ОРЫН БЕРМЕЙТІН ҰРПАҚ ӨСІП КЕЛЕДІ…

bd94e847b2f14845c4b94f571b2288b8_2_xl

Бұрынғылар: «Көрмейін десем көзім бар, Айтпайын десем аузым бар!» деуші еді. Сол айтқандай, кейінгі кезде мен мынадай келеңсіз көріністі байқап жүрмін.

Автобусқа не троллейбусқа кіре қалсаң  18 бен 25-тің аралығындағы жастар міз бақпай отыра береді. Не болмаса көрме­генсіп, беттерін кітап не газетпен жауып, қалқалап алады. Ал, 30-40 жастың аралы­ғындағылар ұшып тұрып орын береді. Бұл, сірә, баяғы кеңестік кездегі тәрбиенің әсе­рі, соның жоғалып бара жатқан жұрнақ­тары болса керек. Өйткені, ол кезде үйде, мектепте, пионер мен ком­сомол ұйымда­рында: «қоғамдық көлікте үлкен кісілерге, қарттарға, бала­лы әйелдерге орын берің­дер!» деп оқушы балалар­дың, жастардың құлақ­тарына құюмен болатын. Қазір сол дәстүр ұмытылып бара жатқандай.

Бірақ, осындай әдептілік пен сый-құрмет мынау тұрған көрші Өзбек­станда сақталған.  Қоғамдық көлік­тердің бәрінде (автобус, троллейбус, трамвай және метро­да) жастар ұшып тұрып орын береді. Бермесе, не аңғармай қалса, айнала тұрған орта жастағылар дереу ескерту жасайды. Тіпті, жекіп, ұрсып жібереді.

Өзбекстан дегеннен еске түседі. Сонау 80-жылдары біздің Есбай дейтін атамыз Үсен дейтін баласына: «Мені Ташкенттің метросына апаршы, көрейін» депті. Ол кезде бұл шаһарда метро жаңадан ашылған-тын. Жұрт­тың көбіне таңсық әрі қызық кө­рінетін. Есбай атамыз аппақ сақалды, сәнді киінетін,  келбетті кісі-тін. Бала­сы екеуі метроның вагонына кірген бойда жұрт

дүр етіп көтеріліп: «Ата­хон, мына менің орныма отырыңыз, менің орныма отырыңыз!» – деп  құрақ ұшып­ты.  Сонда атамыз: «өзбек жас­тарының кішіпейіл­ділігіне, тәрбие­лілі­гіне риза болып, көзіме жас келді» деп еді.

Осы сияқты бір інішек бұдан бірер жыл бұрын  іссапармен Мәскеуге ба­рыпты.  Ол метрода кетіп бара жа­тып, өлмелі орыс кемпіріне ұшып тұрып орын береді. Бұған шексіз риза болған әлгі кемпір: «Балам, сен Өз­бекстан не Қазақстаннан шығарсың? Әйтпесе, бұл қаланың жастары өліп-талып бара жатсаң да орын бермейді. Газет не кітаппен бетін жауып отыра береді», – депті.

Осыған қарап «батыстың безбүйрек тәрбиесі бізге де келе жатыр ма?» деп қорқамын…

Ә. МАХАНБЕТ.