НАН ҚЫМБАТТАЙ МА?

image-05-01-17-02-55-2

4 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламент  Мәжілісінің депутаттары өңірлерді аралап, сайлаушыларымен кездесіп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары,  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын және «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жолдары мен осы  бағыттар бойынша жақын уақытта атқарылуға тиісті  негізгі бағыттарды түсіндірді.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

372362

Осы іссапар барысында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева, Мәжіліс депутаттары – Серік Сейдуманов, Жәмила Нұрманбетова, Серік Құсайынов, Гүлнар Бижанова, Ольга Шишигина  Алматы жұртын ғана  емес, Талдықорған,  Астана, Қызылорда, Ақтау, Шымкент, Тараз және басқа да қалаларға  түрлі нан өнімдерін ұсынып отырған  «Ақсай-нан» ЖШС нан өнімдері комби­натында болып,  комбинаттың жұмыс барысымен танысты.   1300-ден аса  адамды жұмыспен қамтып, тәулігіне 150  тоннадан артық нан өнімдерінің 200-ден аса түрін шығаратын «Ақсай-нан» комбинатының жұмысшыларымен кездесу барысында   Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фрак­циясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева комбинат қызметкерлеріне Елбасы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауындағы елімізде агроөндірістік саланы кешенді түрде дамытудың жаңа бағдарламасы мен  жаңа жылдан бастап  жүзеге асырылатын Елбасы тапсырмаларының маңыздылығын атап өтті.  Елбасының  отандық өнім өндіру, күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін және басқа да өз өнімдерімізді көптеп шығару арқылы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық ахуалдарын жақсарту жолын­дағы партияның  алдына қойып отырған мақсаттары мен міндеттеріне  жан-жақты тоқталып, комбинат қызметкер­лерінің сауалдарына жауап берді. Комбинатты аралап көрген депутаттар сонау тоқсанын­шы жылдардың  басындағы экономикалық қиындықтардың өзінде халықты нан өнімдерімен қамтамасыз ету жұмысын тоқтатпаған «Ақсай нанның» қазіргі  уақытта да өнім түрлерін арттырумен қатар, жаңа технологияларды да кеңінен игеріп, тұтынушыларды  түрлі нан өнімде­рімен қамтамасыз етіп отырған комбинат жұмысшыларының  еңбектеріне ризашы­лықтарын білдірді.  Нан өнімдерін өндіруде неміс технологиясын басшылыққа алған «Ақсай нан» комбинаты бүгінде қанатын кеңге жайған. Комбинаттың «Ақсай-нан–Көкшетау», «Ақсай нан–Өскемен» филиалдары іске қосылса, еліміздің басқа өңірлерімен де осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Ал қазір «Ақсай нан» үш мыңға жуық сауда-саттық нүктелерімен жұмыс істейді. Ал комбинат директорының экономика және  қаржы мәселелері жөніндегі  орынбасары Р.В.Цы­ганок  комбинаттың жетістіктерін, 2008 жылы Президентіміздің қолынан  «Алтын сапа» сыйлығын алғандарын айта келіп, электр энергиясының, газдың, басқа да коммуналдық  қызметтердің бағала­рының өсуіне байланысты  комбинат шығындары­ның көбейгенін тілге тиек етіп, депутат­тарға нан бағасын қымбаттату жөнінде ұсынысын білдірген болатын. Бірақ, Гүл­мира Есімбаева  нан бағасының қымбат­тауы­на ешқандай негіз жоқтығын, ел Парламентінде агроөнеркәсіптік  саланы бағытталған бірқатар жаңа заңдар қабыл­данғанын, осының нәтижесінде нарықтың талаптарына сәйкес, экономика секторын­дағы қиын саланың өркендеуіне құқықтық негіздер  қаланғанын, өз кезегінде бұл қадамның тауар өндіруші кәсіпкерлерді қорғау мен қолдауға арналғанын атап айтты. «Ең бастысы, елімізде азаматтардың әлеуметтік жағдай­ларын жақсарту  мақса­тында ауқымды  іс-шаралардың қолға алынғанын, «Нұр Отан» партиясының қол­дауымен мемлекеттік деңгейде қабылдан­ған жоспарларды жүзеге асырудың нақты қадамдары белгіленгеніп отырғандығын, ал ол жоспарларды, оның ішінде агроөнер­кәсіптік саланы  дамыту жөніндегі жоба­ларды осы салаға қатысты барлық өндіріс орындары,  сіздермен бірлесе  жүзеге асырамыз, – деді Гүлмира Естайбекқызы.

Жаңа жыл басталғалы Алматыда нан бағасы қымбаттайды екен деген  қауесет ел кезіп жүрген еді. Депутаттар ол мәселеге нүкте қойып, мемлекет бюджетінің 48 пайызы әлеуметтік бағдарламаларға арналып отырғандығын, ал халық ең көп тұтынатын нан өнімдерінің қымбаттауына жол берілмейтіндігін, бұл мәселені депутаттар  жоғарыдағыларға жеткізетін­дік­терін айтты.  «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе, астықты елде  оты­рып, қымбат нан жеудің реті жоқ шығар. Бұл ретте Мәжілістегі  «Нұр Отан» фрак­ция­сының жетекшісі Гүлмира Есімбаева­ның «біз баға мәселесіне жауапты емеспіз, дегенмен, халықтық мүддеге келгенде, өз ұсыныс-тілектерімізді айтуға,  сайлаушы­ларымыздың әлеуметтік мүдделерін қор­ғауға  қашанда мүдделіміз. Бұл – партия­ның  алдына қойып отырған  ең басым бағыт­тары» деген сөзі комбинат жұмыс­шыларына жігер берді.

Алматыға келген депутаттар тобын «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова мен Алматы қалалық әкімдігі мен  атқарушы органдардың өкілдері бастап алып жүрді.