Дағдарысты әрекет еңсереді

Мемлекеттік дағдарысқа қарсы шаралар мегаполистегі салық түсіміне оң әсер етті

Hand with calculator. Finance and accounting business.

Нұрлан СҮЙІН

Еліміздің қаржы-экономи­калық орталығы – Алматы қаласы 2016 жылды салықтық түсімнің өсуімен қорытынды­лады. Жыл қорытындысы бойын­ша республикалық бюджетке 1259 млрд. теңге салықтық түсім жиналды. Бұл жоспарланғаннан 102,6 млрд. теңге, яғни, 8,9 пайызға артық. Ал 2015 жылмен салыстырғанда 223 млрд. теңге көп. Жергілікті бюджетті толтырған салық түсімі 338,7 млрд. теңге болды. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 12,7 пайыз (38,2 млрд.) көп.

Бұл жетістіктер мемлекет тарапынан жасалған қолдау шаралары арқасында және салықтық жүйенің жақсаруы әсерінен болып отыр. Атап айтар болсақ, мемлекет басшысының қолдауымен, дағдарысқа қарсы іс-шаралар шеңберінде тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылымдық жобаларға республикалық бюджеттен 32,9 млрд. теңге бөлінді.

Әлемдік «Doіng Busіness» рейтингі бойынша Қазақстанның орны Алма­тының көрсеткіштерімен белгіленеді. Бүгінгі таңда Қазақстан алты позицияға көтеріліп, 35-орынға тұрақтады.

Әлемдік рейтингтегі ел көрсеткішін айқындайтын Алматыға ірі шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жалғасып отыр. Бүгінде мегаполиске инвестиция құюға кіріскендер қата­рында 11 трансұлттық компания бар. Өткен жылдың 11 айының қоры­тындысы бойынша мемлекеттік инвестициялар 37,2 пайызға қысқарса да, жеке инвестиция 5,6 пайызға өсті, сырттан келген инвестицияның өсімі 19,7 пайыз болды. Сонымен қатар, 2016 жылдың басынан 25 мың жұмыс орны ашылды. Бұл салық базасының ұлғаюын қамтамасыз етті.

Өткен жылы жолайрықтар құрылысын, Универсиада нысандары құрылысын оңтайландыру барысында 123 млрд. теңге қаржы үнемделді. Дағдарысқа қарсы іс-шаралар шеңберінде, оңтайландыру мен үнемдеу нәтижесінде мегаполис экономикасына жергілікті бюджеттен 80 млрд. теңге бөлінді. 2016 жылы республикалық бюджетті игеруде жақсы көрсеткіштерге қол жетті, соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш 99,9 пайыз нәтиже болды. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру 99,8 пайызға, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 98,7 пайыз орындалды. Бұдан өзге 2016 жылы «Мемлекеттік сатып алу» бойынша 5,8 млрд. теңге үнемделді.

Алматыда инфляция деңгейін 8 пайыз көрсеткіште ұстап тұруға мүмкіндік жасалды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша мегаполис экономикасының өсуі 2 пайыз болады деп күтілуде. Жыл қорытындысында дағдарысқа қарсы іс-шаралар бюджетке салық түсіміне оң әсер еткенін көрсетті.