Мәжіліс төрағасының орынбасары аудан тұрғындарымен кездесті

%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%82%d0%b0%d1%83-%d0%b8%d1%81%d0%b8%d0%bc%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d0%b0-3-%d1%84%d0%be%d1%82%d0%be

Қонысбай ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ

«Нұр Отан» партиясының атынан сайланған Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, кездесулер өткізуде. Қаңтардың 4-і күні ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары, Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Есімбаева Алатау ауданының «Шаңырақ-2» ықшамауда­нын­дағы №26 мектепте аудан жұртшы­лы­ғы­мен кездесті.  Кездесуге «Нұр Отан» пар­тиясы АҚФ төрағасының орын­басары, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Станислав Канкуров қатысты.

Білім беру саласының үлкен жан­а­шыры, білікті маманы ретінде алматы­лықтар, алатаулықтар жақсы білетін Гүлмира Естайбекқызы елмен кездесу­ден бұрын оқушылар саны 3000-нан асатын №26 мектептің жанынан тұрғызылып, жақында пайдалануға берілген 900 оқушыға арналған мектеп ғимаратын көріп, балалардың сапалы білім алуына жасалып жатқан мүм­кіндіктермен тиянақты танысып, кеңес-ұсыныстарын айтты.

Кездесуде Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров құрылғанына 8 жыл болған Алатау ауданының білім беру саласында соңғы екі жылда еліміздің ең үздік аудандары қатарына көтерілуі – мемлекет тарапынан жасалған қамқор­лықтың нәтижесі екендігін атап өтті.

Аудан құрылғалы бері мұнда 9 мектеп, 12 балабақша ашылған. Оның үстіне, мұнда 3000-ға жуық ұстаздар еңбек етеді. Дегенмен, ауданда әлі де білім саласына байланысты шешілетін мәселелер баршылық, «алайда, оның барлығы бірте-бірте шешілетін болады», – деді аудан әкімі.

Мәжіліс депутаты Гүлмира Естай­бекқызы өз сөзінде еліміздің болашағы –  жас ұрпаққа сапалы білім беріп, жо­ғары саналы азамат етіп қалыптастыру үшін мемлекетіміз барынша жағдай жасап жатқандығын тілге тиек етті.

– Жас жеткіншектер мектеп қабыр­ғасынан оң-солын танып, болашағына айқын мақсат қоя білуі керек. Тіпті, олардың мектептен кейін, қоғамда өз орнын табатын кәсіби мамандық иесі болып қалыптасуына бәріміз атсалыс­уы­мыз қажет. Мектептен жастар үлкен өмірге қажетті дайындықпен шығуы тиіс, – деді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Есімбаева.

Айта кетейік, 2017 жылдан кәсіптік-техникалық білім беру бағытында жоспарлы жұмыстар жасалынып, 9- сыныптан соң аттестат алған балаға кәсіптік мектептен мамандық беру көзделуде.

Алатау ауданының білім беру бағытындағы жетістіктеріне өз үлестерін қосқан ұстаздарға еңбектері үшін ризашылығын білдірген Гүлмира Естайбекқызы жұртшылыққа жаңа жылда жаңа табыстарға жетулеріне тілектестігін білдірді.

Керек дерек

Алатау ауданында 8 жылда 9 мектеп, 12 балабақша пайдалануға берілген. Бүгінгі күні  аудан бойынша 25 білім беру мекемесі бар, оның ішінде 2 – физика-математикалық лицей, 1 – мектеп-лицей, 1 – мектеп-гимназия, 21 – жалпы білім беру мектебі.

Ал, денсаулық сақтау саласы бойын­ша, ауданда 5 денсаулық сақтау мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Аудандағы қалалық емханаларда 2016 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша 195 834  тұрғын тіркелген. Қазіргі таңда, аудан­дағы денсаулық сақтау мекеме­лерінде 731 медицина саласының қызметкерлері қызмет етеді. Оның ішінде, 245 – дәрі­гер, 486 – медбике.