ӘР ЕЛДІҢ ӨЗ АЯЗ АТАСЫ БАР

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

45071_original

Аяз Ата мен Ақшақар қашан қосылды?

Бұл мерекені әлем халқы әртүрлі уақытта  атап өтеді.  Әйтсе де, ол   Кеңес заманынан санаға сіңген тойдың бірі  болып қалып отыр.  Сондықтан  оны әлем халқы  жаппай  тойлап келеді.

 Қазақ халқының маусымдық мерекесі — көктем тойы, Жаңа жыл, ұлыс күні – Наурыз мерекесі. Бұл күні қазақ жеріне көктем  толығымен  ке­леді. Көктемде көк қылтиып, мал төлдей бастағанда жаңа жыл мерекесін көшпелілердің тойлайтыны көне қытай жазбаларындағы деректерде сақта­лыпты.

Ресейде  Жаңа жылдың  басты кейіпкері – Аяз ата. Ежелгі  Русь христиан дінін қабылдағанға дейін   Жаңа жылды  1 наурызда  қарсы алып  келген. Мейрам күндері Құт құдайының құрметіне арналған шырақтарды шие ағашының бұтақтарына іліп, түрлі аурулар мен пәледен сақтайды деген сенім бойынша, дастарқан басына жиналғандар алдына 3 бас сарымсақ, үстелдің қақ ортасына бетін шөппен жапқан 12 тал пияз қояды екен.

Аяз Ата жайындағы тікелей деректер славян халқының мифтік аңыздарында көрсетілмегенмен, оның пайда болуы жайында әртүрлі болжамдар бар. Солардың бірі — сықыр­лаған түнгі аяз бен өлілер әлемінің қатыгез, қатал Аяз, Мұз есімді рухтары жайында кельт заманынан қалған аңыздар желісінде айтылады.

Аяз Ата мен Ақшақардың Жаңа жылды қосарланып «бірігіп тойлауы» тек қана орыс елінде және ол екеуі 20- ғасырдың бас кезінде ғана «табысқан». Екеуінің бірігіп тандем жасауы басқа христиан мемлекет­терінде кездес­пейді. Кеңес заманында пайда болған «сценарий бойынша» қыс мерекесін тойлаудағы  көркемдік бейне оны  әлеміш етіп сомдаудан шыққан болуы ғажап емес. Мыңдаған жыл­дар тарихы бар Аяз Ата бейнесі Африка елдерінен бөлек көптеген елдерді  содан бері  жаулап алған.

Мысалы, Голландия мен Финляндияда  Аяз Ата рөлін сомдайтын Қара Пит есімді сайқымазақ  Қасиетті Нико­лайдың көмекшісі болған  деседі. Қасиетті Николай зама­нында тәртіпті балаларға сыйлық таратады және жазып алған тізімі бойынша тәртіпсіз бүлдіршіндерді қамшының астына алып,  олардың тәртіпті болуына уәдесін алатын қызметті қоса атқарады екен.

Ақ  сүйек  ағылшындар Жаңа жылды 18-ғасырдың  бас кезінде  2 наурызда  тойлаған. Ашық хаттармен құт­тық­таулар алмасу дәстүрі  де ең алғаш Англияда пайда болған. Алғашқы жаңажылдық ашық хат Лондонда 1843 жылы басылып шығыпты. Осыдан соң Британ аралдарында «Жаңа жылды мерекелеуді енгізу» салты кең тараған. Сол үшін мұнда сағат  тілі 12-ні соққанда ескі жылды шығарып жіберу үшін артқы есікті ашып, сағаттың соңғы минутының соғуымен  алдыңғы есікті ашып,  ішке Жаңа жылды кіргізетін  дәстүр бар көрінеді.

Жапонияда Жаңа жылдың негізгі сыйлығы тырма. Бұл –  бақытты тырмалап жинайды дегенге саяды. Бұл дәстүр олардың өздеріне өте ұнайды. Себебі, ескі заттардан құтылу арқылы, олардың орнын жаңасы басады. Ал олардың жаңажылдық дастарқанында міндетті түрде жаңғақ пен жүзім болады. Бұл — ұзақ өмір мен денсаулықтың белгісі делінген. Жапон балалары Жаңа жылды жаңа киім киіп қарсы алатын  көрінеді. Жаңа  киім – Жаңа жылда денсаулық пен сәттілік әкеледі деп есептелген. Бұл күні орасан зор дабылдар соғылып, әлем ызы-шу, қым-қуыт болатын көрінеді.   Қоңыраудың 108 соққысы Жапонияға Жаңа жылдың келгенін хабарлайды. Жаңа жыл келген күні таңертеңгілік жапондар күннің шыққанын қарсы алу үшін таза ауаға шығады. Таң шапағымен олар бір-бірін құттықтап, бір-бірімен сыйлықтар  алмасады екен.

