Жаппай жәрдемдескен жөн

1-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Айнабай МӘДИ

Қысқы Универсиада қарсаңында Алматы қаласы мен оның маңындағы аумақтарда қауіпсіздік шаралары жүргізілуде.

Мұндағы мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ, қылмыс жасауға бейім адамдарды анықтау. Жедел-алдын алу шаралары Алматы аумағында 6 қаңтардан басталып, 25 қаңтарға дейін жалғасады. Жер-жаһаннан жиылған спортшылар мен қонақтар қатысатын ірі әлемдік  деңгейдегі спорттық жарыс – Универсиада-2017 қарсаңында қауіпсіздікті сақтаудың маңызы зор.

– Қысқы Универсиада-2017 алдында Алматы қаласы мен мегаполиспен шектесетін Алматы облысының бірнеше аудандарында негізінен жаттығу сипатындағы ауқымды жедел-алдын алу шараларын өткізу жоспарлануда. Оған құқық қорғау органдарының ауқымды күштері қатысады. Тұрғылықты жерге байланысты ішкі істер органдарының алдын алу есебінде тұратын адамдар тексерістен өткізіледі. Аңшылық атыс қаруын  сақтау және оны қайта тіркеудің ережеге сәйкестігі де тексеріледі, – деп мәлім етті Алматы қалалық Терроризмге қарсы күрес орталығы штабындағылар.

Штабтағылар Алматы мен оған шектес аудандардағы тәртіпті қамтамасыз ету шараларын өткізуге орай азаматтарды түсіністікпен қарауға шақырады. Сондай-ақ, құзырлы орталық өкілдері барлық жерде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жаппай жәрдемдесуге үндейді.