МҰСТАФАНЫҢ МЕШІТІ ТОЗЫП БАРАДЫ

016

1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылында мешіт ашылды. 

Қазақтың айбоз ұлы, шығыс жекпе-жек өнерін елімізге алып келген Мұстафа Өзтүріктің есімі берілген  Алла үйінде жамағат құлшылық етеді.  «Ашылғанына 20 жылға жуықтаған мешітіміз тозып бітті. Ауыл тұрғындарының пітір, садақасынан түсетін мардымсыз қаражат ештеңеге жетпейді. Кәсіпкерлерден көмек, мемлекеттен қолдау болмағандықтан мешітіміз күн озған сайын тозып барады» деп Құркелес ауылының бір топ тұрғыны тиісті орындарға хат та жолдапты.  Бірақ, ешқандай қозғау болмаған.

Мұстафа Өзтүрік атындағы Құркелес ауылындағы мешіттің іші-сыртын сылап, әрлеп, әктеп, шатырын су өтпейтіндей етіп қайта жабу керек екен. Одан бөлек аязды күндері намаз оқығанда азынаған суық қарып, қарт адамдар шыдай алмайтын көрінеді. Ауыл тұрғындары мешітке жылыту жүйесі қайта жүргізілсе дейді.  Мешіттің айналасы мал кірмейтіндей етіп қоршалса, балалардың намаз оқып-үйренетін арнайы бөлмесі ашылса дейді. Жаңбырлы күндері мешітке жету ауыл тұрғындары үшін мұңға айналады. Себебі, асфальт төселмеген жолдың ми батпағы шығып,  лайсаңға белшеден батады екен. Түн ішінде қараңғы көшемен жүру де ауыл тұрғындары үшін қиындық туғызып отыр. Әсіресе, Ораза айы кезінде  тарауықтан қайтқан жамағат үшін қараңғы көшемен жүру  қиын соғатыны айтпаса да түсінікті.

Шығыс жекпе-жегі өнерінің хас шебері, ақиқаттың жолында алтын басын ешкімге имей кеткен Мұстафа Өзтүріктің асқаралы алпыс жылдығы екі жыл бұрын аталып өтуілуіне де бұқаралық ақпарат құралдары арқы­лы мәселе көтеріп қозғау салып едік. Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы Мұстафа Өзтүрікке 2004 жылы студент мүсіншінің  қойған қуыршақ ескерткіші де сол кезде ауыстырылған болатын. Енді міне, Мұстафа Өзтүріктің есімі берілген киелі орынға да үлкен қолдау қажет. Күні ертең Мұстафаның атындағы мешіттің қабырғасы құлап (бетін аулақ қылсын), төбесінен су сорғалап тұрса, елдігімізге сын болмай ма?!

Осы жәйтті айтып, бас мүфти Ержан қажы Малға­жыұлының да қабылдауында болдым. Құркелес ауылын­дағы жамағатты, тұрғындардың дұғай-дұғай өтінішін айттым да. Бас мүфти бұл мәселені зерттейді, түйткілді шешеді деп  көмекшісіне тапсырған да еді. Содан бері сегіз айға жуықтады, ешқандай қозғау жоқ.

Ауыл адамдарының жинаған пітір, садақасы түк болмайтыны белгілі. Мүфтият осы мәселені оң шешіп берсе,  Мұстафа Өзтүріктің аруағы разы болып, ауыл тұрғындарының да күпті көңілі сейілетін еді. Алла үйінің жарқырап тұрғаны әркім үшін де мақтаныш.

Ескірген мешітті жаңалап салып беруді мүфтиятқа,  Бас мүфтиге ғана өтініш етпей, ауылдан шыққан жеке­леген кәсіпкерлер, өзге де атымтай жомарт азаматтар қолұшын созып, қолдаса, ғанибет болар еді. Қасиетті Құранда дүниеде Алланың мейіріміне, ықыласына бөленгісі келетін пенделер мешіт салады, сол мешітті көркейтуге үлесін қосады деген мағынаға саятын аят бар.  Мұхаммед пайғамдардың (с.ғ.с.) хадистерінде де мешіт салудың нығметі зор екені жазылған. «Кімде-кім Алланың разылығы үшін мешіт салса, жәннаттан тура сол мешіттің көлеміндей орын беріледі» деп жазылған.

«Мұстафа Өзтүріктің аты берілген мешітті  Мүфтият бас болып, елдің атымтай жомарт азаматтары қаржылай қолдау көрсетіп салып берді» деп  Құркелес ауылының тұрғындары мақтанып жүрсе, қандай ғанибет!

 

Берік қажы Әдиев.