ҰМЫТЫЛМАЙТЫН КҮНДЕР

9745462f-3542-4e04-902c-6e9ab11fecd3_mw800_s

Құттыбек Аймахан

Уақыт зымырап, жылдар жылжып өткен сайын өткен күндердің сағым елесіне амалсыз сүңги береді екенсің. Бұл ретте, қазір мен «Алдымызда уақыт, артымызда уақыт, бірақ, ол біздің жанымызда жоқ» деген Лев Толстойдың сөздерін жиі ойлайтын болып жүрмін. Өйткені, кілең уақыттан тұратын біздің өміріміздің зымырап өте шығатынын көбіне өзіміз аңғармайды екенбіз. Олай дейтінім, қазақтың қайсар туған ұлы, кейіннен «Халық қаһарманы» атанған Қайрат Рысқұлбековпен Алматыдағы уақытша оқшаулау мекемесінің (ИВС) 20-камерасында алғаш кездескен сәтімізге бүгін тұп-тура 30 жыл толып отыр…

Әлі есімде, Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін 1986 жылдың дәл 24 желтоқсаны күні құқық қорғау қызметкерлері мені жұмыстан ұстап әкетті. Қарсы айтар уәжім жоқ, олардың қолдарында менің алаңда түсіп қалған суретім бар екен. Содан не керек, жалғыз өзім бір камерада 1987 жылды қарсы алғаным бар. Сөйтіп, бірнеше күннен кейін ИВС-тің ең түпкіріндегі 20- камераға ауыстырған еді.

Ал ертесіне, яғни, дәл 1987 жылдың 7 қаңтарында жаныма сақалы әбден өсіп кеткен (мен де соның ар жақ-бер жағында едім) бір жас жігітті әкеп кіргізді. Әрине, күңгірттеу тар камерада мен оған бажайлап қарамақ та болдым. Бірақ, оның салқынқанды, сабырлы жүзінен ештеңе байқалмайтын еді. Дегенмен де, екеуміздің бір-бірімізге барлай қараған үнсіздігіміз ұзаққа созыла қоймады. Тез арада сөйлесіп кете алдық. Әсіресе, оның да «алаңға шыққан себепті» қапасқа қамалғанын естіген бойда тіліміздің тығындары ағытылып кеткендей болды. Құшақтаспасақ та, қолымызды қуана алысқанымыз есімде…

…Сол сәттен бастап екеуміздің әңгімеміз жарасып сала берді. Көбіне «алаңға шыққандағы әрекетіміз», «Қонаевтың орнынан қалай алынғаны», одан қалды еліміздің ендігі халі қалай болатыны жайлы сөздеріміз түйдек-түйдегімен ағытыла берді. Есімде қалғаны, Қайрат Бас құрылыс академиясының жатақханасынан алаңға достарымен бірге келіпті. Кейін тергеу барысында соның бәрін тергеушілер бейнекамераға түсіріп алып, тек алаңның Желтоқсан көшесі (ол кезде Мир көшесі) тұсындағы әрекетін «өзгертіп» жіберген. «Қазір сол жерде біреуді таяқпен ұрып жатқанын» көрген «куәгерлердің» көбейіп кеткенін айтып, уайымдағаны есімде. Соған орай, тергеушілер бұны «бұл жаппай төбелес болды ғой. Сондықтан, жұрт ұрып жатқан соң мен де бірер рет ұрып өттім деп айта сал. Одан саған ештеңе келіп-кетпейді» деп жалған сөйлеуге азғырған. Кейін әлгі «куәгерлер» осы сөзді «растап», тек Қайраттың соққысынан кейін барып адам өлімі орын алғанын айта бастаған.

Әрине, мен де Қайраттың ешқандай жазығы жоқ екенін жүрегіммен сездім. Сондықтан да Қайратқа «Жағдайыңды түсінемін. Арты жаман болып кетуі мүмкін, дереу жаңағы тергеушілер айтқызған сөзден бас тарт та, шындығын айт!» деп ақыл қосқандай болдым. Қайрат та ертесіне тергеуге «осы сөздерді айтамын» деп кетті. Содан қайтып мен Қайратты көре алмадым…

Мені содан кейін-ақ түрмеге алып кетті де, 16,17,19 ақпан күндеріндегі сот барысында 5 жылға бас бостандығымнан айыруға үкім шығарды. Ал Қайраттың жағдайына келсек, оның тағдыры қаншалықты қиын болғанын жұрттың бәрі өте жақсы біледі. Мен Қайраттың ату жазасына кесілгені туралы Құс­мұрындағы еңбекпен түзеу колония­сында жатқанда-ақ естіп білдім. Қолдан келер бар амал, өзіңді-өзің іштен қажап жеу ғана болды.

Міне, осылай біз Қайрат екеуміздің «алыс та, жақын да емес жерде» кездескенімізге де отыз жыл уақыт өтіпті. Бірақ, ол күндер еске түссе, тірі адамның өзі әрі-сәрі күй кешіп, сол ойлар жанын жегідей жейді екен…