Испаниядағы  Жаңа жылдың белгісі – Санта Клаус. Ал ресми танылған Аяз Атаның есімі – Папа Ноэль.  Бостандық аралында  нақты Аяз Ата  жоқ, есесіне жаңа жылда балаларға сыйлық тарататын үш бірдей Ғаспар, Мельхиор, Бальтасар есімді корольдері бар.

Вьетнамда Жаңа жыл ай күнтізбесі бойынша 21 қаңтар мен 19 ақпан аралығында атап өтіледі. Мерекелік дастарқанға гүл шоқтары қойылады. Бұл түні барлық ұрыс-керістер ұмыт болып, өкпелеген  жандар бір-бірінен кешірім  сұрайды. Бұл  күн – жылдан-жылға өзгеріп оты­рады. Сонымен қатар олардың сенімінде  табал­дырықтан бірінші кірген адам сол үйге сәттілік әкеледі делінеді.

Болгарияда қонақтар, туған-туыстар Жаңа жылда мерекелік дастарқанға жиналады және бүкіл үйлерде үш минутқа жарық өшіріледі. Қонақтар қараңғыда қалатын сәтті жаңажылдық сүйісу минуттары деп аталады, оның құпиясы қараңғылық  еншісінде  ғана қалады.

Еврейлік жаңа жыл «Рон Ашан» деп аталады. Еврейлер  ескі жылдың соңғы айында ғибадат  етіп, дұғалар оқиды. Ал жаңажылдық дастарқанда алма мен бал міндетті  тағам түрінде қойылады. Бұл елде алманы балға батырып жеу дәстүрі бар. Інжіл аңызы бойынша, Иса пайғамбардың дүниеге келгенінен хабар берген Вифлеем жұлдызын көрген бойда жұлдыздың соңына еріп, Иерусалим қаласына  жол тартатын көрінеді.

Бирмада Жаңа жыл сәуірдің 12-сі мен 17-cі аралы­ғында басталады. Оның нақты басталар күнін Мәдениет министрлігі бұйрықпен хабарлайды, сөйтіп, мейрам үш күнге жалғасады.

 

Қытайда Жаңа жыл ай жаңарғанда келеді-мыс

Қытайда Жаңа жыл 17 қаңтар мен 19 ақпан аралы­ғында, аспандағы ай жаңарғанда келеді-мыс. Әлемдік стандарт қаншалықты өміршең десек те, көне өркениеттер орталығы болған бұл ел, осылайша, бағзыдан қалған дәстүрінен  айнымай келеді. Қытайда Жаңа жыл 17 қаңтар мен 19 ақпан аралығында, аспандағы ай жаңарғанда енеді.  Мыңдаған шырағдан жағылып, Жаңа жылдың жолын ашу рәсімі жасалады. Қытайлықтардың пайымынша, Жаңа жыл залым рухтардың қоршауында болады. Сондықтан олар­ды қорқытып, қуалау үшін  түрлі  жарылыстар жаса­лады. Кейде олар есіктер мен терезелерді қағазбен бітеп, ішке зұлым рухтардың кірмеуін қадағалайтын  салт бар екен.

Иранда Жаңа жылды 22 наурыздың түн жарымында қарсы алады. Бұл күні  мылтықтардан оқ атылады. Бұл елде Жаңа жылдың алғашқы күнінде үйдегі ескі қыш ыдысты сындырып, оны жаңасымен алмастыру дәстүрі қалыптасқан. Наурыз мейрамының 2500 жылдық тарихы мен өзіндік қайталанбас дәстүрлер де бар. Мұсылмандар бұл күнді ай жұлдызнамасына қарай белгілейді. Ирандық­тар бұл күнді 21 наурыз күні тойлайды. Жаңа жылға бірнеше апта қалғанда адамдар ыдысқа әртүрлі дән егеді. Еккен дәннің өсіп-жетілуімен алғашқы көктем мен келер жылдағы өмір бейнеленеді-мыс.

Уақыт  безбенімен  Аяз  Ата мен Ақшақар «жазықты  болып, жазаға да тартылған»  кездер болған. 1930 жылы Аяз Ата мен Ақшақар саяси сенімсіздіктен «ақталды». Алғашқы мемлекеттік ресми жаңа жыл Кеңес өкіметінде 1935 жылдың 31 желтоқсанында аталып өткен. 1937 жылдың қаңтар айында шырша тойында Аяз Ата мен Ақшақар  табысып, содан бері жұбын жазбай келеді екен.