Боз кілемге ғасыр тоғысында туғандар шықты

Алматыда грек-рим күресінен республикалық дәстүрлі «Тұрлыханов турнирі» өтті

img_6014

КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жат­тықтырушысы, Олим­пиада жүлде­гері Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өткен дәстүрлі ХVІІІ респуб­ликалық турниріне 2000-2002 жылы туған бозбала балуандар қатысты.

Қазақстан облыстарынан, Алматы, Астана қалаларынан және Тәжікстан елінен келген 250-ден астам грек-рим күресінің шеберлері даңқты балуан Д.Тұрлыханов жүлдесін сарапқа салды. Республикалық турнирге грек-рим күресін өте жоғары деңгейге қойған 28 спорт мектебі өз командаларымен қатысты. Олардың қатарында «Дәулет Тұрлыханов мектебі», «Жақсылық Үшкемпіров мек­тебі», Хаис Аққалиев, Болат Тұрлыханов атындағы мектептер, Қазалы ауданының «Жас-Сұңқар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Алматы облысы «Дәулет-Жаркент» кәсіби спорт клубы, т.б. бар.

Екі күнге созылып, балуандар 10 сал­мақ дәрежесінде боз кілемге шыққан республикалық турнир өте тартысты өтті. Салмақ дәрежелеріндегі жүлделі орын­дардан бөлек, балуандар түрлі номина­циялар бойынша марапатталды.  «Үздік күрес техникасы» жүлде­сін Жамбыл облысынан келген Дінмұхамед Қошқар иеленсе, «Жеңіс жолындағы жігері» үшін астаналық Мақсат Сайлау, «Ең жас жүлдегер» номинациясы бойынша «Д.Тұрлыханов мектебінің» балуаны Мерей Мәулітханов  марапатталды. Чемпиондар мен жүлдегерлерді турнирдің құрметті қонақтары мен  Д.Тұр­лыхановтың өзі марапаттады.

– Ұйымдастыру комитетінің атынан құрметті қонақтар мен ардагерлерге, спортшыларға зор алғыс айтқым келеді. Жүлдегерлердің бұдан да үлкен жеңістерге жетулеріне тілектеспін. Ал жүлдеге ілік­пеген балуан­дарға «Көңілдерің түспесін, еңбектеніп, жаттықсаң, әрі талай биіктен көрінесіңдер» дегім келеді. Баршаңызға рахмет, – деді Әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов.

Дәстүрлі Д.Тұрлыханов жүлдесі үшін ХVІІІ республикалық турнирін өткізуге Алматы қалалық Дене тәрбиесі және спорт басқармасы қолдау көрсетті.

Дәстүрлі «Д.Тұрлыханов турнирінің» басты мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру, грек-рим күресінен ҚР жасөспірімдер құрамасына балуандар іріктеу және Қазақстанда грек-рим күресін насихаттап, дамыту.