АЗАМАТ

%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d1%82-%d1%81%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%b1%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d1%8b

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

Теңіздей толқыған талант

Дәл қай жылы, қай мезгілде екенін есіме түсіре алмай тұрғанымды қараңызшы. Анығы, Қостанай қаласында театр фестивалі өтіп жатқан кез еді. Мен оған қазылар алқасының мүшесі ретінде шақырылғанмын.

Үзілісте театр фойесіндегі суреттерді тамашалап, өзіммен-өзім оңашаланып қалған екенмін. Кенет еденді біз өкше туфлиімен тық-тық еткізіп, бірте-бірте жақындап келе жатқан бір сұлу бойжеткенді көзім шалды. Бойын тік ұстап, иегін аздап жоғары көтеріп, нысанаға алған жағына тура қарап жүреді екен.

– Сәлеметсіз бе, – деді жаныма жақындай бере бұрыннан таныс жандай ашық үн қатып.

– Амансың ба, айналайын, – дедім мен. Содан соң, қай жерде кездесіп едік, театрда ма, академияда ма дегендей, сұраулы жүзбен қарадым.

– Сіз мені танымайсыз, ағай, – деді ол күліп. – Ал, біз сізді танимыз. Жолдасым екеуміз осы театрға Алматыдағы өнер академиясының жолдамасымен келгенбіз.

– А-а, солай ма еді?..

– Иә, Ес-аға.

– Жөн екен.

– Жоқ, – деді ол кенет басын шайқап. –Біздің Алматыға қайтып оралғымыз келеді.

– Неге?

– Себебі, мұнда өзімізді-өзіміз тамашалап, өзімізді-өзіміз бағалап уақыт өткізе беретін секілдіміз.

Мен енді не айтарымды білмей, оның бетіне таңырқай қарап, иығымды қозғадым.

– Сіз бізді сынап көріңіз, – деді жап-жас, батыл актриса менің көзіме тура қарап. – Егер рөліміз ұнаса, онда Алматыдағы үлкен өнер ордасына шақырыңыз.

– Келістік, – дедім мен оның батылдығына іштей риза болып.

Рас, өнер адамына мінез керек. Өйтпеген күнде, өз бойыңдағы қасиет пен талантты өзің тұншықтырып тастауың мүмкін.

Спектакль аяқталған соң, біз әлгі фойеде тағы да кездестік. Шынымды айтсам, жас актрисаның жолдасы ойнаған рөл менің көңілімнен шықпады. Режиссерлік шешім, идея анық болмаған соң, жас актер қанша құлшынса да, өзін-өзі көрсете алмаған секілді.

– Иә, қалай екен? – деді жаңа ғана танысқан жас актриса маған үміттене қарап.

– Жоқ, – деп, мен басымды шайқадым. –Мынау дүние әлі шикі дүние ғой!

– Рас, солай, – деді ол да. – Менің сізге айтайын дегенім де сол еді. Егер біз мұнда қала берсек…

Оның көзінде бір мұң пайда болып, даусына аздап діріл араласқандай көрінді. Мен сол кезде ғана жап-жас актрисаны манадан бері көрер көзге, ашықтан-ашық батыл болуға шақырып, ширықтырып тұрған нәрсе – жел толқытқан теңіздей енді-енді ояна бастаған талант екпіні екенін ұқтым.

– Сіз бізді шақырып, әкемтеатрда әбден пі­сір­уіңіз керек, – деді ол тағы да батылдық танытып.

– Жарайды, – деп мен енді шұғыл басымды шұлғыдым. – Ойланып көрейін. Содан соң, өзім хабарласармын.

– Рақмет, аға. Біз сізден қуанышты хабар күтеміз! – деді ол бұлт тасасынан шыққан күн­дей күлімдеп.

Бұл  қазіргі кезде есімі көрермен қауымға кеңінен танымал болған талантты актриса Назгүл Қарабалинамен алғашқы кездесуіміз еді.

Көп ұзамай, мен оларға телефон соғып, ерлі-зайыпты жас актерлерді әкемтеатрға шақырдым.

Қозы менен Баяндай…

Қайран, Қайрат!..

Сені еске алғанда, көкірегіміз қарс ай­рылады ғой. Мынау жазмыш өзің секілді саф таза таланттардың маң­дайына неге сондай қысқа ғұмыр жазады екен деп күйіне­міз.

Амал қанша?.. Аз да болса, ел есінде қалатындай жарқын ғұ­мыр кешкен дарынды, талантты режиссер Қайрат Сүгірбеков сол жылдары әкемтеатрда Ғабеңнің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесасын бір тың, соны көзқараспен, жаңаша режиссерлік тәсіл­мен сахналап еді.

Міне, сол спектакльде менің Қостанайдан ша­қырған ерлі-зайыпты жас актерлерім, – Азамат Са­тыбалды (Сұрапбаев) мен Назгүл Қарабалина басты рөлдерді ойнап, көрер­мен қауымның ыс­тық ықыласына бөленіп, қос жұлдыздай жарқырап көзге түсті.

Бұл өзі, нағыз жаңашыл, замана талғамына сай әрі жолы ашық, әр түрлі фестивальдерде жүлде алған бәйгеторы спектакль болды.

