ТҰРҒЫН ҮЙ ЗАҢНАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР КЕРЕК

Алматы әкімдігінде ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының қатысуымен Тұрғын үй заңнамасына ұсынылған өзгерістер талқыланды

 ddd_6138

Нұрлан СҮЙІН

Алматы – еліміздің ең алып мегаполисі. Ресми санақ бойынша, 1 млн. 700 мыңнан астам тұрғыны бар алып шаһарда бүгінде, шын мәнінде, екі жарым миллионнан астам адам тіршілік етеді. Бүгінгі таңда жекемен­шік секторды есептемегенде, 8,5 мың көп­пәтерлі тұрғын үй бар. Осы орайда, қаланың тұрғын үй қорын жақсы жағдайда ұстап тұру – шаһар басшылығының алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі.

Жаңа жылдың алғашқы аптасын аймақтарда кездесулермен бастаған ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының бір тобы Алматыда жұмыс сапарымен жүр. ҚР Парламент Мәжілісінің төраға орынбасары Гүлмира Есімбаева бастаған депутаттар тобы Алматы қаласы әкімдігінде тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу туралы Алматы қаласы әкімдігінің ұсынысын талқылаған отырыс өткізді.

Отырысқа Алматы әкімдігінің жұ­мыс­шы тобы, қалалық мәслихат депутаттары, Алматы қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық әділет, прокуратура, ішкі істер, Тұрғын үй басқармалар өкілдері, ПИК төрағалары, т.б. қатысты. Күн тәртібіндегі «Алматы қаласы әкімдігінің ҚР Тұрғын үй заңнама­сының ПИК қызметін реттеу жөніндегі ұсынысы» тақырыбында Алматы қаласы әкімі аппаратының жетекшісі Марат Сембеков баяндама жасады.

Бүгінгі таңда мегаполисте 800-ден астам ПИК бар. 1997 жылдан бері жұмыс істейтін «Пәтер иелері кооперативі» жүйесіне бүгінгі күнге дейін ешқандай өзгерістер, қайта құрылымдау жасалмаған. Сол себепті де бүгінгі таңда ПИК-тер жұмысын қада­ғалау, тексеру, реттеу мүмкін емес. Осы тұрғыда Алматы әкімдігінің жұмыс тобы Тұрғын үй заңнамасының ПИК қызметіне байланысты 29 тармақтан тұратын өзгеріс енгізуге ұсыныс жасап отыр.

Отырыс барысында қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысы Ә.Өскенбаев, Алматы қалалық қоғамдық кеңес өкілі М.Қисықов, мәжіліс депутаты С.Құсайы­нов, т.б. Алматы қаласы әкімдігінің ұсынысына байланысты пікірлерін білдірді.

Күн тәртібіндегі мәселенің өзектілігіне, заңнамаға өзгерістер қажеттілігіне тоқ­талған Алматы қаласы ПИК-тер ассоциа­циясы төрайымы Б.Жүнісбаева да ұсы­нысты қолдайтындығын айтты. Барлық тараптарды тыңдаған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттар тобы Тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу жөніндегі Алматы қаласы әкімдігінің ұсынысын жан-жақты қарап, мемлекеттік заң шығару органдары деңгейіне жеткізу қажеттілігіне тоқталды.

керек дерек

* Алматыда 8,5 мың көппәтерлі тұрғын үй бар.

* Олардың мыңнан астамы пайдалану мерзімі 40 жылдан асқан ескі үйлер.

* Мегаполисте 800-ден астам ПИК жұмыс істейді.

* Алматы қаласы әкімдігі ҚР Тұрғын үй заңнамасына ПИК қызметін реттеу жөнінде ұсыныс енгізді.

* Ұсыныста салаға қатысты 29 өзгеріс енгізу бар.