Әлемнің өнер шеберлері Универсиадаға қолдау білдірді

imgonline-com-ua-compressedfpjd2okxmvgb

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Бүгінде әлем Қазақстанды шикізатымен ғана емес, дүние жүзіне танымал мәдениетімен де мойындап отыр. Ұлттың ұлылығы сан түрлі мәдени құндылығымен айқындалып тұратыны да сондықтан. Қазақтың дәстүрлі өнері қай кезде де халқымыздың қадірін арттырып келеді. Ән мен күй, ұлттық би өнер туындылары қазақ халқының өркениетті ел екенін айғақтайды.

 Еліміздің классикалық музыка өнері де бүгінде шарықтау биігінде. Еліміздегі дәстүрлі ән өнері мен классикалық музыканың айтулы өкілдері де бір-бір әлем. Қазақ мәдениетінің кең ауқымда дами бастауы қазақ ұлтының қайта өрлеуінің негізгі элементтерінің біріне айналуы көз қуантады. Қазіргі таңда Қазақстан тек Орталық Азияның ғана емес, Еуразия аумағының мәдени-рухани диалог алаңына айналып, мәдени-интеллектуалдық трансферттер орталығы болып отыр. Қазақ мәдениеті халықаралық дәрежеде табысты, салмақты, ақылды, әуезді деген сөздердің синониміне айналған. Осыған орай, ұлттық мәдени құндылықтарымыз жаһандық процестермен астасып, шекара асып, алыс-жақын деген ұғымдарды жоққа шығарды. Оған біздің елімізде барлық алғышарттар бар. Сондықтан, әлем өнер шеберлері біздің елімізге келуге құмар. Жақында елімізге әлемнің бірнеше елінен опера және балет өнерінің бір топ шеберлері келмек.

Олар халықаралық Универсиаданың қызған кезінде Алматыда бас қосып, спорт додасына қолдау білдірмек. 3 ақпан мен 5 ақпан аралығында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Халықаралық Ballet Globe балет фестивалі өз қойылымдарын көрсетіп, өнерсүйер қауымды бір серпілтуді қолға алуда. Осы күн­дері Алматыға Францияның «Гранд-Операсы», Ресейдің Үлкен театры және Американың балет театры қонаққа келмек. 3 ақпанда фестиваль шымылдығы «Жизель» спектаклімен ашылады. Одан кейінгі күндері көрермендер америкалық атақты балерина Джиллиан Мерфи мен Кори Стернзаның қатыс­уымен «Лебединое озеро» қойылымын тамашалайды.

Фестиваль 5 ақпан күні «Ромео мен Джулетта» спек­таклімен қорытындылады деп күтілуде.

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарын Еуропа және Ресейдің өнер жұлдыздары бұған дейін де талай қуантқан. Алайда, бұл өнер фестивалінің өзіндік ерекшеліктері бар. Елімізге, оның ішінде, Алматыға тұңғыш рет америкалық опера және балет театры жұлдыздарының келуі күтпеген жаңалық болып отыр. Американың Қазақстандағы елшілігі бас консульдығының қолдауымен жүзеге асып отырған мәдени шара екі ел арасындағы өнер баспалдағы болатыны айқын.

Фестиваль аясында әлемдік балет өнерінің жұлдыздары қазақстандық әріптестеріне шеберлік класын өткізбек. Өнер шеберлері Алматыда болған күндері Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінде болып, шығармашылық кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Таза өнер ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтың алтын арқауына айналуымен қатар, елдердің өзара мәдени қатынасына дәнекер болуын осыдан көруге болады.