ҚҰРБЫҢДЫ БИЛІККЕ АРАЛАСТЫРСАҢ, ҚҰРИСЫҢ…

Оңтүстік Корея президенті  Пак Кын Хе  не үшін қызметінен кетті?

%d0%bf%d0%b0%d0%ba-%d0%ba%d1%8b%d0%bd-%d1%85%d0%b5

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Өткен 2016 жылы Оңтүстік Кореяда пре­зидент Пак Кын Хенің сыбайластық сипаттағы заңсыздыққа жол  беріп, халықтың сенім­сіздігіне ұшырауы ел өміріндегі ең бір келеңсіз оқиға болды. Ол осыдан тура төрт жыл бұрын, яғни, 2012 жылдың 19 желтоқсанында  «Сэнури» пар­тиясының атынан президенттік сайлауға түсіп, билікке қол жеткізген еді.

Елдің тарихындағы он сегізінші және тұңғыш әйел президент болып сайланған алпыс жастағы Кын Хе қызметке кірісер салтанатты   сәтте небәрі он бес минут  сөй­леп, сөзден гөрі, істің адамы екенін аңғарт­қандай болатын. Экономикалық өсуді  қамтамасыз етіп, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға, жалақыны молынан көбейтуге нық уәде беріп, жұртшылықтың  ықыласына бөленген-тін.

Содан бері де төрт жылға жуық уақыт зымы­рап өте шықты.  Алайда, «президент те пенде, яғни, адам баласы, ол да кейде жаза басып, қателеседі» деген рас. Сол айтқандай, 2016 жылдың күзінде ойламаған жерден  Оңтүстік Кореяның мемлекет бас­шысы  Пак Кын Хенің  өзінің жақын құр­бысы Чхве Сун Сильді билікке аралас­тырып, оның біраз нәрсені былықтырғаны жұртқа жария болып қалды. Дәлірек айтқанда, Чхве Сун Силь президент кеңсе­сінде ресми түрде ешбір қыз­мет атқармаса да, мемлекеттік құпия құжат­тарды емін-еркін пайдаланып, Пак Кын Хенің сөй­лейтін сөздеріне, жасайтын баяндамала­рына түзетулер енгізіп отырған көрінеді. Бұл дегеніңіз, бөтен адамның елдің саясаты мен экономикасына араласып, ықпал ету деген сөз. Сондай-ақ, «коммерциялық емес» деген екі қор ашып, оған бірқатар корпо­рация­лардың есебінен қаржы аудартқан деседі.

Мұны естіген  жұртшылық ел астанасы Сеулде және басқа да ірі қалаларда мың-мыңдап көшелерге шығып, наразылық акцияларын өткізді. Президент Пак Кын Хенің қызметінен кетуін талап етті. Нара­зылық акциясын ұйымдастырушылардың есебінше, шеруге Сеулде 1 млн. 600 мың адам, жетпістен астам басқа қалалар мен ірі елді-мекендерде  520 мың адам қаты­насқан. Демонстранттар: «Корея – демо­кратиялық республика. Мұнда бар билік халықтың иелігінде!» – деген ұрандар көтерген. Осыдан кейін-ақ, прокура­тура­ның  санкциясымен Чхве Сун Силь қа­мауға  алынды. Кын Хе қателігін мойын­дап, халқынан кешірім сұрады. Әрі жағ­дай­дың ушығып бара жатқанын сезіп, пар­ламентке өзін қызметтен босату жөнінде өтініш білдіреді. Бірақ, оппозициялық партиялар Пак Кын Хені жәй қызметінен босата салу емес, оған импичмент жария­лау талабын қойды. Себебі,  импичмент жарияланса, Кын Хе жаса­ған қылмысына лайық жауапқа тартылады.

%d0%be%d2%a3%d1%82%d2%af%d1%81%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%ba%d0%be%d1%80%d0%b5%d1%8f-%d1%85%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d2%9b%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%bd%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b7%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d2%93%d1%8b-mai

Қосымша дерек көздерінен белгілі бол­ғанындай,   Сун Силь  Кын Хенің  қырық жыл­дан бері араласып келе жатқан сырлас та мұңдас құрбысы болып шықты. Ал, оның әкесі  Чхве Тхэ Мин туралы естігенде, күдік пен күмән одан сайын үдей түседі. Тхэ Мин анау-мынау емес, алты рет үйлен­ген. Сун Силь бесінші әйелінен туған қызы.  Ол кезінде дәстүрлі корей шаманизмі мен христиандық ұстанымды ұштастыра уағыз­дайтын «Ёнсегё» шіркеуін ашып, негізінде,  діни кәсіпкерлікпен айналысқан. Жақын жүріп, қоян-қолтық араласқандықтан,  Кын Хе  Сун Сильге  қатты сеніп, оның ықпа­лында болған. Тіпті,  Сун Сильдің айтуымен Кэсон өнеркәсіптік аймағын жабу жөнінде шешім қабылдап, Корей Халық Демократиялық Республикасымен экономика­лық байланысты түбегейлі үзген. Сун Силь ханым жоғарыда аталып өткен  екі коммерция­лық емес қорларды құрып, оған  әр түрлі фирмалардан спорт пен мәдениетті насихаттау үшін  миллион­даған сомадағы ақшалар  аудар­тып, ал шындығында,  түскен қаражаттарды өз мақ­са­тына жұмсап отырған.  Осының бәрі  Сун Сильдің  қарамағындағы қызмет­кер­лер жарамсыз деп тастаған компьютер арқылы  белгілі болған.

