Қысқы спорт түрлері неге нашар насихатталады?

%d0%ba%d1%8b%d1%81%d0%ba%d1%8b-%d1%81%d0%bf%d0%be%d1%80%d1%82

Өздеріңіз білесіздер, 2017 жылдың басында Алматыда Дүниежүзілік Қысқы Универсиада ойындары дүркіреп өтті. Әрине, ол тек Алматы қаласы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де айтулы оқиға болды. Онда әлемнің 57 елінен 2 мыңнан аса жас спортшы бақ сынасты. Байқаға­нымыз, оған қатысқан жастар, негізінен, сол елдің спортын болашақта дамытатын спортшылар екені… Сол себептен, Қазақстанның қысқы спортының кейбір кемшіліктерін  ішімізге түйіп қалдық…

Әрине, Қазақстанда қысқы спорт түрі кенже қалған. Тек, шаңғы спортында ғана аздаған даму бар. Ал енді, сноуборд, биатлон, керлинг, фристайл секілді спорт түрлерін бұрындары мүлдем білмеген де едік. Сол себепті, оларға қатысқан спортшы­лардың аты-жөнін көп біле бермейтінбіз. Оның үстіне олар туралы еліміздің БАҚ та көп айтып-жазбайтын еді.

Бұл туралы ана бір жолы Шымкенттегі қысқы спорт түрлері мектебінің директоры, ҚР-на еңбек сіңірген жаттықтырушы Бақытжан Зиябеков «Әрине, журналистерге өкпеміздің қара қазандай екенін жасырмаймыз. Мысалы, бір баспасөз мәслихатында журналистің «біз білетін Шымкентте қар болмайтын еді, сіздер мына легионерлерді қайдан әкелдіңіздер?» деп күйдіргені бар-тын. Сөйтіп, спортты жазып жүрген журналистің спортты білмейтіні бізді қатты таңқалдырғаны бар» деп айтқаны есімнен кетпейді.

Міне, бұл бізде қысқы спорт түрлері әлі күнге дейін нашар насихатталатынын білдіреді. Әйтпесе, жаңа айтқан Шымкенттен биылғы Қысқы Универсиадаға үш спортшы қатысты ғой. Осыны өзіміздің журналистер біліп, жоғарыдағыдай күлкілі сұрақтар қоймаса дейсің. Өйткені, қысқы спорт түрлерінен де қазақтың сайыпқыран ұл-қыздары бар екенін елдің көбі осы Универсиададан кейін білген жоқ па?!.

Назрахмет ҚАЛИ,

зейнеткер.