Алатауда жаңа ХҚКО ашылады

Атлетикалық қалашықта ашылатын орталық күніне 1,5 мың адамға дейін қызмет көрсетеді

????????????????????????????????????

28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада-2017 ойындары Алматының экономикасына, дамуына оң әсерін тигізетіні анық. Шаһар басшылығы Универсиада нысандары құрылысы басталғанда, Бүкіләлемдік ойындардан соң ол нысандар қала халқының игілігіне қызмет ететінін айтқан болатын. Осы айтылған жобалар 29 қаңтар – 8 ақпан аралығында өтетін Универсиада-2017 ойындарынан соң жүзеге асатын болады.

Универсиада нысаны Атлетикалық қалашықта ойындардан соң Алатау ауданының жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ашылады. Күніне 1,5 адамға дейін қызмет көрсететін орталық Атлеттер қалашығындағы 1260 шаршы метрлік еккі қабатты ғимаратта орна­ласады. Жаңадан салынған ғимараттың бірінші қабатында Connectіon Poіnt – өзіне-өзі қызмет көрсету секторы болады. Секторда қғамдық қызмет көрсететін 5 терминал жұмыс істейді. Бұдан өзге бірінші қабатта дайын құжаттарды беру, кеңес беру, күту секторлары және балалар алаңы болады.

Ғимараттың екінші қабатында операциялық зал, Алатау ІІД миграциялық полициясының бөлімшесін орналастыру жоспарланған. Бұған дейін Алатау аудандық ХҚКО 700 шаршы метр болатын орында күніне 500 адамға қызмет көрсету мүмкіндігімен жұмыс істеп келген. Орталықтың жаңа ғимаратқа көшуі мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартып, күніне 1,5 мың адамға дейін өткізу мүмкіндігін жасайды.

Алматыда Универсиада-2017 ойын­дарынан кейін нысандарды халық игілігіне беру бағдарламасы жасалған бағдарлама бойынша Универсиада нысандарында аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге байланысты бірнеше жоба қарастырылған.