Адам органын саудаға салуға бола ма?

9860c039b1e1569b32b3660e4383a2df

Серік ЖҰМАБАЕВ

Ел арасында адам ағзасын науқастарға сату немесе ерікті түрде беру туралы әңгіме жиі көтеріліп келеді. Тіпті, мұны дәрігер қауымының өзі бастамашы болып көтеріп жүр. «Жол апаттары немесе ауыр науқастан көз жұмған адамның дене мүшелері талай адамның өмірін сақтап қалар еді», – дейді дәрігерлер. Алайда, біздің «Трансплантация туралы» Заңымыздың кейбір баптарында шикілік бар. Сондықтан да дәрігер мамандар бұл Заңға ішінара өзгерістер енгізу қажеттілігін айтады. Жалпы, адам органын сатуға заңмен рұқсат беру керек пе? Бүгінгі тақырыпта біз осы мәселені көтергенді жөн санадық.

Қазіргі таңда Қазақстанда төрт мыңнан астам адам ішкі ағзасын ауыстыруға ниетті екен. Олардың басым бөлігінің бауыры, бүйрегі, тіпті, жүрегі ауырады. Бірақ, науқастардың дені донор таппай әлек. Мысалы, бұл мәселе шет елде заң шең­берінде реттелген. Егер онда бір адам оқыс оқиғадан немесе көлік апатынан қайтыс болса, туыстарының рұқсатымен әлгі адамның жарамды ағзаларын алып, қажет етіп отырған науқасқа салады. Тіпті, АҚШ-та шопырлардың жүргізуші куәлігінде өзгеге мүшесін беру немесе бермеу туралы мәлімет көрсетіліп тұрады. Өз кезегінде дәрігерлер донорға транс­плантациялық отаның қауіптілігін түсіндіреді. Міне, шет елде мұның барлығы заңды түрде шешіл­ген. Ал, бізде өкінішке орай, бұл заң жетіл­меген. Біз «Трансплан­тация туралы» Заңды енді ғана жан-жақты талқылап отырмыз.

Былай қарап тұрсаңыз, бұл қол­дайтындай-ақ дүние. Егер әр адамның өзінің келісімі болса немесе адам дүниеден өткеннен кейін туыстарының рұқсаты бойынша оның органын алып, ағзаға мәжбүр болып отырған науқасқа салсақ, онда тұрған не бар екен? Тіпті, бұған ислам діні қарсылық білдірмейді. Егер адам оқыс оқиғадан өмірден кетіп, оның жұмыс істеуге қабілетті ағзасы келесі бір нау­қастың өмірін арашалап қалса, денсаулығы түзелген науқас қайтыс болған адамға көмегі үшін өмір-бақи рахметін жаудырмай ма? Сол үшін Құран оқып, Алладан медет сұрамай ма? Адамдардың бір-біріне деген көмегі, ілтипаты осындайда сезіледі. Тіпті, араб елдерінің өзінде қайтыс болған адамның туыстары келісіп жатса, оның ағзалары пайдаға жаратылады. Ағзаны о дүниеге алып кеткенше, өзгенің өмірін арашалап қалған әлдеқайда сауап іс емес пе?!

uzn_1435386144

Бірақ, адамдардың өз органдарын сатуына заңмен рұқсат берсек, мұның арты қалай болмақ? Өйткені, қазір интернетті ақтарып қалсаңыз, неше түрлі адамдар өзінің бүйрегін, бауырын, ұйқы безін, тіпті, жүрегіне дейін сатамын деп жарнамалап қойған. Сол адамдарды көрсеңіз, басым көбі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Олар қарызға кіріп кетіп немесе банкке кредитін төлей алмай, мәжбүрліктен осыған барып отыр. Психологиялық ауытқушылықтан, шарасыздықтан «ең болмаса, өліп бара жатып, артымдағы қарызымды жауып кетейін» дейтіндері бар. Сонда біз қиналып жүрген адамдардың ішкі ағзаларын сатуына рұқсат беріп, қарыз үстіне қайғы жамап бермекпіз бе? Бұл масқара емес пе? Сондықтан орган сатуға өте мұқият қарауымыз керек секілді. Себе­бі, мұның артында адам тағдыры тұрған­дықтан, бұған бей-жай қарауға болмайды. Әрине, егер адам жол апатынан немесе оқыс оқиғадан қайтыс болса, оның ішкі ағзаларын алып, қажет етіп отырған адамға салуға болатын шығар. Өйткені, бізде орган қажет етіп отырған адамдар шашетектен. Алайда, бұдан біраз бұрын денсаулық сақтау мекемелерінің мәйітханасында істейтін кейбір дәрігерлер қайтыс болған адамның ішкі ағзаларын шет елге сатып, бизнес жасағанын ақпарат құралдары жазған болатын. Қазір мұндай келеңсіз­діктер бар ма-жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ мәйітханада жұмыс істейтін дәрі­герлер өз қызметіне адал деп айту қиын. Сондықтан мұны тоқтатып, бақылауды күшейткеніміз жөн-ау. Мәйітханадағы дәрігерлер қайтыс болған адамның ішін жарып, жарамды ағзалардың барлығын алып, қайтадан тігіп, туыстарына бере салатыны елімізде аз айтылып жүрген жоқ. Бұл адамгершілікке жатпайтын тым өрескел іс. Сол үшін «Трансплантация туралы» Заңды қатаңдатып, өлген адамның о дүниедегі рухына тыныштық беруіміз қажет. Ал қайтыс болған адамның мүшесі біреуге аса қажет болып жатса, онда арнайы комиссияның шешімімен, өлген адамның туыстарының рұқсатымен ғана беруіміз керек. Бұл мәселені кезінде академик Мұхтар Әлиев қатты көтерген болатын. Алайда, ол кісінің айтқандары осы уақытқа дейін ескерілмей отыр. Біз адамдардың құқы мен денсаулығының тапталуына жол бермеуіміз керек. Қазақ­стан өз халқының денсаулығын қорғай алмайтын әлсіз мемлекет емес. Қазір мұны заңдастыратын болсақ, онда кейбіреулер болмашы қаржы беріп, көшедегі қаңғы­басты ұстап алады да, ағзасын саудаға айналдырады. Оның үстіне, осыдан біраз бұрын Алматының маңындағы ауылдардың бірінде бірінші сыныпта оқитын қызды біреулер ұрлап кетіп, бір бүйрегін алып, қызды қайтадан есігінің алдына тастап кеткенін басы­лымдар жазған болатын. Мұндай жағдайда елімізде түрлі адам саудасы белең алып кетуі мүмкін. Сон­дықтан бұған өте мұқият болуымыз қажет.

Қалай десек те, ағзаны алмастыру жағдайы елімізде өте күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Мұның заңдық тұрғыдан шешілгені дұрыс. Бірақ, ол үшін ең бірінші халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Өйткені, қазір медицина мамандарына көңілі толмайтындардың қатары көп. Дәрігерлер «мына кісі қайтыс болды, енді оның ағзасын науқасқа пайдаланайық» десе де, оған көпшілігі сенбейді. Сондай-ақ, елімізде жемқорлық белең алған. Осының барлығы «Транс­плантация туралы» заңға кері әсер етуде. Сондықтан бұл туралы заңды қабылдамай тұрып, алдымен халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, дәрігер­лердің мәртебесін көтеріп, жемқорлықты жоюымыз қажет. Сонда ғана халық бұған түсіністікпен қарайтын болар?!