Оңтүстік Корея Республикасының Консти­туциясы бойынша президентті қызме­тінде қалдыру, не кетіру мәселесін 300 депутат­тан тұра­тын халық жиналысы – Парламент шеше­ді. Парламенттің қандай да бір шешімі қабыл­дануы үшін парламен­тарийлердің үштен екісі дауыс беруі керек. Бұл жолы ел парла­мен­тінің алдында екі түрлі шешімнің бірін таңдау – президент Пак Кын Хені отставкаға жіберу, не оған импичмент жариялау міндеті тұрды.

Дегенмен,  2016 жылғы 9 желтоқсанда Оңтүстік Кореяның парламенті  президент Пак Кын Хенің мәселесін қарап, жіберген үлкен саяси қателік – заңсыздыққа жол бергені үшін  234 депутаттың дауыс беруі­мен оған импич­мент жариялады.  Бір айта кететіні, мұндай шешімді 170 оппозиция­лық депутатқа қоса, Кын Хенің  «Сэнури»  партиясындағы 60  әріптесі  де қолдады. Енді бұл шешімді  елдің Кон­­ституциялық соты жан-жақты қарап, бекітуі тиіс. Ол анау-мынау емес, алты ай уақытқа созы­лады.

Осылайша Оңтүстік Кореяны  2013 жыл­дың ақпанынан басқарып келген  елдің тарихындағы алғашқы әйел президент  алпыс бес жастағы Пак Кын Хе қызметінен кетіріліп, оның бар билігі мен өкілеттілігі  премьер-министр Хван Гё  Анның қолына көшті. Әйтсе де,  Пак Кын Хенің прези­денттік иммунитеті сақталынып қалды. Соған қарамастан, елдің  прокуратурасы  Кын Хенің жоғарыда аталған, президенттік қызметтен кетуіне себепші болып отырған  құрбысы Чхве Сун Сильдің қаржы­лық  былықтарына  қатысы бар-жоғын зерт­теп-тергейтін болады. Қатысы болған жағдайда, елдің заңына сәйкес жауапқа тартылады.

%d0%be%d2%a3%d1%82%d2%af%d1%81%d1%82%d1%96%d0%ba-%d0%ba%d0%be%d1%80%d0%b5%d1%8f-%d0%bf%d0%b0%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%bd%d1%82%d1%96%d0%bd%d1%96%d2%a3-%d2%93%d0%b8%d0%bc%d0%b0%d1%80%d0%b0

Дейтұрғанмен, саясаткерлер мен саяси сарап­шыларды, жалпы, елдің зиялы қауы­мын таңдандырған бір сауал: білікті де тәжі­рибелі саясаткер Пак Кын Хенің қалай­ша құрбысын билікке араластырып, заңсыздыққа жол бергені болып отыр.

Өйткені, Кын Хе саясат пен билікке кездейсоқ келген біреу емес. Оның әкесі Пак Чон Хи  (1917 – 1979)  — төрт рет сай­лау­да жеңіс­ке жетіп, он жеті жыл бойына  (1962 – 1979) – Оңтүстік Кореяның  пре­зиденті болған, біреу­лер елдің саяси-эконо­микалық негізін қалаған реформатор атай­тын, енді біреулер қатаң тәртіп орнатқан диктатор санайтын  айтулы тұлға. Ал, Кын Хенің өзі де саяси күрестің біраз баспал­дақ­тарынан өткен, елге танымал қайрат­кер.

Өмірбаянына аз-кем үңілер болсақ, 1998 жылдан бастап  ҰЕП (Ұлы ел пар­тиясынан) атынан Ұлттық жиналыс (пар­ла­ментке)  төрт рет депутат болып сайлан­ған. 2004 – 2006 жж. аталған партияны басқарған. Ол басқарған жылдар ішінде Ұлы ел партиясы сайлауда айтарлықтай жеңіс­ке жетіп, Кын Хе «Сайлау ханша­йымы» деген атқа ие болған. 2007 жылы  ол өз кандидатурасын президенттікке ұсын­ғанымен, партияның өз ішіндегі бәсекеде партияласы Ли Мён Бакке жол берген.

