«Озар елдің ұлдары кітап оқиды»

%d0%ba%d1%83%d0%bc%d0%b8%d1%81-%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0%d0%bf

Әсел ДАҒЖАН

«Бір танысым Елбасымен кездескен болатын. Сол кездесу барысында екеуі кітап тақырыбын көп талқылапты. Танысым да қолынан кітапты тастамайтын жігіт. Әсіресе, ағылшын тілінде көп оқиды. Елба­сы оған The New York Tіmes бестселлерлері тізіміндегі кітаптарды ылғи қарап жүруге кеңес беріпті. Президенттің бұл кеңесіне өзім де құлақ асуға тырысатын болдым». 

Бұл – саясаттанушы, журналист әрі суретші Бақытжан Бұқарбайдың жақында шыққан «Күміс кітап» атты кітабындағы әңгімелердің бірі. 10 мыңнан астам ұлы тұлғаның өмірбаянын оқыған автордың кітап оқуға деген ерекше құмарлығы 6-сыныпта оянған. «Жиырма жылға жуық уақыт бойы менің ең жақын досым кітап болып келеді. Тіпті, адам келбетіндегі достарымның ешқайсысымен осынша ұзақ араласпаған екенмін» дейді автор.

Кітаппен достығы жайында сыр шер­тетін Бақытжан Бұқарбай өз өміріндегі мысалдар арқылы замандастарына кітап оқудың артықшылықтарын айтады. Тіпті, бүгінгі күні кітап дүкендерінде толып тұрған мотивациялық кітаптардың тренд, жәй ғана сән екенін дәлелдеуге тырысады. «Егер мотивацияңыз жетпей, оны жүздеген кітаптардан іздеуге бел бусаңыз, көп уақыт жоғалтпай, бір ғана кітапты оқып шық­саңыз жеткілікті. Бұл – XX ғасырда өмір сүрген австриялық психолог Виктор Франклдың «Сказать жизни «Да»: психо­лог в концлагере» атты еңбегі. Бұл кітапты оқыған кез-келген адамның мотивация тақырыбында ешқандай сұрағы қалмайды деп ойлаймын» дейді автор. Тіпті, кітап оқудың пайдасы әлеуметтік зерттеулер арқылы анықталғанын да автор тілге тиек етеді. Мәселен,  «Ауқатты адамдардың 86%-ы кітап оқығанды жақсы көреді. Кітап оқитын ересектер екі жарым есе жиі ерікті жұмысқа араласып, қайырымдылық шараларына атсалысады екен».

Тағы бір әңгімесінде автор жиырмадан астам елде болғанын жазады.

«Әзірбайжан мен Грузияға сапарла­ғанымда, екі елде де адым жерде кітап сатылып жатқанын байқадым. Әзірбай­жанда кітап дүкендері өте көп. Темір жол вокзалының жанында үлкенді-кішілі он беске жуық дүкенді санап шықтым. Ішінде жастар қаптап жүр. Озар елдің ұлдары кітап оқиды, тозар елдің ұлдары қалтафон шұқи ма деген ойға қалдым».

«Бакуде болғанымда балалардың киімін сататын дүкенге кірдім. Өзімнен ары барса екі-үш жас кіші жігіт сол жерде сатушы екен. Қазақстаннан келгенімді бірден байқап, әңгімелесе кетті. Жөн сұрасып болғасын «Кенесары Қасымов – ұлы тұлға» деді. Таңқалғаннан көзім бадырайып кеткен шығар сол сәтте. «Оны қайдан білесің?» – десем, әлгі жігіт тарихты көп оқитынын айтты. Есімі Керим екен. Кенесарыдан бөлек Алашорда тарихын, Желтоқсан көтерілісін, Колбинді, Қо­наевты – бәрін біліп тұр. Жақында Кене­сары ханымыз туралы кино түсірілгенін айтсам, «Қойшы, ақыры шықты ма?» – деп таңқалды. «Саудагерлері осындай болса, бұл елдің болашағы жаман емес екен», – деген оймен қайттым».

Айта кетейік, оқырмандарды кітап оқуға шақыратын бұл «күміс кітап» әлеуметтік желіде қызу талқыланып,  еліміздің ірі қалаларында үлкен сұраныс­пен сатылуда