Тіркелуші азамат та, баспана иесі де тіркелуге келуі тиіс

????????????????????????????????????

Елімізде азаматтарды уақытша мекен-жай  бойынша тіркеу тәртібі туралы көші-қон заңдылығына енгізілген түзету биылдан  бастап күшіне енді. Жалға берушілер өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге міндетті. Бұл заңдылықтың  қабылдануына қазақстандық қоғамды дүр сілкінткен Ақтөбе мен Алматыдағы терактілердің әсері аз болған жоқ. Көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер қарапайым азаматтарды тіркеу процедурасын көп жеңілдететін тәрізді. Бұрын тіркеуге тұруға екі тәулік уақыт кетіп, өтініш беруші сегіз құжат өткізетін. Енді, Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелу уақыты 15-20 минуттан аспайды.

Айнабай МӘДИ

Тиісті құжаттан тіркелуші мен баспана иесінің жеке куәлігі керек. Тіркелуші азамат та, баспана иесі де тіркелуге келуі тиіс. Себебі, құжаттың чипіне өзгеріс  жазылады. Өзі келе алмаған жағдайда нотариус қол қойған келісім-шарт болғаны жөн. Электронды сандық (цифрлық)  қолтаңбасы болса, отандасымыз өзін электронды үкімет арқылы тіркете алады. Содан кейін ол тұрғылықты тіркеудің қажет емес екенін жазғаны дұрыс.

Тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеуге тұру әлемдік тәжірибеде бар. Елімізде  тұрғылықты мекен-жай бойынша және уақытша тұру бойынша есеп заңнамада бұрыннан бері қарас­тырылған. Бәзбіреулер айтқандай, тіркеу еркін жүріп-тұруды шектемейді, Көптеген мемлекетте халықты есепке алудың белгілі бір формасы бар. Сол  арқылы экономикалық және әлеуметтік саясаттың жоспарланатыны да жасырын емес.

dsc_4167

Осыған орай, тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан астам мерзімге барған әр отандасымыз  мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп, халыққа қызмет көрсету орталығына барып, уақытша мекен-жайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс.  Арнайы мамандар айыппұл салу ретін түсіндіруде. Бірінші жолы ескертіледі. Екінші жолы тіркеусіз болса, хаттама толтыру арқылы ескертіледі. Үшінші жолы ғана айыппұл салынады. Бір айдан кейін заңбұзушылық қайта­ланса, айыппұл еселенеді. Айыппұл уа­қытша тіркеуге тұрудан бас тартқан тұл­ғаға ғана емес, пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге қоймаған жалға берушілерге де салынады. Жеке тұлға­ларға – 10 АЕК (22,6 мың теңге), шағын кәсіпкерлерге  –  15 АЕК (34 мың теңге), ал қонақүй қожайындары сияқты ірі бизнес өкілдеріне –  50 АЕК (немесе 113,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Тіркеудің міндетті талапқа айналуы қоғамда түрлі ой-пікірді туындатып отырғаны да рас. Парламенттің жұмыс комиссиясының тыңдауына қатысқан үкіметтік емес ұйым өкілдері жаңа заң пәрменді құрылымдардың экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мүмкіндігін арттыратынын айрықша айтса да, қадағалау функциясының күшеюі азаматтық құқық пен еркіндікті шектеу қаупіне селкеу түсірмес пе екен деген секемін білдірген. Азаматтық қоғамда әр алуан пікірдің біте қайнасып, айналып келгенде, қоғам игілігі жолында  мәмілеге келуі заңдылық.

dsc_4173

Әлбетте, бұл талаптың өзге қалада қонақүйде тұрып, жұмыс істейтін адамға да, өзге қаладағы  ауруханада жатып ұзақ емделетін адамға да қатысы бар. Осы­лардың біріншісі  қонақүй орналасқан мекенжайда, екіншісі  емделетін орны бойынша тіркеледі. Бұл талапты орын­дамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яки 16 мың теңге айыппұл салынатынын айтуға тиіспіз.  Бұл жаңа ереже   “заңдылықтағы олқы­лықты жою” орайында  енгізілгені мәлім.

– Азаматтарды уақытша мекен-жайда тіркеу тәртібі Үкімет қаулысы деңгейінде бұрын да болған. Енді бұл тәртіп заң деңгейінде бекітілді. Қазір көші-қон заңына «уақытша мекенжай» деген түсініктің анықтамасы мен уақытша мекен-жайда тіркеу міндеті енгізілді, – деп мәлімдеді ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі  Көші-қон департаменті бастығының орынбасары Галина Сәрсенова

Алматының жастар шаһары екенін, мұнда  үш жүз мыңдай студент-жас  барын ескерсек, пәтер жалдаған сту­денттердің біразын үй иелерінің өзі тіркеуге тұрғызуға ниет білдіре баста­ғаны аңғарылады. Әр өңірден оқуға келген студенттер де, туысының үйіне ұзақ мерзімге келген қонақ та тіркеуде тұратын болады. Қала аумағында тұрғын үй салып, құжатын әлі рәсімдемеген (тіркеуі жоқ) азаматтар мына ережеден соң тіркелудің қам-қарекетіне кіріскен. Қалайда, көші-қон полициясының нысанасына ілікпеу керек. Заңгер-мамандар заңдылық жайын жұртшы­лыққа    түсіндіруде. Өйткені, опық жегі­зе­тін көптеген қателік сол заңдылықты жіті түсінбеуден туындайды.

dsc_4191

– Бүгінде көптеген адамның тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан, жұмыс ор­нына тіркеуге тұра алмайды. Әйтпесе, бізде заң бойынша жұмыс істейтін ме­кемеге, оқу орны мен қызметтік ғима­ратқа да тіркелуге рұқсат берілген, –  дейді Алматы қалалық ІІД Көші-қон полиция  басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әйкен  Қасы­мова.

Қалалық ІІД Көші-қон полиция  басқармасының инспекторы Ләззат Мұхитованың айтуынша,  оралман куә­лігінің тіркеу кезінде пайдасы тие­тінін айтады. Инспектордың айтуынша, шет ел азаматтары уақытша тіркеумен ЖСН ала алады.

Редакция тілшілері  Медеу аудандық ХҚКО-да болып, уақытша тіркеудің мән-жайына қанығып қайтты. Орталық басшысы  орынбасарының айтуынша, бір күнде мыңға  жуық адам уақытша тір­келген. Тіпті, аудандық әкімдік тарапы­нан кезек күткендерге арнап шәй-сусын әзірлеп беру жағы да реттелгенін көзіміз көрді. Бұл да болса, көңілдерге демеу болып, жұрттың жүзін жадыратқандай. Аудан орталығындағы мекен-жайларда тіркелу бірқалыпты болса да, «Думан» тәрізді шалғай ықшамаудандарға тіркелуде біршама қиындық бар көрінеді.

Керек дерек

Өткен аптаның соңғы екі күнінде еліміз бойынша 16 мыңнан астам адам уақытша тіркеуге тұрды.

Тіркеу тәртібі мен құжаттардың рәсімделуі туралы мәліметті 2011 жылдың 1 желтоқсанындағы № 1427 Үкімет қаулысынан немесе “Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы” ІІМ министрінің №183 бұйрығынан көруге болады.

Заң 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енсе де, құқық қорғау органдары заңға қатысты барлық қажетті актіні Үкіметтен бекітіп алуы тиіс. Сондықтан, уақытша тіркелмеген азаматтар 1 ақпаннан бастап анықталады.