КЕРУЕН КЕТІП БАРАДЫ … МҰРАЖАЙДА

«Алматы – елдің ірі қала­сы ғана емес,

оның эконо­ми­касының локомотиві де».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті.

 

img_6580

Балнұр АХМЕТ

11 залдан тұратын мұражай қорында 40 мыңға жуық жәдігер бар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тап­сырмасымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғына орай, 2016 жылы желтоқсан айында ашылған Алматы мұражайы әрбір адамды қойнауы құпияға толы тарихтың тұңғиы­ғына зер салдырады. Ұрпақты өзінің рухани болмыс-бітімінен бастау алатын ұлттық құндылықтарымен таныстырады. Тарих сахнасындағы қазақ мәдениетінің рухани жетістіктерін паш ететін мұражай ғасырлар парағын судырлатып ақтарған­дай, тылсым­мен тілдескендей күй кешті­реді. Адам бала­сының өткенін дәуірлеу тарих­нама­сындағы құнды жәдігерлер жинақ­талған мұражайды аралап жүргенде ғасырлар жаңғырығы естіліп тұрғандай сезіледі. Дәуір демін сездіретін мұндағы әр­бір жәдігер – қазақ жеріндегі керуен жыл­дар көшінің қалдырған ізі, ғасырлық ғұрып­тардың бел­гісі. Жылдарды жарып өткен жәдігер­лер­дегі әрбір өрнек қазақ халқының сан ғасырлар бойы жүріп өткен жолдары туралы сыр ақтарып тұрған тәріз­ді. Көненің көзіндей болған бұл рухани мұралар жастардың жансарайына жарық түсіреді. Уақыт кеңістігіне сапар шеккізіп, тарих түбіне сүңгітеді. Баба­лардан мирас болған бұл мұралар рухы биік елдің бүгінгі ұрпағының жандүние­сінде рухани сілкініс тудырады. Баршаға есігін айқара ашқан бұл мұражай Тәуелсіз мемлекетіміздің қар­жылық, мәде­ни, білім-ғылым орталығы болып табылатын Алматы қаласының көне ғасырлардан таралған тарихымен таныстырады.

«Ежелгі Алматы тарихы», «Ортағасыр­лық Алматы тарихы», «Қазақ мемле­кеттігінің бастауында», «Жетісу этногра­фиясы», «Алматы тарихының Верный кезеңі», «Алматы — ХХ ғасырда», «Кәсіби өнердің дамуы», «Альпинизм тарихы», «Желтоқсан»,«Елбасы және Алматы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты 11 залдан тұратын мұражай қорында 40 мыңға жуық жәдігер бар. Мұражайда тарихи тамыры көне ғасырлардан таралған Алмату туралы құнды деректер өте көп. Мысалы, солардың бірі – Захиреддин Мухаммед Бабырдың «Бабырнаме» қолжазбасы. Ұлы Моғолдар әулетін құрушы Захиреддин Мухаммед Бабыр — Әмір Темірдің ұрпағы. «Бабырнаменің» ең басында Ферғананың солтүстігіндегі бірнеше қала аталады. «Фер­ғана – бесінші аймақтағы қала, өңделген жерлердің шегінде орналасқан; одан шығысқа қарай Қашқар, батысында – Самарқанд, оңтүстігінде – Бадахшанмен шек­тесетін таулар, солтүстігінде бұрын Алмату және кітаптарда Таразкент деп аталатын Янги қалалары кездесетін», – деп жазады. Бұл дерек Алматудың ортаға­сырлық дамыған қала болғандығын анық көрсеткен.

dsc_2668

«Ежелгі және ортағасырлық Алматы тарихы» залы Алматы аумағындағы алғаш­қы қоныстар б.з.д. XІV – XІІ  ғғ. пайда болғандығы туралы баяндайды. Үш залдан тұратын экспозиция қаланың үш мың жыл бұрын пайда болған шағын қоныстарын, Ұлы Жібек жолындағы әкімшілік билік, қолөнер, сауда, мәдениет және идеология орталығы болғанын, ортағасырлық дамыған қалаға айналу процесін көрсетеді. ХІІІ ғасырдың соңындағы күміс дирхемдер Алматы қаласының тарихи жасына 1000 жыл болғандығын нақтылы айғақтайды. Экспозицияда ақпараттық-иллюстрация­лық материалдарды көрсететін мультиме­диялық технологиялар кеңінен қолда­нылған. Заманауи техникамен жабдықтал­ған мұражайдың әйнектен жасалған еденінің астына дейін экспонаттар қойылған. Аталған залдың еденінің астында орналас­қан Алматыдағы Х-ХІІ ғасырдағы су құбырлар жүйесінің реконструкциясы көрер­мендердің қызығушылығын тудыра­тыны сөзсіз. Ал залдағы LED экран Жетісу өңірінде мекендеген қола дәуір тайпалары туралы қосымша көрініс береді, жартастағы суретте жабайы жылқылар, Кұлжабасы тауларындағы бұқалардың ауқымды мүсін­дері, шайқас алаңы, аң аулау, адамдардың алпауыттармен күресі, Ешкі-Өлмес тауын­дағы мал жайылуы, «күнбасты» кейіп­керлер, Күнге табынып тұрған билеушілер бейнеленген. Сондай-ақ, Алматы қаласы­ның әр аумағындағы (Ботаникалық сая­бақ, «Түрксіб» демалыс үйі аумағында, Каменское плато аймағындағы  шағын ауыл­дарда)  қола дәуір қазыналары  көрсетілген.

