ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ, ҚАЙРАТКЕР

Темірбек Қожакеев тірі болғанда 90 жасқа толар еді

241bdc3ab9489d94235b4b3531fa24b2_resize_w_520_h_

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінде осы бір айтулы тұлғаның 90 жасқа толуына орай еске алу үрдісінде республикалық ғылыми конференция болып өтті.

Басқосуға қатысқан еліміздің көрнекті тұлғалары мен Темірбектей тау мінезді алып тұлғаның шекпенінен шық­қан кешегі шәкірттері, ал  бүгінде елімізге  танымал журна­листер Темірбек Қожакеевтің ұстаздық, ғалымдық, қайрат­керлік және шәкірт тәрбиелеудегі айрықша қасиеттері жайында  әңгімелеп,   сегіз қырлы, бір сырлы Темкең жөнін­дегі ойларын ортаға салды. Конференцияны ашқан универ­ситеттің ректоры Ғ.Мұтанов мырза өзінің алғысөзінде  университет қабырғасында  жарты ғасырға жуық ұстаздық қызмет атқарып, он мыңнан астам шәкірт дайындаған  ұлағатты ұстаздың журналистика саласын ғана емес, әдебиет әлеміндегі кенжелеу дамыған сатираның   теориясы мен ғылыми негізін қалаған, осы бағытта қыруар оқу­лықтар мен зерттеулер қалдырған Т.Қожакеевтің ғалымдық, зерттеушілік  жұмыстарына  жан-жақты тоқтала келіп,  журналистердің ұлы ұстазы атында арнайы аудитория ашылғанын, «Өнегелі өмір» сериясымен  профессор жөнін­дегі естеліктер мен мақалалар жинағының жарық қөргенін жеткізді. Бұдан соң сөз алған  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Оразалин,  белгілі қоғам қайраткері, жоғары білім  саласының дамуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлғаларымыздың бірі Мыңжасар Нәрібаев, «Қазақ газеттері» бірлестігінің төрағасы, танымал журналист-жазушы Жұмабек Кенжалин,  қазақ сатира­сының сардарлары – Ғаббас Қабышев, Мыңбай Рәш, Көпен Әмірбек, шәкірттері, кезінде Темкеңнің орнын басып, журналистика факультетінің деканы болған фило­логия ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып, Л.Гу­милев атындағы Еуразия университетінің ғалым-ұстазы Аязби Ақбергенұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдіманұлы, журналистика факуль­тетінің деканы Сағатбек Медеубек сөз алып,  Қожакеевтің әлемі туралы әдемі естеліктерін айтып, ол кісінің қайрат­керлік, өз қызметіне адалдығы мен әділдігі,  журналистика саласы бойынша ұлттық кадрлар даярлау ісіндегі қайсар­лығы мен адалдығы жайында әңгімеледі.  Желтоқсанның ызғары Темкеңнің жан дүниесін мұздатып қана қоймай,  елу жыл өмірін берген оқу орнынан кетуіне, қоғам өміріндегі бар игілікті партияның арқасы деп бағалап, шәкірттерін  отансүйгіштік, елсүйгіштік қасиетке тәрбие­леп, партияның әрбір қадамын үлгі етіп, ар-ұятына балаған  қызыл билетінен айырып, өзі тәрбиелеп, ел қатарына қосқан әріптестері теріс айналған қиын-қыстау сәттері жөнінде де жүрек толқытар естелік, Қожакеев төңірегіндегі бұрын-соңды айтылмаған шындықтардан сыр шертілді. Әсіресе, Мыңжасар Нәрібаев ағамыздың көпшілік біле бермейтін Қожа­кеевтің қайсар мінезі, әділдігі, ол кісінің өз ұлтына, кәсібіне, қызмет атқарып жүрген шаңырағына деген адалдығы туралы айтқан естелігі конференцияға қатысушыларды толқыт­қаны анық. Бірақ,  аттан түссең болды анталап шыға келетін  адамдар­дың пенде пиғылы  Қожакеевті жасыта алған жоқ. Керісінше, намысын қай­рап, қаламын қару етіп, өмірінің соңғы сәтіне дейін өзінің сүйікті кәсібіне адал қызмет ете білді.  Он алты томға жүк болған сол еңбектері қазіргі кезде жинақталып, баспа­дан шығарылуға дайындалып жатқан жәйі бар.  «Орнында бар оңалар» деген емес пе, Темкеңнің еңбектерін жинақтап, оның халыққа жетуіне  ұлы  Медет Темірбекұлының еңбегі ерен. Сөз алған ел ағалары Темкеңнің  көзіндей болып, әке­сіне ғана емес, еліне адал қызмет атқарып жүрген Медетке алғыс­тарын білдірді.  Конференция барысында Темкеңнің  қызметі, отбасылық, ұстаздық болмысынан мол мағлұмат­тар беретін бейнефильм көрсетіліп,  университеттің «Өнегелі өмір» сериясы арқылы және «Мирас» баспасынан шыққан «Темірбек Қожакеев:  Ұстаз. Ғалым. Қайраткер» атты  есте­лік кітаптардың  тұсауы кесіл­ді. Оқырманына жол тартқан бұл шығармалардың тұсауын белгілі сатириктер  Ғаббас Қабышев, Мыңбай Рәш,  Үмбетбай Уайдин кесті.  Кон­ференция соңында Медет Темірбекұлы сөз алып, әкесіне деген құрметтері үшін конференцияға қатысушы­ларға перзенттік алғысын жеткізді. Мерке ауданындағы мектепке есімі беріліп, ескерткіші орнатылғанын жеткізді. Конференция соңында ұлы  да ұлағатты ұстаздың рухына бағышталып, ас берілді.