ХАЛЫҚ ПЕРЗЕНТІ

көрнекті театр сыншысы, ұстаз, қоғам қайраткері Әшірбек Сығай туралы

48188806

Әлия БӨпежанова

Сонау 70 – 80-жылдар бе­дерінде  Алматы мен облыс орталықтары түгіл, аудан орталықтарындағы, тіпті, ауылдардың өзіндегі кітап дүкендерінде небір жаңа жинақтар, көркем шығар­малар көз жауын ала қатар-қатар самсап тұрар еді. Жамбыл облысы, Сарысу ауданының орталығы Сау­дакент ауылындағы үлкен кітап дүкеніне күніне де­мейін, аптасына бір рет арнайы баратын едім. Жаңа түскен кітаптарды өзімше саралап, қажет, қызғылықты дегендерін сатып алатын­мын. Жеке кітапханамда  Әшірбек Сығаев есімді автордың «Іңкәр шақ» атты форматы шағын, жұқа мұқабалы жинағы  сол кезде пайда болды. Сағат Әшім­баевтың «Сын мұраты» жинағымен форматтас, әрі бірі әдебиет, бірі өнер ту­ралы болғандықтан да біздің үйдегі қымбат жиһаз – кітап шкафының ортаңғы сөре­сінде қатар тұратын.  

«Іңкәр шақ»  тылсым өнер, оның ішінде сахна өнері, негізінен, замандас сахнагерлер туралы  туралы сыр шертетін, тілі шұрайлы, оқуға жеңіл, берер мағлұматы мол жинақ еді. Автор сөз етіп отырған актер, актрисаларын оқырманына да жақын етіп жіберетін. Әшірбек ағаның шығармашылығымен таныс­тығым осылайша басталған-ды. Арада жылдар өткенде Әшірбек ағаны алғашқы рет Мәдениет министрлігіндегі бір алқалы жиында көрдім. Ол кезде мен «Қазақ әде­биеті» газетінде өнер бөлімінің мең­герушісі қызметінде едім. Ми­нистрлікте өтетін үлкен шаралар, алқалы жиындарға міндетті түрде қатысатынбыз. Мәдениет министр­лігінің республика театрларының ахуалына  арналған сол жиында  үлкен мінберден мәдениет ми­нистрінің орынбасары Әшірбек Төребайұлы республика сахна өнерінің өзекті мәселелелері туралы – театрлардағы кадр мәселесі, репертуар, әсіресе, режиссура мен актерлердің жағдайы туралы жалпы теориялық тұрғыдан да, нақты мысалдармен де өткір-өткір сөйледі. Мәселені іштері білетіні, ауқымды көретіні көрініп-ақ тұр. Әрине, тек министр орынбасары ретінде ғана емес, театрлардағы шығармашылық үдерістерді жақсы білетін сыншы ретінде де көп мәселені қаузады. Жалпы, Әш-аға қашанда предметті де ауқымды әңгіме қозғайтын, мәселені  шешудің жолдарын да өткір айтатын. Бұл сипаттар көр­некті сыншының мерзімді баспа­сөзде, оның ішінде республикалық «Қазақ әдебиеті» апталығында жарияланған мақала­ларында да айқын жүлгеленді.

dsc_0536

Көрнекті сыншымен алғашқы әріптестік пікірлесуіміз көрнекті жазушы-драматург Асқар Сүлей­меновтің 1996 жылы Мемлекеттік сыйлық берілген «Ситуациялар» триптихінің М.Әуезов театрында 1989 жылы қойылған үшінші драма-диалогы «Төрт тақта – жайнамаз» спектаклі туралы болды. Режиссер Ә.Рахимов сахналап, басты рөл­дерді көрнекті актерлер – аға буыннан С.Оразбаев пен З.Шәрі­пова, кейінгі буыннан Т.Мейра­мов орындаған спектакль туралы театр сыншысы Ә.Сығай, әдебиет сыншысы С.Әшімбаев  үшеуміздің пікір алысуымыз «Қазақ әдебиетінде» «Иман жоқ болса…» деген тақы­рып­пен жарық көрген еді. Әш-ағаның жазушы-драматург Асқар Сүлей­менов шығармашылығына деген көзқарасы сол бір жақсы талдауда  көрінді. Білуімде, олар жақсы сыйластықта болды. Асекең, әсіресе, Әш-ағаның әкесі Төребай қариямен жақсы дос болыпты.Бұл туралы Әш-аға А.Сүлейменов туралы «Парасат падишасы»  атты естеліктер кітабын­дағы («Атамұра», 1999ж.)  мақала­сында әдемі жазды. Әшірбек аға сол 90-жылдар қар­саңында «Қазақ әде­биетіне»  орайы келгенде соғып тұра­тын. Мұның тағы бір себебі – Әшаға газетте біраз жыл бас редак­тордың орынбасары, ал өмірінің соңғы жыл­дарында бас редактор болған, көр­некті жазушы-драматург Оралхан Бөкеймен жақсы дос еді…

