ЖОЛПОЛ ДА ЖЫЛАЙДЫ…

bolshaya-doroga

Жаңа жылдан бастап, Қазақстан бойынша МАИ инспекторларының ала таяқтары «қайтыс» болып кетті… «Қайтыс болғаны» сол емес пе, жаңа жылдан бастап, заң бойынша ала таяқ қолданыстан шығып қалды, оның орнына ысқырасыз ба, ышқы­насыз ба, барабан ұрасыз ба, фонарик жағып, тапжылмай тұрасыз ба? Өз еркіңіз…

Біздің  қаланың да ала таяқтары  бір жерге жиналып, табытқа салынды… Ішкі істер департаменті алдында қаралы жиын өтіп жатты. Қаз-қатар тұрып, еңселерін ешкі мүжіп кеткендей, көңіл күйлері күйеленіп кеткен «жолполмен» шопырлар көрісіп жатыр. Мен де  шопырларға қосы­лып, оларға жақындай бердік.  «Бауыр-ем, ала таяғе-е-ем, арман­­да кеткен таяқта­рым!» деген дауыстар шығып, жолполдар жылай бастады. Көңілім босап, көзіме жарты жас келді.  Жағалай құшақтап, көрі­­сіп келе жатқан едім, өзім танитын «ала­ған» көкем мені танып қалып, қорсылдай жылағаны!

–Ала таяғе-ем,  мені МАИ еткен, әп-сәтте бай еткен таяғе-ем, сені қимайме-ен, сенсіз көшеге симайме-еен, өөөө, еееее, үүүү, ііііі…

–Арты қайырлы болсын, сабыр етіңіз… Тірі МАИ инспекторы тірші­лігін жасайды.  Қайғыңызға ортақ­пын…–деп міңгірлеп қоямын. Одан әрі көрісіп келемін. Бір кезде біреу:

– Апам-ай, апам-ай, арманда кеткен апам-ай! – деп боздап қоя берді.

– «Апам-айыңыз» қалай? – деп сұрадым мен.

– Менің ала таяғым женский таяқ еді… – деп қояды байғұс. Содан не керек, ала таяқтарды айдалаға апарып, жерледік. Таяқтарға құран оқылмайды екен. Себебі, арам ақша тапқыштар екен… «Жолпол­дар» бір уыстан топырақ салып, тіпті бірі қабір үстіне жата қалып жылады. «Қимай­ме-е-ен, қимай­ме-ен сені, қимайме-ен!» деп әндете жылағаны… Қатты аяп кеттім… Кеңес дәуірінен бері қаншама адамды асыраған ала таяқ еді бұл? Қасиетіңнен айналайын ала таяқ! Шошая қалса, шошып кететін шопыр­лар сені қорыққандарынан құрметтеуші еді ғой?  Сөйтіп, инспекторлардың алақанда­рына ақша қыстыра кететінбіз…  Енді қайттік? Олар түшкірсе де, түкірсе де тоқтай қаламыз ба?  Біз жерлеу рәсімінен қайтып, ішкі істер депар­таменті ғимара­тына жақын­дағанымызда, әйел «жол­полдар»  дауыс салып, жапа-тармағай жылап қарсы алды. О, жарық дүние, сен кімге опа берген едің?

 

Мұхтар ШЕРІМ.