Журналистер «Айқынның» жүлдесін саралады

17499265_1002556823210229_7909034140461635623_n

Әсел ДАҒЖАН

«Айқын» республикалық қоғам­дық-саяси газеті 13 жыл­дық мерейтойына орай жур­налистер мен блогерлер ара­сында шах­маттан турнир өткізді.

Алғаш рет ұйымдастырылған сайысқа 30 адам қатысты. Тур­нирдің ашылу салтанатында газеттің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, қалалық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов, қыздар арасындағы ең жас гроссмейстер Жансая Әбді­мәліктің анасы Алма Әшірова, Ж.Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының PR және мар­кетинг менеджері Ә.Нұрпейісов болды.

Турнирді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіп тұра­тынын айтқан «Айқын» газетінің бас редакторы Н.Жүсіп:

– Газетіміз биыл бір мүшелге келіп отыр. Осы айтулы мерекені қалай өткізсек деп көп ой­ландық. Нәтижесінде шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы журналистердің қолынан шахмат ойнау келе­тіндігін көрсетіп, мықтылар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді. Әріптестеріміз қатысып олжалы орындар, бағалы сый­лықтар алып, ұпайларын тү­гендеп жатыр. Бұл жерде мәсе­ле, тіпті, жүлдеде емес. Шын мәнінде миды қозғау, сол ар­қылы қазақтың сөзін ұстап отырған азаматтардың ойын ұштау мақсат болды, – деді.

Сайысқа жас журналистерден бастап Аян Нысаналин, Тәжібай Жанаев, Ағыбай Мұқатайұлы, Жұмат Әнес секілді белгілі ар­дагер журналистер  де қатысты. Сайыстың келер жылы тағы ұйымдастырылатынын естіген олар өз ұсыныстарын да білдірді.

– Шахмат – ойындардың төресі. Өз тарапымнан айтар ұсынысым бар. «Айқын» газе­тінің ұжымы келер жылы тағы өткізетін болса, турнирді Т.Әлімқұловтың құрметіне қойса екен. Өйткені, қаламгер-журналистер арасында дәл Тәкен ағаға тең келер қарсы­ластар болмаған, – деген арда­гер-журналист Аян Ныса­налин ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Швейцар үлгісінде өткен ойын қорытындысы бойынша үздік шыққан тілші Тегеранға екі билетке жолдама ұтып алды. Одан кейінгі орын иеленген тіл­шілер бағалы сыйлықтармен ма­рапат­талып, жарысқа қа­тысу­шылардың барлығына Н.Жү­сіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» кітабы мен Е.Шай­хының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы сыйға берілді.