Халық қалаулылары Алатау ауданында болды

dsc_4022

Алматыда жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мегаполистегі мекемелерде, өндіріс орындарында болып, еңбек адамдарымен кездесуге қатысты. Алматы еңбеккерлерімен Елбасы саясаты, мемлекеттік бағдарламалар жөнінде пікір алмасып, еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерге қатысты сауалдар, өтініштерге құлақ асты. Осындай келелі кездесулер оңтүстік астананың стратегиялық даму ауданы Алатауда да өтті.

Нұрлан СҮЙІН

 

Жылу мен энергетика – шаһардың күретамыры

«Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының бастамасымен алып шаһарды жылумен, электр қуатымен қамтып отырған АлЭС ЖЭО-2 мекемесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Құ­сайыновпен кездесу өтті. Ауданның «Алғабас» елді-мекенінде орналасқан Жылу-энергетика орталығы (ЖЭО-2) – мегаполисті ыстық су, жылу, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр­ған өндіріс орны. ЖЭО-2 мекемесінің жыл сайын өсіп, жаңа, заманауи нысандар, тұрғын үй кешендері бой көтеріп отырған Алматының өмі­ріндегі алар орны ерекше.

Мәжіліс депутаты болып сай­ланғанға дейін Алматының энерге­тикалық-ком­муналдық саласында қызмет атқарған, қала әкімдігінде жұмыс жасап, біраз жыл аудан әкімі болған. ҚР Еңбек сіңірген энер­гетигі С.Құсайыновтың кездесуге ЖЭО-2 мекемесін таңдауы да тегін емес екен. Мәжіліс депутаты ұжыммен кез­десуде елдің экономикалық жағдайы, мемлекеттік даму бағдарламаларымен қатар, Алматы­ның жылу-энергетика саласының қалай қалыптасқаны, энергетик мамандығының қызығы мен қиыншы­лықтары жөнінде де ой бөлісті.

ҚР Парламенті Мәжілісі депу­татының энергетиктермен кездесуін «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төр­ағасының орынбасары Сағынбек Кәрібозов жүргізіп отырды. Кездесу барысында келушілер халық қалаулысына сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Ал ЭС ЖЭО-2 басқарушы директоры Фазоил Салимов, ЖЭО-2 кәсіподақ ұйы­мының төрағасы Серік Тымбасбаевтар өндірістің жағдайы мен жетістіктері, энергетиктердің әлеуметтік жағдайы, жалақы мәселесі, т.б. мәселелер бойынша ой бөлісті.

Депутат С.Құсайынов болса жылу мен энергетика Алматыдай алып шаһардың күретамыры іспетті, сол себепті орталық жұмыскерлері үздіксіз өндірістен ешқайда шыға алмайтынын айтты. Тұрғындарды жылумен, ыстық сумен, электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған энергетиктердің өздерінің әлеуметтік мәселелерін көтеріп, ереуілдетуге уақыттары жоқ, себебі, олар өндіріс­шілер, нағыз мамандар. Сол себепті де олардың жалақы, әлеуметтік мәселе­лерін мекеме басшылары жоғары жаққа жеткізе білуі керек деген ой айтты Мәжіліс депутаты.

Кездесуден соң ҚР Парламенті Мә­жілісінің депутаты Серік Құсайынов ЖЭО-ның жақында қосылған сегізінші қазан­дығын көрді. «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының бастамасы­мен болған кездесу нәтижесінде Мәжіліс депутаты С.Құсайынов алматылық энер­гетиктерге табыс тіледі.

????????????????????????????????????

«Нұр Отан» фракциясының мүшесі депутаттық қабылдау өткізді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фрак­циясының мүшесі Жәмила Нұрман­бетова Алатау ауданындағы кездесулерін аудан­дық «Нұр Отан» партиясы филиа­лында тұр­ғындарды қабылдаудан бастады. Мәжіліс депутатының қабылдауын филиалда Ала­тау ауданы әкімінің орын­басары Маржан Балбаева, «Нұр Отан» филиалы қызмет­керлері ұйымдастырды.

Мәжіліс депутатының қабыл­дауына түрлі әлеуметтік жағдайдағы тұрғындар жазылып, Ж.Нұрман­бетова тоғыз алатау­лықпен әңгіме­лесіп үлгерді. Келушілерге Елбасы саясатын, мемлекеттік бағдарлама­ларды түсіндірген депутат, сайлау­шылардың көтерген мәселелерін аудан әкімінің орынбасары М.Бал­баевамен кеңесіп, шешілу жолдарын қарастырды.

Мәжіліс депутаты Алатау ауда­нындағы жұмыс сапарын «Саялы» ықшамауда­нындағы мамандан­дырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жалғастырды. Орта­лықта Мәжіліс депутаты Ж.Нұр­ман­бетова, Алатау ауданы әкімінің орын­басары М.Балбаева, «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары С.Кә­рібозов, БАҚ өкілдері бар топты МХҚКО дирек­торының орынбасары Ерлан Төлешов қарсы алып, орталық жұмысымен таныс­тырды.

Мәжіліс депутаты МХҚКО жұ­мысымен танысып, орталық қыз­меткерлерімен, келушілермен сөйлесті. Орталық басшы­ларымен өзекті мәселелер бойынша тіл­десті. Е.Төлешов бүгінгі таңда орталықтағы басты мәселе жалақының аздығы, сол себепті маман тұрақтамайтынын мәлімдеді. Орталықта бірнеше ай жұмыс істеп, кәсіби білікті маман болып алған қызметкерлер, жалақысы жақсы басқа мекемелерге ауысып кетеді екен.

Осындай, басқа да әлеуметтік мәселе­лерді тыңдаған Мәжіліс депутаты жергі­лікті жерлердегі мәселелерді Жоғары кеңес деңгейіне шығаруға атсалысатынын айтты.

ҚР Парламенті Мәжілісі депу­таттары­ның Алатау ауданындағы кездесулері нәтижелі болды деуге келеді.