиядағы ең бір күрделі нәрсе – ылғалдың, судың  тапшылығы.  Ауа райы да қолай­сыз. Суландыру оңайға соқпайды. Оған қыруар қаржы мен күш-қуат керек», – дейді.

Осы сияқты Ресейдегі  Аграрлық рынок конъюн­к­турасы институтының директоры Дмитрий Рылько болса: «Бұл сайда саны, құмда ізі жоқ бастама» деп  миығынан күледі.

Ақиқатын айтар болсақ, ресейлік сарапшылардың көпшілігі биліктің сойылын соғып, солардың ыңғайында жұмыс істейді. Сондықтан, олардың  айтып отырғандары  алдын алу үшін, күнібұрынғы  байбалам  болуы да ық­ти­мал. Себебі,  Ресей  Орталық Азияға  Қытайдың, Жапо­­ния­ның, не АҚШ-тың ықпалының күшейгенін қош көрмейді.

Баяғыда бір аңғал кісі: «Сиыр болсын, өгіз болсын маған сүт берсе болды» деген екен. Сол айтқандай, Ресей­дің қызғанышынан, Қытайдың  «астық жобасынан»  біздің Қазақстан  зиян шекпесе болғаны.

Қалай қорғанып, сақтансаң да  экономиканың бір ұшында саясат жатады. Соған қарағанда: «Саясат дегеніміз – экономиканың жинақталған көрінісі» деген анықтама дұрыс-ау?!