Әлеуметтік төлемдер кезең-кезеңімен 20 пайызға жетеді

4-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Әсел ДАҒЖАН

Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада Елбасы 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақының барлық мөлшерін 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға, баланың тууына байланысты берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшерін де 20 пайызға арттыруды тапсырған болатын.  Осынау ақжолтай ақпаратты естіген қарапайым халықтың бір қуанып қалғаны рас. Дегенмен, олар әлеуметтік төлемнің бірнеше кезең бойынша жүзеге асатынына мән берді ме?

dalanews.kz сайтының мәліметіне жүгінсек, өткен жылдың соңында ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің артуына байланыс­ты нақты түсіндірме берген болатын.

– 2017–2019 жылдарға арналған бюд­жетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға, Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11 пайызға ұлғайты­лады. Мәселен, егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11 пайызға ұлғайтылып, жалпы мөл­шері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайтылмақ.

Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан – 7 пайызға, Мемлекет басшы­сының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға арттырылып, 12 802 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13 пайызға ұлғай­тылып, жалпы мөлшері 14 466 теңге бола­ды. Осылайша, 2017 жылы базалық зейнет­ақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға арттырылады, – дедіТамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, министр 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 миллиард теңге бөлінетінін де атап айтты.

Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақы­ның орташа мөлшері (базалық зейнет­ақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бала тууына байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан – 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27 пайызды құрайтын болады.

– Егер ағымдағы жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты бері­летін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса,  2017 жылғы 1 қаңтарда 71 270 теңге болып, 1 шілдеде 86 222 теңгеге дейін артпақ. Ағымдағы жылы төртінші баланың тууына байланысты берілетін бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 118 мың теңге болып, 1 шілдеде 142 947  теңгені құрамақ, – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.