Еліміз Тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырдай уақытта еліміз ғасырға бергісіз өзгерістерді бастан кешті. Осы ширек ғасыр бойы Ә.Сығай сол биік мінберінен – өнердің мүддесін қорғап, ұлттың сөзін айтудан танбады. Министрдің орын­басары ретінде тәуелсіз Қазақстан өнерінің  тынысы ашылып, әлемге танылу баспалдақтарында көп шаруа атқарды. Жалпы, «шахтер Төре­бай­дың жалғызы»  (өзінің сөзі)  бұл дең­гейге  қалай көтерілгені де халық­тың  көз алдында өтті. Ата-ана, өскен-өнген ортадан ұлағатты тәрбие, жақсы ұстаздар мен жақсы ағалардың  аялы алақанын көрген ол ел ісіне жас­тайы­нан араласты, ұзақ жылдар мә­дениет саласында лауазымды қыз­меттерде жүргенде шығарма­шылық та, ұйым­дастырушылық қажырлы еңбегімен елдің, сөзін, елдік сөз айтты.

Ал, лауазымды қызметінен өз еркімен кетіп, шығармашылық, ұстаздық жолға біржола бет бұрған соң Әшағаның екінші тынысы ашылғандай болды, театрлар өміріне көп араласты, бұрқыратып көп жазды, небір фестивальдарда әділ сөзін білдіріп, төрелік жасады. Театр өнерімен ғана шектеліп қалған жоқ, тәуелсіз қазақ елінің руханиятына байланысты мәселелерге даусы ерекше естілді. Өйткені, ол жоғарыда атап өткеніміздей, қашанда халықтың көкейіндегі сөзді айтатын, сонысымен де әр қазаққа жақын еді. Осының соң­ғы бір жарқын мысалы – Ә.Сығайдың дүние кешерінен шамалы уақыт қана бұрын, қазақ өнерінің жоғын жоқтап, парламентарийлер алдында сөйлеген сөзі дей аламыз. Ал қалың жұрт­шылық сыншыны өмірінің соңғы екі-үш жылында «Хабар» агенттігінің «Жансарай» хабарында көріп, ойынан нәр, сөз саптауы, ой толғауы, адам тануынан үлгі  алатын.

Тәуелсіздік жылдарында Әш-ағамен ұлттық руханият мәселелеріне байланысты жиын-жиналыстарда, М.Әуезов театрындағы шараларда жиі бас қостық, пікірлес болдық, сан рет шығармашылық сапарларға шықтық. Республикалық театр фестивальдарында, небір әдебиет-өнер байқауларында қазылар алқасы құрамында бірге қызмет жасадық. Әш-аға көбіне төрағалық жасайды. Солардың бірерін айтар болсақ,  2000 жылы Атырауға сапар шектік. Атырау облысында көрнекті мемлекет қайраткері, білікті басшы, атпал азамат Иманғали Тасмағамбетов әкім  болып тұрған кез. Театр дирек­торы белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев болатын. Сол жылы Махамбет атындағы Атырау облыс­тық драма театры республи­камыздың батыс аймағындағы театрлардың фестивалін ұйымдас­тырған. Сол бір күрделі кезең үшін  бұл өте жақсы идея еді, фестиваль жақсы деңгейде өтті. Көрнекті сыншының спек­такль­дерді талдауы бәрімізді тәнті етті.  Сыншы Сығай­дың ерекшелігі – адамға, актерге деген ерекше құрметі, сүйіспен­шілігінде ме дедім. Әш-ағаның сынына ұшыраған актердің өзі ренішке бой алдырмайтынының бір сыры осында болса керек.

