ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМДІ ШАҚЫРУДЫҢ ДА ЖӨНІ БАР

%d1%81%d0%ba%d0%be%d1%80%d0%b0%d1%8f

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Ауа райының құбылмалы мінезіне байланысты қазіргі уақытта қалада жедел респираторлық вирусты аурулар кең етек алып  отыр. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырушылардың қатары да арта түскен.

Тек өткен жылдың  желтоқсан айының өзінде  жедел жәрдемге 65 мың шақыру түскен.  Осынша шақыру­лардың ішінде 23 мыңы ғана жедел көмекті қажет етсе, қалғандары емханаға барғысы келмейтін,  дене қызулары көтеріліп, басы ауырғаны үшін шақырғандар болып шыққан. Ал қалған 50 пайызы, жоғарыда айтып өткендей, емханаға баруды қиынсығандар болып отыр.  Жедел жәрдем қызметінің бір шақыруға бір сағаты кететінін ескерсек, олар басы ауырғандарға барып қайтқанша, қаланың екінші жағында шұғыл көмекке зәру талай адам  жедел жәрдем күтіп қала­тындығын, тіпті, кешігудің салдарынан кейде қиын жағдайлар орын алып жата­тындығын ескерткен Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы қала тұр­ғын­дарына  жедел жәрдем көмегін тек шұғыл жағдайларда ғана шақыртуды ес­кертеді. Басқарма басшысы  қала тұрғын­дарына ыңғайлы болу үшін емханалардың жұмыс күнін таңғы сегізден кешкі сегізге дейін ұзартылғанын, барлық емдеу мекемелерінің сайтында ЖРВИ-дің алдын алу мен сақтау туралы ескертпелердің, алғашқы көмек түрлері туралы дәрігерлік кеңестердің жазылғандығын айта  келіп, ауру қатты үдеп бара жатқан жағдайда Денсаулық сақтау басқармасының СаLL  орталығына 3000-103 нөмірі арқылы  болмаса  274-45-19 нөмірі  бойынша басқармадағы қоғамдық қабылдау бөліміне хабарласып, тиісті дәрігерлік ақыл-кеңес алуға болатындығын ескертеді. «Сіз ба­сыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаған секілді болмашы сырқатқа  жедел жәрдем шақыртып жатқанда, басқа  бір адам дәрігердің көмегіне мұқтаж болып жатуы  әбден мүмкін. Сондықтан 103 нөмірін термес бұрын,  шұғыл көмекке зәру адам­дардың барын да  ескергеніміз  жөн-ау.