О, ҚУ ДҮНИЕ! КІМГЕ ОПА БЕРГЕН ЕДІҢ?

%d1%81%d1%83%d0%bc%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%b9

Үш баламның жатыпішерлер екені есіме түссе, есеңгіреп қала беремін. Келіндердің тапқан тиын-тебендерімен күн көріп жүр. Бір күні өлер шағымда үлкен баламды шақырып алып:

– Менің астымды екі метр қазсаң,  жүз мың доллар,  жүз миллион теңге жатыр. Бір банкті тонаған досым, «жасырып қойшы» деп еді. Өзі өліп кетті. Енді мен де өлейін деп жатыр­мын… Саған бұйырсын, анау екі ініңе айтпастан, өзің иелене ғой…–дедім.

Үлкен ұлымның көздері күлімдеп, қолым­нан сипады. Мейірімді бола қалға­ны. Әшейінде дәріге ақша сұрағанымда теріс айналатын ұлымның қолын қыстым. Ол көзін қысты. Содан ортаншы ұлымды шақырып алып:

– Мына мен жатқан бөлменің астында ақша жатыр, – дегенім сол, ол бастырмалата сұрай бастады:

– Қай тұсында? Қанша? Баяғылы бері неге айтпадыңыз?

– Жүз мың долар, жүз миллион теңге. Досым банк тонап, осында жасырып кетіп еді. Өзі өліп кетті. Енді мен де өлейін деп жатырмын. Кеше есіме түсті. Ағаң мен ініңе айтпай, өзің қазып ал. Тура менің астымда, екі метр тереңдікте жатыр, –дедім мен. Ортаншы ұлым қутыңдап кетті. Көрпемді қымтап, бетімнен сипап, аяғым­нан сүйді… Содан кенжемді шақырып алып, оған да «ағаларыңа айтпай, өзің ала ғой!» дедім. Ол да жынды көбелек сияқты шыр айналып кетті. Дәм-тұзым таусы­лып, өлдім. Одан кейін не болды дейсіздер ғой? Өлген адам қалай болғанын қайдан білсін? Арада ай өткенде, кемпірім де өліп, менің қасыма жерленді. Содан атып тұрып, сұрап жатырмын ғой:

– Балаларым аман ба? Олар қайтіп күн көріп жатыр? Аштан өліп қалған жоқ па? –деймін. Сөйтсем,  мен өлген соң, балала­рым апта бойы қипақтап, үйден кетпей қойыпты. «Әкемнің орнына жатып, еске алайыншы!» деп бірінен соң бірі менің орныма жата кетеді екен. Өңшең, жатыпі­шер­лер! Жалқаулар! Арамтамақтар!  Ке­лін­­дер «кетейікші» десе де, кетпей қойып­ты. Содан не керек, үлкен ұлым бар шын­дықты айтып, үшеуі бөлісіп алмақ болып, мен жатқан жерді екі метр қазбай ма? Ал мен… Ал, мен ол жерге… Айта салайын ба? Бір жапырақ қағазға: «Тас та жоқ! Дүние қумаңдар бала­ларым, адал еңбекпен байыңдар! Әшейін, алдаған едім сендерді. Шынымен қазып, оқып отыр­саңдар, сұ­мырай екенсіңдер ғой!» деп жазып, бан­кінің ішіне салып, көміп тастаған едім. О, қу дүние! Кімге опа берген едің?

 

Алдарбек БАЙҚАҒАНҰЛЫ.