«Қазақ мемлекеттігінің бастауында», «Жетісу этнографиясы» залдарының экспо­зициялары Қазақ хандығының қалып­тасуы тұсындағы өңірдің тарихына, қазақтардың әскери өнеріне, қазақ этно­графиясына арналған. Мультимедиялық экранда Қазақ хандығының картасы, қазақ билеушілерінің ата-тегінің шежіресі, орта­ғасырлық қолжазбалар мен шығармалар, дипломатиялық хат алмасу құжаттары көрсетіледі. Ортағасырлық әскери өнер жайлы баяндайтын экспозиция қазақ жауынгерлерінің Қазақ хандығы қалып­тасуы кезеңіндегі жауынгерлік құрал-сай­мандармен таныстырады. Қазақ халқының материалдық мәдениеті бөлімінде зергерлік өнердің бірегей үлгілері, Жетісу қазақ­тарының қолөнері мен шаруашылық салты туралы баяндайтын тұрмыстық заттар қойылған. Мультимедиялық экранда дәс­түрлі қазақ үй-жайының үлгілік сипатта­малары, салт-дәстүрлері мен ұлттық ойындары көрсетіледі.

dsc_2632

«Алматы тарихының Верный кезеңі» залы қаланың ХІХ-ХХ ғасырлар тоғы­сын­дағы дамуына арналған. Қызыл­ағашшы-шеберлердің жиһаз өнеріндегі сирек үлгілері және ХІХ ғасырдағы күнде­лікті тұрмыстық заттар сол дәуірдің қай­таланбас ахуалын бейнелейді. Экспо­зицияның орталық бөлігінде көрермен қауым инженер Андрей Зенковтың өмірі­мен, шығармашылығымен таныса алады. Құжаттар, жеке заттары, техника­лық туын­дылары көрнекті шебердің шығармашылы­ғымен таныстырады, оның есімі өңірде жаңа ғылым – сейсмикалық берік құрылыс саласының дамуымен тығыз байланысты. Экспозициядағы бейнемате­риалдар қала­ның жоспарлау құрылымын, Верный ғима­рат­тарының сәулетіндегі стиль­дік сан алуан­­дығын, 1887 және 1911 жыл­дардағы жой­қын жер сілкінісінің салдарын бейнелейді.

 

Алматы мұражайы – ару қаланың айнасы

«Алматы ХХ ғасырда» залындағы экспо­­зиция Қазақ КСР астанасы – Алматы тарихының аса маңызды кезең­деріне арналған. «Түрксіб», «Саяси қуғын-сүргін», «Алматы Ұлы Отан соғысы жыл­дарында» инсталляциялық және проек­циялық экрандары еліміз тарихының қайғылы кезеңдерінен сыр шертеді. Соғыстан кейінгі кезең экспонаттарына өткен ғасырдың 50-60-жылдарына бойлап, сол дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік беретін тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің, жеке жинақтар мен тұрмыс заттарының үлгілері ұсынылған.

«Кәсіби өнердің дамуы» залында алғашқы хабарлардың түсірілуі мен белгілі дикторлардың фотосуреттері, архивтік тарихи деректер және экспозициядағы телерадио аппаратуралары телевизия тари­хының маңызын ашып, LED экран арқы­лы берілген. Қазақтың музыка өнерінің дамуы А.Жұбанов, М.Төлебаев, Е.Бруси­ловский тәрізді бірқатар дарынды компо­зиторлардың, К.Байсейітова, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, Е.Серкебаев тәрізді сахна саңлақтарының, Ш.Айманов, А.Әшімов тәрізді киноөнері майталмандарының есімдерімен тығыз байланысты. Бұл кезең проекциялық экранмен сипатталған. Экспозицияда қойылған қазақ киносының алтын қорына енген «Қыз Жібек» көркем фильмінің бейнетаспалары, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің барабаны, Ш.Қал­дая­қовтың мандолині, ХХ ғасырдағы кинокамера құрылғысы қаланың мәдени келбетін айқындайды.