Атақты Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы қарсаңында Жамбыл облыстық әкімдігі  драмалық шығар­маларға республикалық байқау жа­рия­лады. Үлкен мерейтой қарсаңында Алматыдан Қазылар алқасы төрағасы Әш-аға, алқа мүшелері белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы және осы жолдардың авторы  Таразға жүрдек пойызбен жол тарттық. Жайлы купеде отырып Әш-ағаның мәнді де мазмұнды әңгімесінен – өмір және шығармашылық жолы, өнердегі әріптестері,  ұлттық мұраттарға бай­ла­нысты небір қиын кездердегі күрес жолына қаныққанымыз бар.  Және ара-арасындағы әзіл-қалжыңы қан­дай!  Көрнекті сыншымен бұдан кейін де бірнеше республикалық, аймақтық  фестивальдарда, небір драматур­гиялық конкурстарда және рес­публикалық «Тәуелсіздік толғауы»  байқауларында қызметтес болдық. Әш-аға төрағалық жасаған байқау, фестивальдардың барлығында да қазылар шешімі қашанда  үлкен елдік деңгейден, ұлттық мұрат тұрғысынан шығарылатын.

Көрнекті сыншының ұстаздық жолы – үлкен жол. Ол Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академия­сының ректоры болған кезде көрнекті театртанушы Бағыбек аға Құндақбаев екеуінің үлкен қажырымен ашылған өнертану факультеті, оның ішінде театртану бөлімінің республика театр өнері үшін мән-маңызы өте ерекше. Кеңестік кезеңде бұл сала мамандары Мәскеуде ғана дайындалып, ұлттық театртану саласы  мамандарға зәру болса, бүгінде Бағыбек пен Әшірбек ағалардың шәкірттері көрнекті театр-кино актері, театртанушы ғалым  Т.Жаманқұлов, өнертану докторы Б.Нұрпейіс, өнертану кандидаттары Е.Жуасбек, А.Мұқан, А.Еркебай, Ж.Сұлтанова, М.Жақсылықова, З.Исламбаева, жас буын театр­танушылар М.Тәшімова, А.Қыдырәлі, Н.Ескендіров, А.Ахмет, С.Әбіл­ғазиева, Н.Сламбек, Н.Жұмабай, тағы да басқа жастар үлкен бір топ болып, олардың жолын лайықты жалғас­тырып келеді. Әш-аға Астанадағы Өнер универ­ситетінде еңбек  еткен бірер жылда да жас театртанушы М.Әбілден бастап қаншама жас өскінді тәрбиелеген! Ұлағатты ұстаздың осы жас өскіндерге үлгі болатын қасиеттері мол. Солардың бірері – сахнагер­лердің еңбегіне деген үлкен құрмет және  еңбекқорлығы деу керек. Ай­талық, оның  араға жыл салып жарық көрген кітаптары өз алдына, өмірінің соңғы жылдарында «Алматы ақша­мында» жарияланған мақала-порт­реттерінің өзінің  берер тәлімі қан­шалықты мол еді десеңізші!  Бү­гінгі ұрпақ айтулы сыншының соңын­да қалған мол мұрасын әлі зерттейтін, зерделейтін болады.

Әшірбек ағаның тағы бір қасиеті – ағайынға, өзінен кейінгі інілеріне көрсете білген ізеті, үлгі-өнегесі.  Абырой  сол, оның жақсы інілері де үлкен азамат, ел азаматы деңгейіне көтерілді. Солардың бірі – Әш-аға мен Күләш тәтенің жақын іні туысы, бірталай жылдар басшылық қызметте болып, әлеумет үшін көп еңбек сіңірген  Әнафия Медетов пен оның зайыбы Фатима Жұмашева  менің студенттік кезден бергі жақсы достарым. Өздері де бүгінде үлкен әулетке айналған достарымның Әшекеңдей аға мен Күләштай жеңгеден де үлкен үлгі алып, олардың отбасына деген ерекше құрметі, ағайыншылығы, сыйластығына  сан мәрте куә болдым.

