ТАҢҚАЛУДЫҢ ЖӨНІ ЖОҚ

%d0%b1%d0%b5%d1%80%d0%b4%d1%8b%d0%bc%d1%83%d1%85%d0%b0%d0%bc%d0%b5%d0%b4%d0%be%d0%b2

Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхамедов ел президенттігіне бірінші үміткер болып тіркелді. Оның канди­датурасын елдегі билеуші-демократиялық партия ұсынды. Оның қарсыласы – «Рысгал» коммерциялық банкінің төрағасы Бекмырат Аталыев. Оны кәсіпкерлер мен өндірісшілер партиясы ұсынған. Сондай-ақ, Аграрлық партия да өз үміткерін үкілеп отыр.

Сайлауалды компания қаржылық-экономикалық дағдарыстың қатаң кезеңіне тап келіп отыр. Соған қарамастан 22 ақпанда өтетін дауыс беру нәтижесіне бұл жағдайдың ешқандай әсері болмайды деп болжануда.

Г.Бердымұхамедов билікке бірінші президент С.Ниязов өмірден озған соң 2006 жылы келді. Осынау 10 жыл ішінде ол елдегі саяси реформа жасау, конституцияға өзгеріс енгізумен айналысып, ендігі жерде өзін мәңгілік басқару тетігімен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, елдегі ең жоғары билік иесінің тақтағы мерзімін 5 жылдан 7 жылға, сондай-ақ, үміткерлердің жас мерзімін де ескеру жағы ойластырылған. Сарапшы­лардың айтуынша, бұл әрекет оған мұра­герлікке баласын не немересін қалдыруға толық мүмкіндік бермекші.

Президенттің ұлы Сердар Бердымұ­хамедов 20 қарашада күтпеген жерден парламент депутаты болып тағайындалды. Бұған дейін ол саясатпен айналысып, лауазымды қызметті иеленген жоқ. Тағы да сарапшылардың айтуына сенсек, бұл кісі ерте бастан мұрагерлікке кіріскен сыңайлы. Алайда, оның орнын басатын 13 жастағы немересі Керимғұлы болады деген пікір қоғамда сенімді естіледі. Себебі, бұл балақай атасымен бірге Ашхабадтағы түрлі іс-шараларға жиі қатысатын көрінеді. Өткен жылы ұлттық ат жарысы аламанында бас бәйгені иеленіпті. Халықаралық қатынастар институтының аналитикалық орталығының  директоры Андрей Казан­цевтің айтқанындай, бұған таңқалудың жөні жоқ.

Сайлауға дайындық барысын ОБСЕ-нің бақылаушылары қадағаламақшы. Қазір­ден бастап Ашхабадқа түрлі халық­аралық ұйымдардың өкілдері келіп жатыр.