dsc_2628

«Альпинизм тарихы» залы 1920 жылдан басталатын Қазақстан альпинизмінің тарихына арналған. 1930 жылдары Қазақ­стан альпинистері ауданның географиялық картасын анықтай отырып, Іле Ала­тауының «Абай», «Талғар», Е.Колоколь­никовтың жетекшілігімен «Хан Тәңірі» (1936 ж.), «Жамбыл (1937 ж.) шыңдарын бағындырды. 1995 жылы Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан «Абай» шыңын бағын­дыру экспедициясы еліміздегі альпиниада тарихындағы бұқаралық альпинизмнің бастауы болды. Аталған зал салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың спортқа деген сүйіспеншілігінің артуына септігін тигізетіні сөзсіз. Залдағы белгілі альпинист А.Колокольниковтың баласы сыйға берген мұз шапқыш, жартас ілмектері және басқа альпинистік құрал-жабдықтар кешені көрермендердің назарын бірден аудартады.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналған залға сол кездегі оқиғаларды бейнелейтін экспонаттар, архив құжаттары, фото және бейнематериалдар қойылған. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың жеке кешендері елін сүйген ерлердің ерліктері туралы шежіре шертеді. Музей экспонаттарының қата­рында Қайрат Рысқұлбековтің отбасылық суреті, кәсіподақ билеті, тергеу ісінен алынған суреті, түрмеде отырған кезде жасаған қобдишасы, Есентай Рысқұл­бековтің ЛА-155/1 мекеме басшысына ағасы Қайратпен кездесуге рұқсат беру туралы жазған өтініші, Қайраттың анасы Д.Асанбаеваның баласына кешірім беру туралы өтініші, Кеңес армиясының сер­жанты Қ.Рысқұлбековтің кителі бар. Ал Ләззат Асанованың оқушы кезіндегі суреті, комсомол билеті, студенттік билеті, қол сағаты, білезігі, әкесі О.Асановқа жіберген арнайы жеделхаттары, мектептегі сабақ үлгерімі туралы құжаттары мен мақтау қағаздары, көйлегі мен домбырасы да музейдің құнды жәдігерлеріне айналған.

3-%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b5-%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d1%82%d1%8b

Елбасы мен Алматы – егіз ұғым

«Елбасы және Алматы» залы Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шешімдері мен  саяси және мәдени жетістіктеріне арналған. Онда «Елбасы, Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті» «Елбасы пар­тиясы», «Алматы және тарихи шешімдер», «Алматы – бизнес пен инновациялар қаласы», «Алматы – еліміздің білім мен ғылым орталығы», «Мәдени-спорттық Алматы» тақырыптары заманауи ақпарат­тық киоск арқылы үш тілде беріліп, Алматы қаласының мәдени және спорттық нысандары мен тарихи ғимараттары 3D тур арқылы көрсетілген. Сондай-ақ, зал экспо­зициясындағы «Нұр Отан» партиясы мен «VІІ Қысқы Азия ойындарының» мате­риалдары зал мазмұнын аша түскен.

Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен 1995 жылы 1 наурызда «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» туралы Заң қабыл­данып, елдің қоғамдық-саяси аре­насында әлемде теңдесі жоқ бірегей инсти­тут Қазақстан халқы Ассамблеясы құрыл­ған болатын. Мұражайдағы Қазақ­стан халқы Ассамблеясына арналған залда ұйымның құрылу тарихы мен фотосу­реттері, Қазақстан халықтары туралы және Ассамблеяның құрылуына 20 жыл толуына орай жарық көрген кітаптар қойылған.

– Сан ғасырлар шежіресін шертетін мұражайлар адамзат баласының рухани қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін, адамды туған жерінің, туған елінің тари­хымен табыстыратын қасиетті орда болып табылады. Әрбір азамат өз елінің өмірдегі жүріп өткен жолын, өзінің таралған тамы­рын білуі парыз. Сондықтан, Алматы қала­сының, қазақ елінің тарихымен жақын таныстыратын бұл музейге әрбір алматы­лықтың келіп тұрғаны абзал. Мұражайдағы рухани мәдениет қазыналары оқушылар мен студенттердің туған топырағынан рухани нәр алуына, тарихи танымының тереңдеуіне септігін тигізеді. Мұндағы заманауи мультимедиялық технологиялар қазақ мәдениетінің рухани жетістіктерімен таныстырады. Тәуелсіз еліміздің тарихында айрықша орын алатын Алматы қаласының тарихымен танысуға ниет білдірген әр адамға есігіміз әрдайым ашық, – дейді мұражайдың тарихи-мәдени ескерткіштерді бақылау бөлімінің меңгерушісі Сержан Саров.

«ақшамның» анықтамасы

Алматы тарихи-өлкетану мұражайы 2001 жылы қаңтар айында құрылған. Музей қоры 1980 жылы құрылып, кейіннен жабылып қалған Алматы тарихы мен қалпына келтіру мұражайының фото­мате­риал­дары мен жәдігерлерінен құралған болатын. Кейіннен Алма­ты тарихи-өлкетану мұражайы Алматы қаласы тарихының мұражайы, ал, 2016 жылы Алматы мұражайы деп аталды. Мұражай әр жылдары Ә.Мар­ғұлан атындағы Археология институтында, бұрынғы Саяси ағар­тушы­лар үйінің бизнес орталығында, бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің және Қазақ мемлекеттік циркінің ғимаратында орна­ласқан еді. 2016 жылы Алматы мұражайына фран­цуз сәулетшісі Поль Гурдэнің жобасы бойынша 1892 жылы салынған, жалпы аумағы 1350 шаршы метрді құрайтын ғимарат берілді.