ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ ЕНДІ…

Универсиадада Қазақстан намысын қара құрлық тумасы қорғайды

photo_24047

Нұрлан СҮЙІН

28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарының бағдарламасына енген 12 қысқы спорт түрінің бірі – конькимен жүгіру спорты. Бұл спорт түрі Қазақстан халқына таңсық емес. Себебі, Алматыда елу жылға жуық уақыт коньки спортынан талай одақтық, халықаралық додалар өткізген, «рекордтар фабрикасы» атанған «Медеу» мұз айдыны бар. Универсиада қарсаңында Қазақстан жанкүйерлерін әрі қуантып, әрі таңдандырып отырғаны – конькимен жүгіруден ел намысын қорғайтын спортшы болып отыр.

Ол – қара құрлықтағы Конго елінің тума­сы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан құрамасы мүшесі Дарсиль Эссамамбо.

Жиырма үш жастағы Дарсиль Эссамам­бо анасының туған жері Алматыға Конго Республикасынан осыдан 20 жыл бұрын сәби шағында келген екен. Біздің елдің жиені Дарсиль 11 жасынан бастап аяғына коньки байлап, осы спорт түрімен айналыса бастаған.

Мемлекеттік тілмен қоса алғанда үш тілді еркін меңгерген спортшы бүгінде талай байрақты бәсекеде Қазақстандай Отанының намысын қорғаған.

img-php

– Бүгінде мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткіздім. Әлем кубогын жеңіп алдым. Биылғы маусымның басты жарысы – бұл менің сүйікті Алма­тымда өтетін Универсиада. Универсиада ойындарында мен Қазақстан намысын қорғап, абыройлы болғым келеді. Жақсы өнер көрсетіп, медаль алу мүмкіндігім бар, – дейді конькиден ҚР құрама командасы мүшесі Дарсиль Эссамамбо.

Барлық жағынан біраз отандастарына үлгі боларлық спортшы өз мақсаты жолында аянбай тер төгіп жатқанын айтады. Аптасына бес күн дайындалатын Дар­силь күніне екі рет жаттығу жасайды екен. Аламан алдындағы қызу дайындықта жүрген спортшы, қатаң диетада жүрсе де қазақ асханасының құнарлы тамағын жақсы көретінін айтады.

– Қазыны өте жақсы көремін. Қазақ­тың ұлттық тағамы болмаса да палауды жақсы көремін. Сосын шәй ішу. Қымыз, шұбат дегендей… Қазақпыз ғой енді.., – дейді ел намысын ту еткен Дарсиль Эссамамбо.

Конькимен жүгіруден ҚР құрама командасының мүшесі Дарсиль Эссамам­бо Универсиадада 500 метр қашықтықта додаға түседі. Әлем кубогының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дарсиль аталмыш қашықтықты 35-36 секундта еңсеріп жүр. Бұл жаттығу (500 метр) бойынша әлем рекорды – 34 секунд.

Қазақстандық спортшының бір арманы – әлемдік рекордты жаңарту. Дарсиль бүгінгі күнгі басты арманы –  Универ­сиада-2017 ойындарының тұғырында Қазақстан жалауын желбірету екенін айтады. Ол өз үйінде, Медеуде өтетін сайыстарда отандастарының қолдауына сүйенетініне сенімді.

– Мен 500 метрлік қашықтықта жарысқа шығамын. Жарыста екі рет айдынға шығып, екі мүмкіндіктің ең жақсы нәтижесі ескеріледі. Сайыстар 1 ақпан күні өтеді. Келіп, біздің командаға жанкүйер болыңыздар, – дейді қазақстандық спортшы Дарсиль Эссамамбо.

Өзін «қазақпын» дейтін, армандарымен ана тілімізде бөліскен, қазақы мінез қара бала осылайша ағынан жарылып жатыр. Арманыңа жет, Дарсиль!

Керек дерек

  • Конькимен жүгіру спорты 1924 жылдан Олимпиада ойындары бағдарламасына енген.
  • Конькимен жүгіру сайыстары ерлер мен әйелдер арасында 5 қашықтықта өткізіледі: 500 метр, 1000 метр, 1500 метр, 5000 метр, 10 000 метр.
  • Спорт түрінен Универсиада-2017 сайыстары «Медеу» мұз айдынында өтеді.
  • Универсиада-2017 ойындарына конькимен жүгіруден ҚР құрама командасында 9 ер, 6 қыз спортшы бар.

 

Универсиаданың Өз Әнұраны бар

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

  • ХХVІІІ Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың өз Әнұраны бар. Әнұран Универсиада қарсаңында еліміздің барлық облыстарында ойналады. Әнұранның сөзін белгілі ақын Шөмішбай Сариев, әнін композитор Ерұлан Қанапиянов жазған.
  • Универсиада додасында жалпы саны 86 медаль сарапқа салынады.
  • Жарыс күндері Алматыға дүние жүзінен 30 мыңнан астам таяу және алыс шет елдерден туристер келеді.
  • Универсиадаға 127 халықаралық төреші қазылық етеді.
  • Спорт алаңдарында өтетін жарыстарды қатамасыз етуге 600-ге таяу ұлттық техникалық мамандар қатыстырылады.
  • Универсиада кезінде көпсалалы «Алматы Арена» кешеніне 850 мыңнан астам көрермен келеді деп күтілуде.
  • Атлеттер ауылының құрылысын жүргізуге 60 пайыз отандық компаниялар қатысты.
  • Өткен кезеңде 1550 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен қамтамасыз етіліп, олар 30 мың жұмыс орындарын ашты.
  • Универсиадалық іс-шараларды операциялық дайындауға 5000 қызметкерді қамтыған 200-ден астам компания қатысқан. Компаниялардың 80 пайызын алматылықтар құрап отыр.
  • Универсиада кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 7 мың полиция қызметкері жұмылдырылады.
  • Универсиаданың қаржылық бюджеті 32 миллиард теңгеден – 17,9 миллиард теңгеге азайтылды.
  • Жарыстар кезінде спортшылардың ішетін ас-суына бақылау жүргізу үшін тиісті іс-шаралар қабылданды. Осы бағытта лабораториялық зерттеулер жүргізіледі.
  • Спортшылар мен қонақтар санитарлық-эпидемиологиялық жағынан қамтамасыз етіледі.
  • Тағам түрлеріне ұлттық, еуропалық, жерортатеңіздік, азиялық, вегетариандық және халал асханасы таңдалған.
  • Универсиада ойыншыларының бір тәуліктік тамақ калориясының ережелері бекітілген.
  • Атлеттер үшін күндік норма – 4000-4500 калория аралығында болады.
  • Спортшыларға берілетін ас мәзірінде – ет, сүт өнімдері және бұршақ өнімдері қарастырылған.
  • Жарыстар кезінде 110000 килограмға дейін ет өнімі, оның ішінде қой, жылқы, тауық және күркетауық етімен қамтамасыз етіледі.
  • Тағам үлестіру бекеттеріне 6100 килограмм ұн-жарма өнімдері мен 60000 килограмм сүт өнімдері жеткізіледі.