Сенат депутаты қоғам өкілдерімен кездесті

379d72746864eec6c3b5362cd31a4abd

Әсел ДАҒЖАН

Кеше Парламент Сенатының депу­таты Ақан Бижанов қалалық мәслихат депутаттары, этномәдени орталық­тардың және қоғам өкілдерімен кездесіп, жаңадан қабылданған заңдарға байла­нысты көпшіліктің сауалына жауап берді.

Бүгінде әлеуметтік желі мен ғаламтор бетінде қызу талқыланып жатқан тұрғылықты жері бойынша уақытша тіркеу мәселесі, халықтың жұмыспен қамтылуы, білім саласы туралы заңдардағы жаңалықпен таныс­тырған Сенат депутаты А.Бижанов көпшіліктің сауалына жауап берді. «Халықтың жағдайымен танысып, әрбір аймақта қандай мәселе бар, соған үңіліп, уақыт пен әрбір аймақтың талабын ескеріп, халықпен кездесулер ұйымдастыру өз нәтижелерін береді, бұл қажет шара», – дейді Сенат депу­таты. Оның айтуынша, бұл жұмыс­тардың нәтижесі де жақсы болады.

– Халықты жұмыспен қамту туралы Заңда айтарлықтай толықтырулар көп. Егер бұған дейін жұмыссыз деп тіркеуден өткен азамат болса, сол азамат жәрдемақы алатын. Ол жұмыс іздей ме-іздемей ме, ол қаралмайтын. Бірнеше уақыт өткен соң ол тағы келіп, жұмыссыз ретінде мемлекеттен жәрдемақы алатын. Ал бүгінгі күні нормативтік-құқықтық акті қалыптас­ты. Ол азаматтың жұмыс іздеуіне, жұмысқа орналасуына өзі мүдделі болуға жауапкершілік жүктейді. Жұмыс іздеушіге тиісті мекемелер көмектесіп, тиісті бос орын ұсынады. Егер белгіленген 10 күн ішінде азаматқа жұмыс табылмаса, оған жұмыссыз деген статус беріледі де, ол жәрдемақы алады. Егер ол азаматтың біліктілігі болмаса, жұмыспен қамту орталығында арнайы курс ұйымдастырылады. Ол сол белгілі аймақ үшін қажет бір мамандықты игеріп шығуға мүмкіндік береді. Тіпті, бір аймақтарда жұмыс күші көп болса, кей аймақтарда жетіспей жатады. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан ақша бөлініп, жұмыссыз азаматты жұмысы бар аймаққа жібереді. Бұл заң азаматтардың жұмыспен қамтылуына кешенді жағдай қарастырады. Бұрын цех, зауыт тоқтап қалса, жұмысшы­ларына 2 ай жәрдемақы берілетін, қазір ол 6 айға ұзарды, – деді А.Бижанов. Бұл Заңдағы тағы бір жаңалық – мүгедек жандарға жағдай жасалмақшы. Яғни, бір мекеме мүгедек адамды жұмысқа алу үшін онда арнайы техникалық мүмкіндіктер болуы тиіс. Ондай жағ­дайды жасауға мемлекет көмектес­пекші, яғни, сол мекемемен келісім-шартқа отырады. Сонда ол мекеме мүгедек адамды жұмысқа алған соң, онда бір жыл жұмыс істеуі тиіс. Бұл заң жобасы  қазір Алматыда қоғам өкілде­рінің арасында қызу талқылануда. «Білім туралы» Заң да күн тәртібінен түспей тұр. «Егер мектеп бітіруші түлек жоғары оқу орнына түскісі келсе ғана ҰБТ тапсырады. Бұл болашақта жоғары оқу орындарының сапалы білім беруіне мүмкіндік береді», – деді Сенат депутаты.

Кездесу барысында Алматының бүгінгі даму келбеті мен  уақыттың талабына сай «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға алдағы уақытта өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіні айтылды.

– Заң 18 жыл бұрын қабылданған болатын. Уақыттың өзі өзгеріс енгізуді талап етіп отыр. Ол қала құрылысы, ПИК-ті дамыту, көлік қозғалысы, экология сынды барлық мәселені қамтиды. Мысалы, метроның бекеттерін көбейтеміз деп жатыр. Оның да кейбір құқықтық мәртебелерін заңда қарас­тыруымыз керек, – деп түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан уақытша тіркеу мәселесі де әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Бұған байланысты барлық сұрақтар алдағы уақытта шешімін табады, барлық сауалдар жоғары жаққа жетеді, – деді А.Бижанов.