КӨРЕРМЕН КӨҢІЛІНЕН ШЫҒАТЫНЫНА СЕНІМДІМІН

(«Қазақ елі» анимациялық фильмін көргеннен кейін туған ой)

685fd44450796bdd7e78f363241d3df1_resize_w_600_h_315

Елбасының тап­сырмасы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налып түсірілген «Қа­зақ елі» атты ани­мациялық фи­льмнің тұ­сауке­се­рінде бо­лып, тама­шалап қайттым.

Көрерменін көп күттірген бұл туын­ды – қазақ мультипликациясы тари­хын­дағы тұңғыш тарихи то­лықметражды фильм саналады. Әрине, Әмен Хайдаров аға­мыздың қол­таңбасымен біраз мульт­фильм қазақ ки­носының қоржынына қо­сылды. Арасында классикаға айналғандары да бар. Десек те, құндылығы жоғары, сүйекті шығарма деп арнайы атап көр­сететін дүние көп емес. Ал «Қазақ елі» мультфильмін елі­мізде кен­желеу дамыған анимация сала­сының бір үлкен жетістігі деуге болады.

%d1%82-%d0%bc%d0%b5%d0%b9%d1%80%d0%b0%d0%bc%d0%be%d0%b2

«Қазақ елінің» қызығы мен қиындығы – өмірде болған тарихи оқиғалардың ізімен түсірілгендігі. Анимациялық фильм жа­саудың оңай еместігін өнер адамы ретінде білеміз. Бірақ, тарихи шығарманы балалар психологиясына арнап жазуға да асқан қырағылық, талғампаздық керек. Рас, кез- келген фильмді алғаш көргенде бүкіл деңгейін егжей-тегжейлі бағалап, қадір-қасиетін сезініп, пікір айта алмайсың. Жалпы, кез келген адам бірінші көргенде туындының мазмұны мен сюжетіне мән береді ғой. Осы тұрғыдан келгенде, «Қазақ елінің» ерекшелігі – жалаң сюжетке құ­рыл­май, нақты шешімдер құра білген­дігінде. Сценарий авторы Сағаділдә Үсі­бәлінің балалар фильмі арқылы-ақ үлкен мәселені қозғауы сахнаның қыр-сырын меңгергенін байқатады. Артық сөз жоқ. Барлық құпияның сыры фильм барысында өз ретімен ашыла береді.

%d1%81%d0%b0%d0%b3%d0%b0%d0%b4%d0%b8%d0%bb%d0%b4%d0%b0-%d1%81%d1%86%d0%b5%d0%bd%d0%b0%d1%80%d0%b8%d1%81%d1%82

Әсіресе, адамзат жаралғаннан бері тоқтамаған ақ пен қараның айқасын, сатқын Қарабектің образын беруінің өзі балалар психо­логиясына ерекше әсер етеді деп ойлаймын. Жастайынан кімнің дос, кімнің дұшпан еке­нін, жақсылық пен жа­мандықты тани білуге тәр­биелейді. Қа­рабектің дұшпа­нына барып бас иіп, еліне сатқындық жасағаны көрер­менді жирен­діреді. Сол кезде қоңтайшының «Өз елін сат­қаннан қайыр жоқ. Ертең бізді де сатып кетеді. Жорықтан соң көзін жой!» деп тапсырма беруі талайларға сабақ болары сөзсіз. Осындай нанымды сюжеттер ар­қылы мульт­фильмнің көрермен көңі­лінен шығатынына сенімдімін.

Және бір айтарым, осы шаралардың барлығы – «теңізге тамған тамшыдай» ғана әрекеттер. Ұлы Дала елінің бай тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен фольклоры барда кішкентай көрермендер үшін талай туынды түсіріп, талай базарлық тарту етуге болады. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ересек азамат екенін естен шығармауымыз керек.

 

Тілектес МЕЙРАМОВ,

Қазақстанның халық әртісі.