2011 жылы Ұлы ел партиясының беделі мен ықпалы халық арасында күрт төмендеп кеткен кезде өзі бас болып  «Сэнури» (Жаңа көкжиектер партиясы) деп аталатын жаңа партия құрды. Іскерлігі мен белсен­ділігінің арқасында біртіндеп Кын Хе «Сэну­ри» партиясының көшбасшысы ретінде мойындал­ды. 2012 жылғы жел­тоқсанда осы партияның атынан прези­дент­тік сайлауға түсіп, 51,55 пайыздық дауыспен  жеңіске жетті.

Президенттік биліктің дәмін татып қалған Кын Хе 2016 жылғы қазанда  мемлекет басшысының  өкілеттілік мерзімін ұзарту  тура­лы  Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде бастама көтерді. Өкінішке қарай, онысы жүзеге аспай қалды. Бүгінгі күні оның билік­тен ың-шыңсыз, аман-сау  кетуінің өзі мұң болып тұр.

Міне, осы айтылғандарды ой елегінен өткізгеннен кейін Оңтүстік Кореяның заңы қатал, әрі барлық адамға бірдей ме, әлде саясаткерлері мен халқы аса белсенді ме? – деген сауал туады. Өйткені, бұл елде биліктің төңірегінде дау-жанжал жиі болып тұрады. Олай дейтініміз, бұдан бұрынғы президент Ли Мён Бактың тұсында оның  парламент депутаты болған үлкен ағасы  Ли Сан Дык  SolomonSavіngsBank  және  MіraeSavіngsBank деп аталатын екі банктен ірі көлемде  пара алғаны үшін  654 млн. доллар айыппұл төлеп, екі жылға абақтыға жабылған болатын. Сол кезде елдің ең жоғарғы лауазымды қызмет тағында отырған туған інісі Ли Мён Бак оны арашалап алып қала алмаған.

Әрине,  дамуы мен өркендеуі жөнінде  «Азия жолбарыстарының» бірі атанып отыр­ған  Оңтүстік Кореяның билік тізгінін ұстаған Ли Мён Бак пен Пак Кын Хені «Жа­ңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп ақтауға болар еді. Бірақ, ең дұрысы: «Тек жүрсең, тоқ жүресің!» деген емес пе?!

Әйтсе де, саясат пен билік үшін бәрін тәрк етіп, отбасын құрып, бала сүймеген  «кәрі қыз»  Пак Кын Хенің қателігі басқаларға сабақ болғаны жөн.

«Ақшамның» анықтамасы

Пак Кын Хенің әкесі  Оңтүстік Кореяны 1962 – 1979 жж. басқарған Пак Чон Хиге үш рет: 21 қаңтар 1968 ж., 15 тамыз 1974 ж. және 26 қазан 1979 ж. қастандықтар жасалынған. Соңғы қастандық оның өмірін қиды. Мұны жасаған Орталық барлау басқармасының дирек­торы Ким Джэ Гю  болатын. Ол өзінің мұндай әрекетін «демократия мен бостандық үшін патриоттық  парыз бен міндет ретінде жасадым» деп түсіндірді. Ким Джэ Гю мен оның сыбайластары соттың үкімімен өлім жазасына кесілді. Бірақ, әлі күнге қастан­дық­тың шынайы себебі  ашылған жоқ. Сталинді өле-өлгенше көнетоз кителмен өтті  деседі.  Ойламаған жерден оқ атылып, Пак Чон Хи қанға бөгіп жатқанда, оның бұтында тозың­қырап қалған кальсон шалбары  болыпты. Ал, жекеменшігінде үйі, не пәтері  де болмаған.

Сөйтіп, өмірінің соңында Пак Чон Хиге бар байлықтан екі метр жер ғана бұйырып, ол Сеульдегі ұлттық зиратқа жерленді. Оны жақтайтындар: «Пак Чон Хи шын мәнінде өз халқының кедейшілік қамытынан құтылып, бақытты өмір кешкенін қалап еді», – дейді. Оның осындай арманы болғанын өзі жазған «Оянған Корея: дамудың үлгісі» (1979) деген кітаптағы мына бір жолдар аңғартқандай: «Саяси бағытта басқа елдерге жөнсіз еліктеу елді берекесіздік пен тәртіпсіздікке апарып соқтырып, халықты қатты қайыршылан­дырды. Әйтсе де, осындай бастан кешкен ауырт­палық пен бақытсыздықтың артынан үміт пен сенім сәулесі пайда болды… Осынау  қиын күндердің өзінде біз бар күш-жігерімізді жинап, жұмылған жұдырықтай топтаса білдік… Сол 60-жылдардағы халықтың ұлт­тық сана-сезімінің оянуы  елді қайта  құрудың негізін қалады. Ұзақ уақыт ұйқыда болған жұрттың санасын ояту, тұтас бір мемлекетті қолмен құрып, жасап шығу оңай болған жоқ. Сондай жанкешті еңбек пен іс-әрекеттің  арқасында өзіміз кең көлемде жүргізген («Yushіn Reforms») – «Жаңғырту реформасы­ның» іргетасын қаладық. Ол өз кезегінде елді 70-жылдарға қарай ғаламат рухани және институционалдық өзгерістерге жеткізді».