Жанбота АЛДАБЕРГЕНОВА: БАСТЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫМ – ҚЫТАЙ, РЕСЕЙ ЖӘНЕ БЕЛАРУСЬ СПОРТШЫЛАРЫ

ФристаЙл

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%be%d1%82%d0%b0

Қысқы Универсиада-2017 ойындарында шаңғы акроба­тикасы бойынша ел намысын қорғайтын Қазақстанның фрис­тайлдан құрама командасының көшбасшысы  Жанбота Алдабергенова өз сұхба­тында алда келе жатқан ойындар қарсаңында толқу үстінде жүргені жөнінде және басты қарсыластары жайында әңгімелеп берді.

– Дайындығымыз қызу жүріп жатыр, Шымкентте жаттықтық. Қазір Алматы арқылы Америкаға ұшып кетеміз. Онда Әлем кубогының кезеңдеріне қатысамыз. Жарыстар аяқталған соң АҚШ-та бір апта­дай жиындарда боламыз, кейін Универсиадаға қатысу үшін Қазақстанға ораламыз, – деді Жанбота Алдабергенова.

– Алдағы Универсиададан не күтіп отырсыз?

– Қатты толқып жүрмін, өйткені, өз елімде өнер көрсететіндіктен, жауапкер­шілік те көбірек. Оған қоса, Қазақстанда осын­дай ауқымды ойындарда қалың жұртшы­лық алдында тұңғыш рет ойын көрсет­пекпін. 2011 жылғы Қысқы Азия ойында­рында менде ондай тәжірибе болған жоқ, өйткені, шаңғы акробатикасына Азиада­дан кейін келдім.

– Маусым басталып кетті. Дайындығы­ңызды қалай бағалайсыз?

– Маусым басталғанда бізде белгілі бір қиындықтар туындады, Финляндиядағы оқу-жаттығу жиындарында толыққанды дайындықтан өте алмадық. Онда жүргені­мізде, ауа-райы бір жылып, бір суып, бұрқасын көтерілді, сол себептен кейбір жаттығулар өткізілген жоқ. Сондықтан әлі өзімді сенімді сезініп жүрген жоқпын, алайда, Америкадағы Әлем кубогы кезең­дерінде мұны міндетті түрде еңсеремін.

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%be%d1%82%d0%b0-2

– Универсиададағы басты қарсылас­тарыңыз кім?

– Қатысушылардың есімдерін әлі білмеймін, дегенмен, басты қарсылас­тары­мыз бұрынғысынша Қытай, Ресей және Беларусь атлеттері ғой.

– Универсиада алдында жаңа элемент­терді қосасыз ба?

– Мен кейбір жаңа элементтермен жаттығып жүрмін, алайда, Универсиада кезінде оларды орындаймын ба, білмеймін. Құлап қалғаннан гөрі, күрделі емес секі­рістерді таза орындап шыққан дұрысырақ. Сондықтан тексерілген, әбден жаттыққан секірістерге артықшылық беріледі, бірақ, Америкадағы Әлем кубогынан кейін ғана оны нақты шешетін боламыз.

– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда Қыс­қы универсиаданың өтуі шаңғы акроба­тикасы танымалдылығының  артуына әсер ете ме?

– Универсиадан кейін біздің спорт түрі туралы көбірек адам біле бастайды деп үміттенемін. Өйткені, фристайлмен шұғыл­данамын дегенде, адамдар «бұл не, би ме?» деп сұрайды. Сосын түсіндіруге тура келеді. Фристайл бойынша секцияларға келетін балалар саны артса, мысалы, Қытай­дағы­дай жоғары бәсеке болса деймін. Шаңғы акробатикасы фристайл дисцип­ли­налары ішіндегі ең экстремалдысы сана­лады. Сондықтан жанкүйерлердің бар­лығын оны өз көзімен көруге шақырамын.

 

***

21 жастағы спортшы қыз Жанбота Алда­бергенова – Әлем кубогы кезеңдерінің фристайлдан жүлдегері, Еуропа кубогының иегері, халықаралық жарыстардың жеңім­пазы. 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Олимпиадада Жанбота алтын­­­шы орынды иеленді.

 

Керек дерек

Фристайл

Фристайл – Олимпиада бағдарла­масына енген қысқы шаңғы спорт түрі.

  • Фристайл бес жаттығу түрінен тұрады:

–       Могул;

–       Шаңғы акробатикасы;

–       Ски-кросс;

–       Халф-пайп;

–       Слауп-пайп.

  • Универсиада-2017 ойындары бағдар­ла­масына енген Фристайл түрлері: Ерлер және әйелдер арасында:

–       Ски-Кросс (SX), Могул (МО), Паралельді могул (DМ), Акробатика (АЕ), Аралас командалық акробатика.

  • Фристайл сайыстарының өтетін жерлері: «Шымбұлақ» ТШК, «Табаған» кешені.