Қозы Азаматты, Баян Назгүлді елге танытты. Екі жастың өнер әлеміндегі сапарына, сөйтіп, сәттілік жолдас болды.

Қазір ғой, театр репертуарындағы 50-60 спектакльдің 25-30-ында осы Азамат пен Назгүл басты рөлді ойнайды десек, артық айтқандық бола қоймас-ау, сірә.

Қазақ көрермендеріне бұл күнде етене таныс болып кеткен неміс драматургы Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббат» пьесасын­дағы Инкеннің рөлін Назгүл сахнаға қалай шығарды десеңізші. Мұндайда тек басбармақты жоғары көтеріп, тамсанғаннан өзге ештеңе айта алмайсыз.

Жо-жоқ, Назгүл туралы сәл кейінірек, ой­ланып, толғанып, кеңірек тоқталып өтуге тиіс­тіміз.

Алдымен, Азамат жайлы айтып өтсем бе деймін. Себебі, ол қазір ең көп сұранысқа ие әртістердің бірі. Теледидарды қосып қалсаң – концерттік бағдарламаны жүргізіп жатқан Азаматты көресің, басқа арнаға ауыстырсаң – киносериалдағы Азаматты көресің. Кешкілік театрға келсең, басты рөлдегі Азаматты көресің.

Япыр-ау, осының бәріне қалай үлгереді дейсің аң-таң болып.

 

Қайран, жастық шақ!..

Бірде Азаматпен ұзақ сапардан бірге қайттық. Ол рөлде. Су жаңа жеңіл көлік шашасына шаң жұқпас Қарагер жүйрік секілді. Ат басын қалай  бұрсаң да лыпып тұр.

Күн батып, қас қарайып келеді. Алдымызда ұзақ жол. Бүгін қонып, ертең-ақ шығайық  дейтіндей емес. Алла-тағала амандық беріп, таңертеңгілік Алматыға жетсек, Азамат бірден әуежайға қарай тартпақ. Содан соң, Атырауға ма, әлде Ақтауға ма (ұмытып қалыппын) ұшады. Одан кейін тағы, тағы үзілмей  жалғаса беретін сапары да, жұмысы да көп.

Менің көз алдыма әріптесім Болат Атабаев қойған «Қарагөз» спектакліндегі Азамат сомдаған Наршаның рөлі елестеп келеді. Режиссер ретінде мен өзімнің ойыма келмеген тың көзқарасты, жаңаша ізденісті осы образдан айқын көргенмін.

Біздің ұғымымыздағы Нарша бұрын атақты ауылдың маңдайалды, ақылды жігіті ғана сияқты еді. Қарагөзге ынтық, жар төсегін қия алмайтын жан болатын. Ал мұнда оқыған-тоқығаны мол, зиялы, парасатты, өз елінің ескілікті салт-дәстүріне, үлкендердің көңіл-күйіне алаңдап, екі арадағы ала жіпті шорт кесе алмай, іштей күйзелетін азамат. Соны түсінген Қарагөз де оған: «Сырым болмаса, мен сізді сүйер едім», – деп жан сырын, бар шынын айтады.

Әуезов әлемі – шетсіз, шексіз шалқар теңіз секілді. Оған әркім өзінің шамасына қарай бойлайды. Сондықтан, ішкі тынысы кең, өресі биік, шынайы таланттар ғана оның тереңіндегі інжу-маржан секілді асыл ойларға кезігеді.

Таң алдында мені үйге жеткізіп салған Азамат енді әуежайға қарай асығып тұр. Қоштасарда оны аздап сергітпек болып:

– Әй, сен жетемін дегенше, ол самолет ұшып кетпей ме?! Қалай үлгересің? – деймін әзілдеп.

Өзіне өзі сенімді әрі көңілді Азамат:

– Ой, аға, мен жолы болғыш жігітпін ғой! – деп күледі сергек үн қатып.

«Ал, айналайын, әманда жолың болсын! Алла жарылқап, Қыдыр ата қолдап жүрсін» деймін аздан соң әуежайды бетке алып, зы­мырап бара жатқан көліктің соңынан көз алмай қарап.

«Жастық шақ… жалынды шақ… жігерлі шақ…» – деген тіркестер оралады ойыма. Түні бойы аялдамай жүрген ұзақ жолдың қатты шар­шатқанын енді ғана анық сезе бастаған­даймын.

«Шіркін-ай, жас кездегі түн қатып жүретін сапарлар қандай қызық еді. Бүйтіп… шаршау дегенді білмеуші едік-ау» деп қоямын.

Есіме Салғараның әйгілі «Жиырма бес» әні түседі. Өзімнен-өзім ақырын ғана ыңылдап:

Беріп кет сақинаңды мыс та болса,

Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.

Шеш-дағы етігіңді байпақшаң кел,

Көрейін өз сорымнан ұстап алса.

    

Аха-а-ау, жалған,

Жиырма бес, қайта айналып,

Дүние-ау, келмес саған-ай…

– деп, өтіп бара жатқан уақытқа наз айтқандай болып, аяғымды баяу басып, үйге қарай беттеймін.

 

  Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

 

Жалғасы бар.