Адамның қалай ғұмыр кешкені оның соңында қалған рухани мұрасымен ғана емес, ең алдымен адами ұрпағымен де бағаланар болса – Әшірбек аға соңында жақсы ұрпақ қалдырды.  Ұлдарының бәрі де – үлкені, белгілі продюсер,  Әшағаның өзіндей өте орнықты, О.Бөкейдің сөзімен қисындағанда, «ұлы істерді үндемей жүріп тындыратын» Қанат­тан бастап  – өмірден өз орнын тапқан үлкен азаматтар. Ал, бір есептен, Әшірбек ағаның  отбасылық ғұмыры да жас буынға үлгі. Әш-ағаның  отбасылық өмірімен қоса шығармашы­лық табыстарының бәріне де – оның алғашқы оқырманы, көмекшісі, тіпті, хатшысы болған, өмірлік жар-досы Күләш апай да ортақ десек, әбден орынды.

***

Ә.Сығай кеңестік кезеңде кен­желеу қалған театртану өнеріндегі қадау-қадау санаулы  тұлғалардың бірі және Тәуелсіздік алған кезеңде, жоғарыда атап өтілгендей,  театр­тануға жас буынның  келуіне тікелей мұрындық және жастарды тәр­биелеуші ұлағатты ұстаз болды – өзінен кейінгілерге шығармашы­лығымен де, азаматтық қажырлы қарекетімен де үлгі көрсетті. Қазақ сахна өнерінің қай буынында болсын  Ә.Сығайдың назарынан тыс қалған ешбір сахнагер жоқ десек, артық айтқандық емес – оның кітаптары қазақ сахна өнерінің шежіресіндей.

Көрнекті сыншы, біздіңше, қазақ театр сыны үшін тосындау эссе жанрының негізін салды. Бұл өте күрделі жанрда жазған Әшірбек ағаның – оқыған адамға жеңіл, тайпалған жорғаға мінгендей әсерлі, ауқымы кең мақалалары, портрет­тері, тіпті, жолжазбаларына дейін жалқы мен жалпының әдемі үйле­сімін табатын еді – ол жеке бір актер, режиссер туралы немесе әлдебір фестиваль туралы жазсын мейлі, үнемі және міндетті түрде өнердің өзекті мәселелерін, өнердің қоғамда алатын үлкен орны туралы сөз  қозғайтын.

Ә.Сығайдың  сонау жас кезіндегі «Іңкәр шақ» жинағынан бастап соңғы еңбектеріне дейін біртұтас қарас­тырсаңыз – қазақ театр өнерінің тарихи-көркемдік шежіре­сін, кел­бетін тұтас таныр едіңіз. Қаламының желі бар көрнекті сыншы ғажайып эсселері, толымды талдауларымен ұлттық театр сыны саласында өз жолын салған тұлға. Осы жолды сыншының шәкірттері, бүгінгі жас театртанушылар лайықты жалғас­тырып келеді, олар сахна өнеріне, театр қайрат­кер­лерінің шығарма­шылық идеялары мен төккен маңдай терлеріне ұстаздары сияқты үлкен құрметпен, махаббатпен қарау ілімін терең меңгеріп,  білімді де білікті, жаңашыл  талдаулар, толымды ең­бектерімен көріне берулеріне тілектестік білдіреміз.

Көрнекті сыншы Ә.Сығайдың бүкіл болмысынан, демек, шығар­машылығынан да жан жылуы сезілетін. Ол  өнер туралы, руханият туралы сөз қозғағанда, тағы да қайталап айту артық емес,  үнемі елдік биіктен, ұлттық мүдделерден көрінді.Осының бәрі – ұлттық топырағы мықты, сонау жас кезінен білім жинаған,  өз  елін өркениетті елдер қатарынан көргісі келіп, өнер саласында аса қажырмен еңбек еткен, еліміз Тәуелсіздігінің нығая, қанатын кеңге жая түсуіне қызмет жасаған  көрнекті тұлғаның еліне, халқына, ұлтына, Отанына деген үлкен махаббатынан туындады. Өйткені, ол «шахтер Төребайдың жалғызы» емес, Халықтың перзенті болды!  Сондықтан да оның жарқын бейнесі жадымызда сақталса,  ұлағатты шығармашылығы кейінгі сан ұрпаққа қызмет ете береріне күмән жоқ.