УНИВЕРСИАДАҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Универсиадаға дайындық пен оны өткізу мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді

%d0%bf%d1%80%d0%b5%d0%bc%d1%8c%d0%b5%d1%80-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f 

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, 28-Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Иман­ғали Тасмағамбетов Алматы қаласындағы ауқымды спорттық шараны өткізудегі нысандардың соңғы дайындығын тексеріп, көшпелі кеңес өткізді.

Универсиадаға дайындық жұмыстары аяқталуға таяды. Бұл өз кезегінде барлық қызметтер тарапынан мұқият тексеруді қажет етеді. Көлік қызметі мен жол қауіп­сіздігін сақтау – осы бағыттағы жұмыстың жауапты бөлігі саналады.

– Көлік логистикасын ұйымдастыруға келсек, онда біздің ЕҚЫҰ Саммитіне және 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарына дайындықты жүргізудегі тәжірибеміз бар. Мұны деле­гаттарға, спорттық командаларға қызмет көрсетуде қолдануға болады. Бұған қара­мастан, алау эстафетасын өткізу кезінде көлік қозғалысының артуына байланысты басқа да сұрақтар туындайды. Бұл орайда еліміздегі қалалардың, оның ішінде Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары үшін қолайсыздықтар тудырмау мақсатында көлік қозғалысын реттеуге қосымша шаралар қабылдау қажет, –  деді вице-премьер көшпелі кеңесте.

Спорт ғимараттарының дайындығына қатысты Иманғали Тасмағамбетов негізгі нысандардағы жұмыс­тардың аяқталғанын ескере отырып, оларды белгіленген талаптар мен стандарттарға және пайдалануға беру қауіпсіздігіне сәйкес толық жабдықтау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, вице-премьер дайындық жұмыстарының жақсы жүргізіліп отырғанын айта келе, Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбекке құзырлы қалалық ведомстволар мен қызметтермен бірлесіп, қалың көпші­ліктің қатысуымен өтетін нысандарды пайдалану ережесі мен қауіпсіздік талаптарын міндетті орындау бойынша жұмыс комиссияларын өткізуді тапсырды.

Сондай-ақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қысқы Универсиаданың ұйым­дастыру комитеті өкілде­рінің қатысуымен жарыстар өткізілетін әрбір нысанның функ­ционалдық талаптарының орындалу мәселелерін пысықтау міндетін қойды. Жаңа спорт ғимараттарына іргелес аумақты көгалдандыру және абаттандыру жобасына сәйкес абат­тан­дыру, жарықтан­дыру, безендіру жұмыстарын орындау және көлік тұрақтарын жабдықтау тапсырылды.

– Біздің спортшыларымыздың даярлығы мен шараның салтанатты ашылу рәсімінің маңыздылығына ерекше тоқталғым келеді. Осынау ірі әлемдік сайыс үлкен маңызға ие және ол спортпен шұғылдану және салауат­ты өмір салтын тиімді насихаттауды қамтамасыз етуі тиіс, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қазірдің өзінде Универсиаданы өткізу мегаполистің дамуы мен қалалық сервистің деңгейін көтеруге ерекше ықпал еткенін атап өтті. Универсиадаға дайындық барысында құрылысты жүргізу мен Алматы қаласының инфрақұры­лымын дамытуға республикалық бюджеттен 109 млрд. теңге бөлінді.

– Универсиада нысандарын салу барысында ШОБ-тің 1550 субъектілері жұмыспен қамтылып, құрылыс және басқа салаларда 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. 9,2 млрд. теңгеден астам салық төленді. Универсиаданың операция­лық дайындығына 5 мың қызметкері бар 200-ден астам компания тартылды, олардың 80 пайызы – алматы­лықтар. Бюджеттен бөлінген 12,3 млрд. теңгенің 1,5 мил­лиарды қосымша құн салығы және басқа да төлемдер бойын­ша қазынаға түсетін болады, – деді Алматы қаласының әкімі.

28-Дүниежүзілік қысқы Универсиада­ның басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Ойындарды өткізуге дайын­дықтың ұйым­дастыру кезеңі аяқталуға жақын. Осыған орай, Иманғали Тасмағам­бетов дайын­дықты тағы бір пысықтап, спорттық ны­сандар мен ғимараттардың, қонақ үйлер­дің, мейрамханалардың, көлік және коммуникация жүйесінің, шетелдік делегаттар мен командаларға, туристер мен қала қонақтарына қызмет көрсететін басқа да қала нысандарының уақтылы дайын болуын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін атап айтты.

Сонымен қатар, Иманғали Тасмағам­бетов «Сұңқар» Халықаралық шаңғы трам­плиндер кешенінде спортшы­лар мен қонақтарды қарсы алу дайындығын тексе­ріп, Универсиада барысында қолданыла­тын техника, волонтерлық топ, ақпараттық орталық және Универсиада атрибуттары­мен танысты.

 

«Ақшам-ақпарат».