МАХАББАТ – ТЕК ТӘТТІ СЕЗІМ ҒАНА ЕМЕС…

пайғамбар және романтика

%d0%b2%d0%b2

(Жалғасы)

 

Бірде Расулалланы (с.ғ.с) көршісі қонаққа шақырады. Пайғамбар (с.ғ.с) Айшаның да қаты­суын өтінеді. Көршісі бұған келіспегендіктен, Расу­лалла (с.ғ.с) да бара алмайтынын айта­ды. Ол бірне­ше рет шақырға­нымен, пайғамбар (с.ғ.с)  бәрібір бас тартады. Тек Айшамен бірге баруға келісім береді. Ақыры Алла Елшісінің (с.ғ.с) айтқанына көніп: «Айша да келсін», – деген екен. Сөйтіп, ол (с.ғ.с) аяулы жарын бірге ертіп барады.

Мереке күні Айша анамыз пайғамбардан (с.ғ.с) эфиоптар­дың ойынын көруге  рұқсат сұрайды. Рұқсат беріледі. Сөйтіп, ол мешіттің алдында өткен ойын­ды Алла Елшісінің (с.ғ.с) артында тұрып, тамашалайды. Расулалла зайыбына  кедергі кел­тірмес үшін бір иығын түсіріп тұрады. «Мен иегімді оның иығына қойып, бетімді жағына жақындаттым», – дейді Айша анамыз.

Алла Елшісінің (с.ғ.с) аяғы талып, шаршаса керек: «Уа, Айша, көріп болдың  ба?» – деп сұра­ған­да: «Жоқ», – деп жауап береді. Бұл жауабын анамыз былай түсіндірген екен: «Оларды көргім кел­гендіктен емес, өзге әйелдердің менің жас екеніме қара­мастан, Расулалланың (с.ғ.с) маған қалай қа­рым-қатынас жасай­тынын көргендерін қала­дым…».  Бұдан асқан қандай махаббат болуы мүмкін?

Мұхаммед (с.ғ.с) үй шаруа­ларына да көмек­тесетін. Үйді сыпырып, киімін өзі жамап, қой сауа­тын.

 

Бесінші ғибрат.

 

Әйелдің қате-кемшіліктерін

көркем түрде түзеу 

 

Бірде Айша анамыз пайғам­барды (с.ғ.с) қызға­нып, оның басқа әйелі беріп жіберген  тамақ салын­ған ыдысты сындырып қояды. Бұған куә болғандар мұсылмандар анасынан мұндай қылықты күтпеген еді.

Сол мезетте Расулалла (с.ғ.с) жанындағыларға бар болғаны: «Мұсылмандардың анасын қызғаныш билеп алды», – деп оқиғаны жылы  жауып, мәселені көркем түрде жақсылыққа қарай ауыстырып қойды. Өзін ұстай алды әрі әйелін ұстамды­лыққа тәрбиелей білді. Кекшілдік емес, кеңшілік жасады. Жаман­дықты жақсылыққа ауыстыру дегеннің хикметі осында жатса керек.

 

Алтыншы ғибрат.

 

Махаббат – тек тәтті сезім ғана емес…

 

Өмір тек қуаныш пен махаб­бат­тан тұрмайды. Кейде қиын­дыққа төзіп, барға қанағат етіп, сабыр сақтайтын кезеңдер де кездеседі. Расулалла (с.ғ.с) үйінде апта былай тұрсын, тіпті, айлар бойы оша­ғында қазан асылмай­тын. Айша анамыз бір  сөзінде: «Айлар бойы ошаққа от жақпа­ған кездеріміз болды», – деген. Оның (с.ғ.с) отбасында сол кезеңдерде су мен құрмадан бас­қа тіске басар ештеңе болмаған екен. Алайда, Айша анамыз осы­нау таршылық уақытта пайғам­барға (с.ғ.с) шағым айтпаған, аштықтан қиналғаны туралы жұртқа тіс жармаған. Ашаршы­лық пен кедейшілікке сабыр сақтаған. Барлық іс Алланың қалауына тәуелді болса да олар қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісе білді.

 

Жетінші ғибрат.

 

Ерлі-зайыптылар бір-біріне – киім

 

Алла Тағала Құранда «Бақа­ра» сүресінің 187-аятын­да: «(…өйт­кені, бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті)- сіңдер…» деп баяндайды.

Пенделік, яғни, шектеулі көз­қараспен пайымда­сақ, адамды суықта тоңдырмайтын, ыстықта күйдір­мейтін – киім. Әуретті жерді жабатын да, сыртқы соқ­қы­дан қорғайтын да – киім. Бәрі­нен бұрын адамға, оның денесіне ең жақын зат – киім. Алланың ерлі-зайыптылардың жағдайын түсіндіруде «киім» сөзін пайдалануының бұдан басқа хикметі көп-ақ… Киім секілді ер мен әйел – бір-біріне қорғаныш, сүйеніш, бір-бірінің ар-ұятының абыройы, өмірлік жолдас, т.б.

Бұл – пайғамбарымыздың (с.ғ.с) романтикалық өмірінен бір үзік сыр…

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз бөлімінің басшысы.

(Соңы. Басы өткен жолғы

«Қала және иман» бетінде).